Салық жүйесіне ашықтық керек

Қаржыгер, Ұлттық құрылтай мүшесі Расул Рысмамбетов енді әзірленетін Салық кодексінде мәселе жан-жақты ескерілуі керек деп есептейді. Экономист Сер­гей Доминин бұл бағытта жұмыс басталып кеткенін ай­тады. Ал бизнес-аналитик Мұрат Қастаевтың пікірінше, кә­сіп­керлерді кінәлаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар сарап­шы кәсіпкерлер қандай жағдайда салықтан қаш­пай­ты­нын, тіпті көбірек төлеуден де бас тартпайтынын, ол үшін қандай қадамдар жасалуы керек екені туралы ой бөлісті.

Салық жүйесіне ашықтық керек
cурет: istockphoto.com
391

Салық жүйесіндегі жеңілдіктерді саңылауға айналдырғандар әділ бәсекеге кедергі болып, адал кәсіпкерлердің жолын бөгеп отыр. Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында салықтан жалтару үшін бизнесті бөлшектеу үрдісі белең алғанын айтқан мемлекет басшысы әу баста бұл мәселеге үкімет те, депутаттар да жіті мән бермегеніне тоқталды.

Осыған байланысты Президент Үкімет пен Парламентке шұғыл түрде заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырды.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, жауаптылар мәселенің шешімін іздеуге талпынысты бастап кеткен сияқты, өткен айдың аяғында Үкімет басшысы жиын өткізіп, салықты әділ төлемей отырған алпауыттарға ультиматум қойған болатын. Олар нақты не ұсынып отыр?

Ал сарапшылар бұл үшін бизнесті жауапқа тарту мүмкін емес екенін айтады, дегенмен салық реформасы бұл олқылықтың орнын толтырады деген сенім білдіріп отыр, сонымен қатар өз алып-қосарлары да бар...

Тағы да әдемі сандарға әуестеніп кеттік

Еліміздегі салық жеңілдіктері кәсіпкерлер арасында теңсіздік туындатып отыр. Ұлттық құрылтайдың қорытынды жиынында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге арнайы тоқталып, елдегі салықтық ахуалдың офшорлық аймақтарға ұқсап бара жатқанын айтты. Оның пікірінше, бизнесті қолдау мақсатында енгізілген түрлі салық режимдері, жеңілдіктер мен преференциялар жүйенің ашықтығына нұқсан келтіріп отыр. 

– Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдік пен преференция бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды», – деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, кәсіпкерлердің екі тобы қалыптасты. Оның бірі – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, табысын азайтып көрсететіндер, ал екіншісі – барлық салықты адал төлейтіндер. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жағдай әділ бәсекелестікке кедергі келтіріп, адал кәсіпкерлердің қиындыққа тап болуына себеп болып отыр. 

Салық төлеуден жалтарудың кең тараған тәсілінің бірі – бизнесті бөлшектеу. Президент заңнамадағы кемшіліктер осыған жол ашып, мүмкіндік беріп отырғанын мойындау керек екенін айтты. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жеткілікті деңгейде мән бермеген. Оның үстіне, статистикалық көрсеткіштерге баса мән беріп, жағдайдың шынайы сипаты ескерілмей келген. 

– Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде 2 миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ құр кінәлаудан іс оңға баспайды, – деді Мемлекет басшысы. 

Осыған байланысты Президент Үкімет пен Парламентке шұғыл түрде заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырды. 

– Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бектеновтің ультиматумы немесе Үкімет қандай шара қабылдап жатыр?

28 ақпанда Премьер-Министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика вице-премьер-министрі Серік Жұманғаринмен және Қаржы министрі Мәди Тәкиевпен кеңес өткізген болатын. Онда салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды. 

Сол жиында Қаржы министрі Мәди Тәкиев әу баста шағын бизнесті қолдау мақсатында енгізген салық жеңілдіктерін бүгінде кейбір компаниялар салықтан жалтарудың заңды әдісі ретінде қолданып отырғаны анықталғанын жеткізді. Соның ішінде, бизнесті бірнеше шағын бизнеске бөлшектеу тәжірибесі де кең таралғанын айтты. Мысалы, бір мейрамханада бар, асхана және караоке үш бөлек кәсіпорын ретінде тіркеледі немесе қонақүйдің әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкердің меншігінде болады. Осылайша, олардың бірінің табысы 78 миллион теңгеге жеткенде, қызметін тоқтатып, орнына басқа заңды тұлға келеді. Бұл оларға қосылған құн салығын төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ жалақы қорына түсетін салық жүктемесін азайту мақсатында кейбір компаниялар қызметкерлерін штаттан шығарып, оларды жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге мәжбүрлейтін де белгілі болған. 

