Америкада асырап алынған қазақстандық балалардың бірлестігі құрылды

Менің жолым болды, бір ай ғана іздедім. Ал көп асыранды бала жылдар бойы арманына жете алмай жүр

Америкада асырап алынған қазақстандық балалардың бірлестігі құрылды
Арманның жеке мұрағатынан

АҚШ-та америкалықтар асырап алған қазақстандық балалардың бірлестігі құрылды, деп хабарлайды turkystan.kz Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

Арман Әкішев есімді қазақ жігіті қолға алған ұйым қазірдің өзінде бірнеше отбасының қайта қауышуына себепкер болса керек.

Арман – Паволардың тумасы. Оны 20 жыл бұрын америкалық отбасы асырап алған. Десе де шыққан тегін білуге деген ұмтылысы арқасында 3 жыл бұрын туған ата-анасын тауып алған. Тіпті Қазақстанға барып, туыстарын көріп қайтқан.

Арман Әкішев, Асыранды балалар бірлестігінің жетекшісі:

– Менің жолым болды, бір ай ғана іздедім. Ал көп асыранды бала жылдар бойы арманына жете алмай жүр. Америкалықтар жеті мыңдай бала асырап алғанын білеміз. Солардың көбі шыққан тегін білгісі келеді. Сол себепті де осы бірлестікті құрдық. Қазақ еліне қалай ұшып баруға болады? Туған әке шешесін, ағайын туыстарын қалай іздеу керек? Осы мәселерде қол ұшын созамыз әрі Қазақстан мәдениетімен етене танысуына көмектесеміз, – дейді ол.

Бірлестік Қазақстан елшілігімен қарым қатынас орнатып, әлеуметтік желі арқылы белсенді жұмыс істей бастады. Нәтижесі де жаман емес. Бір жылдың ішінде алты қазақ баласы туыстарымен қауышқан. Әзірге онлайн кездесу өткізетін ұйым мүшелері болашақта қатары молайса туған жермен байланысын кеңейту үшін тұрақты құрылтай өткізіп тұрмақ. Ал 5 жасында еріксіз мұхит асса да Арманның туған жерге деген махаббаты ерек. Тіпті, көлігінің сыртына да, ішіне де ел байрағын қойып алған. Биыл жазда Қазақстанға арнайы барып, ана тілін үйренбек ниетте.