Медиаменеджер

Медиаменеджер
352

Елге танымал азамат, әріптесім Ғалымжан Елшібайдың журналистік шеберлігіне баға берместен, бұл істі қалың оқырман­ның еншісіне қалдырғанды жөн көріп отырмын.

Бір­ақ мына нәрсені айтып өткім келеді:  Оң­түстік өңі­ріндегі аудандық, қалалық, облыстық газет­терде жұ­мыс істегенін  айтпағанның өзінде,  ұлт­тық журналис­тика­ның маңдайалды басылымдары – Egemen Qazaqstan, «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» секілді көпжылдық тарихы бар газеттерде ұзақ жыл бойы меншікті тілші болып қызмет атқару – екінің біріне бұйыра бермейтін мәртебе, жур­налистің шын мәнінде ерекше талант иесі еке­нінің айқын дәлелі болса ке­рек. Өзіндік қолтаңбасы бар мықты журналист болмаса, отан­дық журналис­тиканың бетке ұстар басылымдарында же­місті ең­бек ету мүмкін емес деп білемін.

Мені Ғалекең медиаменед­жер ретіндегі керемет ұйым­­дас­тыру­шылық қабілет­тері­мен ерекше тәнті етті. Түркістан об­лысы – мен жұмыс істеп келе жат­қан алтыншы өңірім. Бұған дейін Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маң­ғыстау, Атырау, Алматы об­лыс­тары мен Алматы қаласындағы ақ­­­­­парат құралдарында қызмет атқардым. Әлбетте, жүрген жерде жергілікті журналистік ортамен етене араласамыз. Бұл аймақтардың бар­лығында Қазақстан Журна­лис­тер одағының филиалдары болды. Бірақ осы ұйымның өз деңгейінде жұмыс істегенін тек Түркістанға кел­­генде ғана көрдім. Көрдім де таң­­­­ғалдым. Басқа облыстардың бар­лы­ғында дерлік Одақ филиал­дары­ның жұмысы тым нашар, формаль­ды түрде ғана атқарылатын. Әдетте, журналистер қауымы жылына бір рет, Одақтың мүшелігіне қабыл­дан­ған әріптестерге куәліктерді тап­сыр­ғанда ғана бас қосады. Билік өкіл­дері мен қарапайым халық бы­лай тұрсын, Қазақстан Журна­листер одағының филиалы бар-жо­ғын журналистердің өздері де дұ­рыстап білмейтін, басшысын таны­май­тын да еді.

Ал Түркістанда мүлдем басқаша. Еліміздің рухани астанасына жұмыс бабымен 2022 жылы ауыстым. Өзге аймақтардағы мүлгіген тыныш­тық­тың жанында Журналистер одағы Түр­кістан облыстық филиалы – на­ғыз құж-құж қайнаған қазан, ты­ным­сыз тіршіліктің ортасы іспетті. Қан­дай да жиын, басқосу, мерекелік іс-шаралар болсын, барлығында да Ғалымжан Елшібай бастаған Жур­налистер одағының аты аталады. БАҚ қызметкерлері күні мерекесіне орай дәстүрлі Спартакиада әрдайым жоғары деңгейде әрі тартысты өтіп жүр­ді. Одан бөлек түрлі айма­қара­лық, республикалық деңгейдегі форум­дар жиі ұйымдастырылады. Тіпті, қасиетті Ораза айында журна­лис­тердің басын қосып, ауызашар өт­кізудің өзі әріптестерге деген жа­нашырлықтың, кәсіби ортада ын­тымақ-береке орнатуға ұмты­лыс­тың белгісі емей немене?! Міне, осы бастамалардың барлығының ұйытқысы ретінде Ғалымжан Елші­бай жүреді. «Одақтың жұмысын осындай деңгейде жүргізуге болады екен-ау» деп қайран қалғаным рас.

Бұл – Ғалекеңнің еңбегі, қо­ғам­­дағы, әріптестер орта­сын­­дағы белсенділігінің нәтижесі. Өте бастамашыл азамат. Журна­лис­терге қатысты кез келген мәселеге араласады, қиындыққа тап болған әріп­тестерге қол ұшын созады, қан­дай мәселеде болсын қорғайды. Бұған өзім талай рет куә болдым. 

Ғалекеңнің бір ерекшелігі – жур­­налистикадағы аға буын өкіл­дері­­не құрмет көрсетуге, арамыздан кеткен марқұм журналистерді еске алуға айрықша назар аударады. Спорт­тық жарыс болсын, қасиетті Ора­зада берілген ауызашар болсын, форумдарда әріптестерді мара­пат­тау болсын – әрдайым бақилық бол­­ған әріптестердің есімдерін ұмыт қалдырмай, жаңғыртып оты­рады. Марқұм әріптестерге дұға ба­ғыштауды ұмытпайды.