– Осының нәтижесінде жұмыс беруші еңбекақы қорынан салық төлеуден жалтарады, әлеуметтік жауапкершілікті өз мойнынан алып тастайды, ал бұл міндеттер кәсіпкерлердің өздеріне жүктеледі, – деді Қаржы министрі. 

Осыған байланысты, Қаржы министрлігі бизнесті бөлшектеу және салықтан жалтаруға қарсы бір­не­ше шара­ны қолға алуды ұсынып отыр. Нақтырақ тоқ­та­латын бол­сақ, алдымен, бизнесті бөлшектеудің нақ­ты заң­на­ма­лық критерийін енгізу, екінші – салық дауларын қарау ке­зінде «мәннен гөрі форма басым» қағидасын ен­гізу. Үшін­ші – мұндай әрекеттерді анықтау және дәлелдеу те­­тік­терін күшейту. Одан бөлек, жеке кәсіпкерлердің қыз­мет түр­леріне белгілі бір шектеулер енгізу. 

Премьер-Министр Олжас Бектенов бұл мәселе бойын­ша нақты ұстанымын айтып, салық міндеттемелерінен жал­тарып жүрген ірі кәсіпкерлерге қатаң ескерту жасады. Тіпті, бір-екеуінің атын атап, түсін түстеп айтты.

– Қаржы министрінің баяндамасынан адал емес кәсіп­кер­лердің түрлі салықтық оңтайландыру схемаларын пай­­даланып, өздеріне тиімді жағдай жасап отырғаны анық көрінеді. Олардың айналымы миллиардтаған тең­гені құраса да, бюджетке төлейтін салықтары табыстарына мүл­де сай келмейді. Бізде мұндай ірі компаниялардың то­лық тізімі бар. Олардың қатарында BI Group, BAZIS сын­ды ірі құрылыс компаниялары, сондай-ақ танымал мей­рамханалар, фитнес-клубтар және экономиканың бас­қа да секторларында жұмыс істейтін түрлі кәсіпо­рын­дар бар, – деді Премьер-Министр. 

Осылай деген Олжас Бектенов осындай ірі бизнес өкіл­­деріне тікелей үндеу жасады. 

– Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, түрлі салық схе­маларын қолданып жүрген ірі компаниялардың иелері мен басшыларына үндеу жасаймын. Алдағы күндері сіз­дердің компанияларыңызға салық органдарынан қо­сым­ша салық сомаларын төлеу туралы хабарламалар келеді.  Барлығыңызға 2 аптаның ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсырып, әділ салық­та­рыңызды төлеуге кеңес беремін. Егер бұл талап орын­дал­маса, мемлекет өз құзыретіндегі барлық тетіктерді, со­ның ішінде фискалдық және құқық қорғау құралдарын қол­дануға мәжбүр болады.  Біз бизнеске қатысты диалогқа ашық­пыз, бірақ ол тек әділеттілік қағидаттарына не­гізделуі тиіс», – деп атап өтті Премьер-Министр. 

Екі апта өтті. Ескерту жасалған кәсіпкерлер кері бай­ла­ныс берген-бермегені туралы ақпарат әлі жоқ. Дегенмен сарапшылар бұл жалпы заң бұзу емес бол­ған­дықтан, кәсіпкерлерді жазалап, жауапқа тарту мүмкін емес екенін айтады. Қаржыгер, Ұлттық құрылтай мүшесі Расул Рысмамбетов енді әзірленетін Салық кодексінде мәселе жан-жақты ескерілуі керек деп есептейді. Экономист Сер­гей Доминин бұл бағытта жұмыс басталып кеткенін ай­тады. Ал бизнес-аналитик Мұрат Қастаевтың пікірінше, кә­сіп­керлерді кінәлаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар сарап­шы кәсіпкерлер қандай жағдайда салықтан қаш­пай­ты­нын, тіпті көбірек төлеуден де бас тартпайтынын, ол үшін қандай қадамдар жасалуы керек екені туралы ой бөлісті.

