Астанада IX күй жәрмеңкесі өтті

Салтанатты іс-шараны «Алматы» ауданы Ардагерлер қоғамының төрағасы Марат Мұстафин құттықтау сөзімен ашты

Астанада IX күй жәрмеңкесі өтті
Elordainfo.kz
218

Күйшілер аллеясында «Наурызға шашу» атты мерекелік іс-шара өтті.

Elordainfo.kz мәліметінше, мереке күйшілік өнерімен қазақ халқына танылған күйші-композитор, қазақ елінің Халық әртісі, «Ғасыр адамы» атанған Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, жасы үлкен ақсақал салт-дәстүріміз бойынша өскелең ұрпаққа батасын берді.

Салтанатты іс-шараны «Алматы» ауданы Ардагерлер қоғамының төрағасы Марат Мұстафин құттықтау сөзімен ашты. 

«Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақжарқын тілекпен қарсы алады. Бұл - жаңару мен бірліктің символы. Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесі елордамызда 14 наурыздан бастап салт-дәстүріміздің негізінде өрбіп жатыр. Бүгін Күйшілер аллеясында халыққа мереке сыйлап отырған «Күй анасы» қоғамдық қорына алғысымызды білдіреміз», - деді Марат Мұстафин.

Наурыз мерекесінің аясында өтетін дәстүрлі IX күй жәрмеңкесін Астана қаласы «Алматы» ауданының әкімдігі және республикалық «Күй анасы» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған болатын.

«Іс-шара барысында Абай елінен келген көпбалалы Жетібаев әулетінің кенжесі Атымтайға «Күй анасы» қоғамдық қоры атынан Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, жыршы Амандық Көмекұлы домбыра табыс етіп, батасын берді. Айта кетейік, «Күй анасы» қоғамдық қоры осындай іс-шараларды өткізгенде міндетті түрде тегін домбыраны тарту етеді. Бүгін сыйлайын деп тұрған домбырамыз - 242-домбыра. Басты мақсатымыз - ұлттық аспабымыз - домбыраның беделін көтеру. Ал халық арасында ұйымдастырылатын дәстүрлі IX күй жәрмеңкесінің жеңімпазына үкілі домбыра табыс етілмек», - деді «Күй анасы» қоғамдық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев.

Іс-шарада, сонымен қатар, Астана қаласы №92 мектеп-лицей ұжымы қазақ халқының салт-дәстүрлерінен қойылым қойып, ән-күйден шашу шашты. 

Серіктес жаңалықтары