Әлемнің 10 елінен киіз үйге тапсырыс қабылдадық – шебер

Осы күнге дейін Оңтүстік Корея, АҚШ, Бельгия, Малайзия, Ресей, Түркия, Испания, Украина, Германияға жібердік.

Әлемнің 10 елінен киіз үйге тапсырыс қабылдадық – шебер
Кейіпкердің жеке мұрағатынан
479

Ұлыстың ұлы күні секілді айрықша мерекенің негізгі нышандарының бірі – киіз үй. Мерекеге дайындық барысында көпшілік ең алдымен киіз үй іздеп бас қатыратыны белгілі. Әсіресе, наурыз айларында киіз үй бизнесі қызып тұрған шақта мерекенің басты атрибуты саналатын киіз үйді іздеп әлекке түседі. Киіз үй жабдықтарын әзірлеп, ел іші мен алыс-жақын шетелге жөнелтіп, «Қазақ үй» деген брендпен кәсібін дөңгелетіп отырған жан Мейіржан Тасболатұлы ол айларда 20-30 киіз үй сатамыз дейді. Оның айтуынша, көпшілік киіз үйді тек Наурызды атап өту үшін ғана емес, басқа мақсатта та сатып алады. Turkystan.kz сайтының тілшісі мейрам қарсаңында киіз үйді әлемдік деңгейде дәріптеп жүрген шебермен сұхбаттасқан болатын.

«Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасымын. Қазір жасым 34-те. Киіз үй жасап жүргеніме он жылдан асты. Бозбала кезімде киіз үй жасайтын кісілердің қолына жұмысқа келіп, істің қыр-сырын меңгердім. Қазір ол кісілер бұл іспен айналыспайды. Зейнетте. Есесіне ол ісін біз – шәкірттері жалғастырып жатырмыз. Кәсіп иесі – өзім. Қазір қарамағымда 30-35 адам жұмыс істейді. Шебер отбасылар бар. Бір отбасы – бір команда. Бір отбасы цехта ағашты дайындайды. Екінші отбасы ағашты иіп, түйіп, киіз үйдің қаңқасын жасап береді. Үшінші отбасы тігіншілікпен айналысады, үйдің ішкі жабдықтарын дайындайды. Бұрын дайын киіз үйді Қырғыз Республикасы мен Өзбекстаннан сатып әкелгенбіз. Сырттан әкелгеннен кейін кеден салығы да, жол шығыны да көбейеді. Киіз үй бағасы қымбатқа түседі. Ал клиенттерге қолжетімді бағада болғаны керек. Сондықтан өндірісті түгелдей өзіміз ұйымдастыруды жөн көрдік. Ағашты әкеліп, киіз үйді түгел жинап, сатылымға шығарғанға дейінгі процесті өзіміз істейміз. Киіз үй жасау үшін Сыр бойында  өскен ақ тал мен қара талды алдыртамыз. Бұл ағашты басқа өңірлерде өсіріп көрдік. Бірақ ол киіз үй өндірісіне жарамай қалды. Ыстық климатта өскен ағаш керек. Сол ағашты алып келгеннен кейін пешке салып, иіп, керегелерін тоқып, шаңырағын жасап, бәрін осы жерден дайындаймыз», – дейді кәсіпкер.

Шебердің айтуынша, машақаты көп бұл істен табысты бірден таба алмайсың.

«Алғашқы үш жылда табыс таппадық. Содан кейін ғана нәтижеге шыға бастадық. Сөйтсек те бізде бастық болып жүрген ешкім жоқ. Бәріміз жұмыла еңбек етеміз. Қазір клиенттер бірінен бірі естіп келе береді. Ең кішкентай өлшемнен ең үлкен өлшемге дейінгі киіз үйлерді жасаймыз. Алты, сегіз, он, он екі, он алты қанатты киіз үйлер сұранысқа ие. Ал 20, 24 қанатты киіз үйлерді тек алдын-ала тапсырыспен жасаймыз. Бірінші ағаштан киіз үйдің «сүйегі», яғни керегесі, уығы, шаңырағы, есігі құралады. Одан кейін жабындарын тігеміз. Қар, жаңбыр сияқты әртүрлі ауа-райына қарсы қорғаныс қаптамалары бар. Су өткізбейді. Бір құрғаннан кейін он жыл бойы тұра береді. Сосын ішкі әрлеу жұмыстарына көшеміз: үзікбау, шашақ, желбау, тұскілем дегендей бұйымдарды әзірлейміз. Ішін қалағаныңша сәндей беруге болады. Бәрін тапсырыс берушінің талғамына қарай істейміз. Осы киіз үй ішіндегі жабдығына қарай бағасы да өсе береді. Ішіндегі жабдығы көп болса, бағасы да жоғары. Ең кішкентай киіз үйдің бағасы 800 мың теңгеден басталады. Стандартты жабдықталған киіз үйді 7-10 күнде дайындап береміз. Ал эксклюзивті тапсырыстарға екі-үш ай уақыт кетеді», – дейді ол.

Киіз үйді көпшілік түрлі мақсатта сатып алады. Кәсіп иесі он жыл ішінде қанша киіз үй сатқаным есімде жоқ дейді.

«Ел ішіндегі сатып алушылар көбіне коммерциялық мақсатта алады. Біреу қымызхана ашады, біреу табиғат аясында демалатын алаң ұйымдастырады. Ал шетелдегі Қазақстанның елшіліктері мен сол жақта тұратын қазақтар мәдениетімізді насихаттау мақсатында тапсырыс береді. Осы күнге дейін Оңтүстік Корея, АҚШ, Бельгия, Малайзия, Ресей, Түркия, Испания, Украина, Германияға жібердік. Кейде ұшақпен, кейде портпен, кейде пойызбен жөнелтеміз. Ал Қазақстанның қай өңірінен тапсырыс түссе де, өзіміз барып құрып береміз. Өздері құрып беретін маман сұратады. Себебі қазір технология дамыған. Қазіргі киіз үйлер бұрынғы киіз үйге ұқсамайды. Бәрі бірдей киіз үйді құра алмайды. Алты қанат шағын үйлерді құрғанмен, 8-12 қанатты үйлерді құруға бәрібір маман керек. Тоғыз ай бойы сұраныс жақсы болады. Тек қыстың үш айында ғана азаяды. Себебі суықта оны құру да қиын. Қазіргідей сұраныс көбейетін наурыз, сәуір айларында айына 20-30 киіз үйге дейін сатамыз. Оның бәрін алдын-ала дайындап қоюға тырысамыз. Кейінгі айларда 5-8 киіз үйден сатылады. Киіз үйден бөлек, цехта қазақы нақыштағы бұйымдар, қалқан, торсық, найза сияқты киіз үйдің ішіне қажетті жиһаз-жабдықтарын жасаймыз. Ол заттарды да бөлек сатамыз. Киіз үйі бар адамдар кейде тек сондай құралдарды жеке сатып алады, кейде сыйлыққа береді», – дейді Мейіржан.

 

 

Серіктес жаңалықтары