Расул Рысмамбетов,

Ұлттық құрылтай мүшесі,

қаржыгер:

Бұл үшін компанияларды жауапқа тарту мүмкін емес

– Құрылтайдың алғашқы күніндегі секциялық оты­рыс­тарда бизнес бөлшектеу мәселесі көтерілді. Прези­дент пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде де осы мәселеге тоқталып өтті.

Әзірше, бизнесті бөлшектеу – салық жүктемесін азай­тудың бір жолы, яғни ол қолданыстағы құқықтық ол­қы­лықтың, заңнаманың солқылдақ тұсының бірі саналады. Осыған байланысты компанияларды бұл үшін жазалау мүмкін емес. Алайда жаңа Салық кодексінде шамадан тыс бөлшектеудің алдын алуға бағытталған шаралар қарастырылуы мүмкін.

Бір бизнес өз ішінде бірнеше бөліктерге бөлінуі мүмкін, сонымен қатар мұндай схемалар кейде тек салықтан жалтару үшін ғана емес, сонымен қатар жалған кәсіпкерлік пен қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында да қолданылады. Бұл – өте маңызды мәселе.

Мұның алдын алу үшін, әрине, алдымен Салық кодексін жетілдіру қажет. Екіншіден, кәсіпкерлер арасында салық мәдениетін қалыптастыру маңызды. Үшіншіден, бұл мәселеде бизнес жүргізу мәдениетінің дамуы да негізгі рөл атқарады.

Сергей Доминин,

экономист:

Мемлекет салық реформаларын бастап кетті

– Бизнестің бөлшек-тенуі – бұл мемлекет өзі ұсын­ған мүмкіндіктердің сал­дары. Қазіргі қолда­ныс­тағы арнайы салық ре­жим­дері кәсіпкерлерге табыс са­лығын толық төлемеуге жә­не қосылған құн салығынан жалтаруға мүмкіндік бере­ді. Мұндай тетіктер бизнестің шығындарды азайтып, са­лық жеңілдіктерін барынша пайдалану үшін өз қызметін бір­неше шағын кәсіпорынға бөлшектеуге жол ашады. 

Алайда мемлекет бұл жағдайдың экономика мен бюд­жетке кері әсерін ескере отырып, салық реформаларын жа­сауды бастап кетті. Мұндағы басты мақсат – бизнестің осын­дай салық жеңілдіктерін теріс пайдалануына тос­қауыл қою. Бұл үшін арнайы салық режимдерін қолдануға бо­латын қызмет түрлерінің тізімі қысқартылып, олардың жал­пы саны азайтылмақ. Сонымен қатар ҚҚС бойынша міндетті тіркеу үшін белгіленген айналым шегі төмендетіліп, салық салудың әділетті жүйесін қалыптастыруға бағытталған қадамдар жасалмақ. 

Осы өзгерістердің барлығы биылғы салық-бюджет реформасының аясында жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, салық жүйесінің тиімділігі артып, бизнестің салық жүктемесі әділ бөлінеді деген үміт бар. Сондай-ақ бұл  бастамалар экономикадағы ашықтықты арттыруға, көлеңкелі айналымдарды азайтуға және мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға ықпал етуі керек.

Мұрат Қастаев,

бизнес-аналитик,

DAMU Capital Management бас директоры:

Кәсіпкерлер бизнесті бөлшектеуден қуана-қуана бас тартар еді, егер...

– Бизнесті бөлшектеу құ­былысы дәл қазіргі жағдай­да орынды, және бұл үшін кә­сіпкерлерді кінәлауға бол­май­ды. Кез келген бизнестің негізгі мақсаты – пайда табу, ал бизнесті бөлшектеу салық жүктемесін азайтуға мүм­кін­дік береді. Дегенмен бұл заңды әдіс, яғни мұндай әре­кеттер заңға қайшы келмейтінін айтып өткім келеді. Ал салық заңнамасының жетілмегені, ол осындай олқы­лық­тарды пайдалануға мүмкіндік беретіні – басқа әңгіме.