Мені ерекше толқытқан бас­тама –  ХҚТУ журналис­ти­ка факультетінің студенттеріне Бей­сен Құранбектің атындағы сти­­пендияның берілуі. Бұл бір рет­тік шара емес, жыл сайын өтетін дәс­түрге айналған жоба. Әрине, ұлт­тық журналистика саласында жұл­дыз­дай жарқырап өткен, теле­ви­зия са­ла­сындағы өзіндік стилі­мен, қай­таланбас жолымен талай­лар­ды елік­тірген Бейсен Құранбек – бүкіл қа­зақтың мақтанышы. Дегенмен мар­құмды еске алуға арналған мұн­дай бастамаларды басқа аймақтарда көріп, естімеген едім. Бар болса Бей­секеңнің туған жері – Жетісу өңірінде бар шығар. Ал Түркістанда Бейсен Құранбектің есімі жылда аталып отырады. Осы игі бастамаға мұрындық болғаны үшін Ғалымжан Елшібайға айрықша алғысымды біл­діремін. Үздік студенттерге Бей­сен Құранбек атындағы стипендия беруге демеуші болуды бастапқыда Ғалекең өзі бастап берсе, одан кейін руханиятқа жанашыр жандарды жұ­мылдырып жүр. Ал алдыңғы жы­лы үш студентке берілетін стипен­дияға Turkistan медиахол­дингі демеуші болды. Тағы айта кетерлігі, бұған дейін Журналистер одағы Түр­кістан облыстық филиалының үздік БАҚ өкілдеріне тапсыратын марапаттарының арасында Бейсен Құранбек атындағы номинация да берілген екен. Курстас досына, әріп­теске адалдықтың үлгісін көрсеткен Ға­лымжан Елшібайдың бұл баста­ма­сы болашақ журналистерге үлкен серпін мен мол шабыт берері сөзсіз.

Журналистер одағы облыстық фи­лиалы төрағалығының тізгінін ұс­таған бес жылдың бедерінде түркі әле­мінің қарашаңырағы атанған қа­сиетті Түркістанда түрлі халық­ара­лық және республикалық, өңір­лік медиафорумдар мен семинарлар, кез­десулер өткізілуіне мұрындық болған Ғалымжан Қамытбекұлы өңір журналистикасының сапасын арттыруға, заманауи стандарттарға сай болуына орасан еңбек сіңірді. Бел­сенділігі жоғары, өте баста­ма­шыл азамат болуы өз алдына, Ғале­кең журналистикаға шынайы жана­шыр­лықпен қарайды. Сондай жа­на­шырлық барлық өңірлерде болса, әріп­тестеріміздің ынтымақ-бірлігі әлдеқайда мықтырақ болар еді деген ойдамын.

Бір мысал. «Масс медиа» туралы заң жобасы талқыланып жатқан кез­де негізгі ұсыныстарды жүйелі түр­де Алматы мен Астананың жур­на­листері жолдап жатты. Әрине, өңір­лердегі әріптестеріміздің де ара­сында талқылаулар болды. Деген­­мен ауызша ой-пікір айту бір бөлек те, салалық министрлікке жазбаша ұсыныс жолдау мүлдем басқа шаруа. Осы ретте Ғалекеңнің бастамасымен «Алатау медиа» орталығында келелі басқосу болып, журналистерге тіке­лей қатысы бар заң жобасы жан-жақ­ты талқылаудан өтті. Жиынға өңірі­міздің әр аудан, қалаларынан келген әріптестер ғана емес, онлайн форматта Парламент Сенатының де­путаттары, Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің жауапты ма­мандары да қатысты. Бұл да Ға­лым­жан Қамытбекұлының абырой-беделінің көрінісі болар. Басқосуда айтылған ой-пікірлер хаттамаға ен­гі­зіліп, жүйеленген ұсыныстар Қа­зақстан Журналистер одағы Түр­кі­стан облыстық филиалының аты­­нан министрлікке жолданған бо­ла­тын. Осының өзі Ғалекеңнің ел­дік маңызға ие мәселелерге тия­нақ­тылығын, талапшылын көрсе­теді.

Сондықтан да Ғалымжан Елші­бай­дай азаматтың сегізінші шақы­рылымдағы облыстық мәслихатқа депутат болып сайлануын қос қол­дап қолдадық. Жетінші шақыры­лым­­да да халық қалаулысы атанды. Де­путаттың да депутаты бар. Өкі­ніш­ке қарай мандатты қарақан ба­сының күйін күйттеу үшін пайда­ланатындар да кездеседі. Енді бір нар­қасқа жігіттер бар, олар үшін де­путаттық қызмет – елге қызмет ету­дің мүмкіндігі.

Ғалекеңді біліп, танығалы да біраз болды ғой. Тек журна­лис­­тикамен жүргенінде жарғақ құ­лағы жастыққа тимей жұмыс іс­те­ген азаматтың елдік мәселелерге кел­генде белсенділігі артпаса, кемі­мей­тіні анық. Расында да, Ғалекең­нің таңертең Төлебиде, түсте Түр­кі­станда, кешке Келесте депутат ре­тін­де жұрттың ортасында күйіп-пісіп мәселе шешіп жүргенін талай көр­дік. Біздің телеарнаға деген жа­на­шырлығын да танытты. Депутат ретінде келіп, холдингтегі қиын­дық­­тарды шешуге қол ұшын созды. Қай­бір жылы телеарна қаржы тап­шылығына тап болып, қызметкер­лер айлығын ала алмай жүргенде де белсене араласып, мәселенің шұғыл түрде шешілуіне ықпал еткен бола­тын.

Ғалекеңдей азамат үшін депутат болу мәртебе емес, халыққа қызмет ету­дің мүмкіндігі, құралы. Мәсли­хат­тың әр сессиясында, тұрақты комиссиялардың отырыстарында де­путат Ғалымжан Елшібайдың өт­кір сұрақтарды жолдайтынын, күр­делі мәселелер бойынша қозғау са­лып, жауапты шенеуніктерден тия­нақты да нақты жауаптарды та­лап ететінін көріп отырамыз. Ел мүд­десі үшін бастаған ісін соңына дейін жеткізетін табандылығына сүйс­інеміз. Журналистік ортадан шық­қан осындай белсенді де жа­нашыр депутаты бар сайлаушылар ешқашан ұтылмайтыны сөзсіз.

Жанахмет АҒЫБАЕВ,

«Turkistan Media Holding» ЖШС Бас директоры

Серіктес жаңалықтары