03.03.2025
Қазақстандық теннисшілер әлемдік рейтингте құлдырады

Фото: olympic.kz
Кәсіпқой теннисшілер ассоциациясы (ATP) жаңартылған рейтинг нұсқасын жариялады.
Рейтингте бірінші орында итальяндық Янник Синнер тұрса, одан кейін германиялық Александр Зверев пен испаниялық Карлос Алькарас келеді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы бірден 31 орынға төмен сырғып, 81-орынға тұрақтады. Бұл - теннисшінің Дубай (БАӘ) қаласындағы ATP-500 санатындағы турнирдегі сәтсіз ойынынан кейін болған нәтиже. Ол бірінші айналымда жеңіліп қалды. Өткен жылғы финалға дейін шыққан ұпайын жинай алған жоқ.
Еліміздің тағы бір өкілі Александр Шевченко үш орынға төмен түсті. Ол қазір 98-орынды місе тұтып тұр. Сондай-ақ Михаил Кукушкин 27 орынға төмендеп, 166-орынға жайғасса, Тимофей Скатков бір сатыға төмендеп, 182-орынды місе тұтты.