Біздің компанияның негізгі клиенттері – микро және шағын бизнес өкілдері, аздап орта бизнес те бар, үлесі аса көп емес. Сондықтан кәсіпкерлердің не үшін бизнесті бөлшектеуге мәжбүр болатынын жақсы білеміз. Барлығы салық жүйесіне келіп тіреледі: қазір кәсіпкерлерге бизнесті бірнеше жеке кәсіпкерлік ретінде рәсімдеген әлдеқайда тиімдірек, себебі бұл салық жүктемесін азайтады. Дегенмен бұл жағдайда әкімшілік шығындар артады, бірнеше ЖК-ны басқаруға көбірек уақыт пен ұйымдастырушылық ресурс жұмсалады. 

Кәсіпкерлер бизнесті бөлшектеуден қуана-қуана бас тартар еді, егер: 

а) олар үшін тиімдірек балама ұсынылса; 

б) бұл процесс ыңғайлырақ және жеңілірек болса. 

Біздің елімізде бизнес көлемі неғұрлым кіші болса, соғұр­лым оған салынатын салық мөлшері төмен болады. Ал бизнестің ауқымы өскен сайын, салық жүктемесі ар­тады. Бұл шағын бизнестің орта бизнеске, ал орта биз­нес­тің ірі бизнеске айналуына кедергі келтіреді. Сон­дықтан салық төлеуге ынталандыру жүйесін қайта қарау қажет: бизнес неғұрлым ірі болса, ол соғұрлым көп жұмыс орнын ашады, көбірек салық төлейді – сәйкесінше, оның салық жүк­темесі төмен болуға тиіс. Мемлекет кәсіпкерлерді биз­несті бөлшектеуге емес, керісінше, оны кеңейтуге және ны­ғайтуға ынталандыруы керек. Осылайша, бизнестің ірі­ленуі тиімді бола бастаса, бөлшектеу артықшылықтары жойылғанда, кәсіпкерлер өздігінен бұл әдістен бас тартады.

Екінші маңызды мәселе – бизнестің ыңғайлылығы. Кәсіпкерлер үшін мемлекетке аз мөлшерде салық төлеп, содан кейін бизнесін еш кедергісіз жүргізу әлдеқайда оңай болуы керек. Сондықтан салық мөлшерлемелері төмен­детіліп, салықтардың түрлері мейлінше азайтылғаны жөн. Со­нымен қатар оларды есептеу және төлеу процесі барын­ша қарапайым болуы қажет. Мысалы, кәсіпкер онлайн түр­де шағын форма толтырып, жүйе автоматты түрде са­лық сомасын есептейді, оны бір рет басып төлейді – әрі қарай бизнесін еш алаңсыз жүргізе береді. 

Соңғы тоқталып өтетін мәселе – бизнестің мем­лекет­пен арадағы қоғамдық келісімін де ескерген жөн. Бұрын бұл келісім «бизнес саясатқа араласпайды, ал мемлекет бизнеске артық салық жүктемесін салмайды» деген қағидаға негізделген еді. Қазір бизнеске түсетін салық жүктемесі артып келеді, сондықтан кәсіпкерлер де заңды сұрақ қояды: салықтардың көбеюіне айырбас ретінде не ала аламыз? Демек, бизнестің мемлекетке қоя­тын талаптары да артады, соның ішінде салық қара­жатының тиімді және ашық жұмсалуы, инфрақұрылымның жақсаруы, білім беру мен денсаулық сақтау сапасының артуы, қауіпсіздік пен тазалық деңгейінің өсуі секілді мә­се­лелер бойынша. Осы себепті мемлекет бизнестен кө­бі­рек талап етуден бөлек, оған қарай нақты қадамдар жа­сауы керек. Егер кәсіпкерлер өздері төлеген салықтары ел­дегі өмір сапасын жақсартуға жұмсалып жатқанын көр­се, олар салық төлеуге, көбірек төлеуге дайын болады.

P.S. Үкімет салық-бюджет бағытындағы жұмыстарды бастап кетті. Бірақ бизнестің бөлшектенуі тек заңның солқылдақ тұстарын ғана емес, бизнес-ортаның мәселелері мен қажеттіліктері де айқындайтынын ескеру қажет. Бұл ретте, салық-бюджет реформасы тек осындай олқылықтарды реттеуге ғана емес, бизнесті бейқам әрі оңай жүргізуге, салық төлеу жаза ретінде емес, болашақтағы мүмкіндіктерге үлес қосу ретінде қабылдануы үшін жағдай жасауға тиіс.

Серіктес жаңалықтары