Жаңа подкаст! Қонақта "Спарта" КВН командасының капитаны Данияр Жұмаділов

Грекия құрамасының 10 артықшылығы – аналитика

19.03.2024, 00:16

Еуропаның экс-чемпиондарына қарсы Магомед Адиев қандай тәсіл қолданады?

Алда Қазақстан құрамасын өте маңызды матч күтіп тұр. Германияда өтетін Еуроға жолдама алу үшін Грекия құрамасымен кездесеміз. Әрине, гректерді жеңсек те бірден Еуроға шыға алмаймыз. Одан кейін Грузия – Люксембург жұбының жеңімпазымен Еуро жолында ақтық айқас болады. Ендеше, бірінші сұрақ: біз гректерді жеңе аламыз ба? Осы ретте біз Грекия құрамасының 10 артықшылығын жаздық. Бірақ бұл артықшылығы басымдық бере ала ма?

1) Грекия – Еуропаның азулы командасы болмаса да, тегеурінді командасы. Әлем чемпионатына 4 рет шыққан, Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде де 4 рет ойнаған. Тіпті, 2004 жылы айды аспаннан шығарып, Еуропа чемпионы атанды. Ал, Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының да, Еуропа чемпионатының да шешуші кезеңінде ойнап көрмеген.

2) Қазақстан мен Грекия бұған дейін де кездескен. Екі матч та гректердің жеңісімен аяқталған. Тарихқа шолу жасайық, сонау 2006 жылы өткен Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Грекия бір топта өнер көрсетіп, екеуі де топтан шыға алмады. Топтан шыға алмау былай тұрсын, Қазақстан құрамасы 12 матчта жалғыз ғана ұпай еншілеп, анық аутсайдер екенін көрсетті. 

Сол кезде Қазақстан мен Грекия арасындағы екі матчта да жеңіліп қалдық. Алдымен Еуропа чемпиондары өз алаңында 3-1 есебімен жеңді, сосын Алматыда өткен матчта гректер 1-2 есебімен басым түсті. Түзде өткен матчта Руслан Балтиев, ал үйде өткен матчта Нұрбол Жұмасқалиев гол салған еді.

3) UEFA рейтингінде де Грекия құрамасы бізден ілгері тұр. Қазақстан құрамасы сәтті ойнаған екі жылдың нәтижесінде 33-орынға көтерілсе, гректер 17-орынға жайғасқан. Клубтық деңгейдегі рейтингте де грек командалары – Олимпиакос пен ПАОК бізден көш ілгері тұр. Яғни, гректердің ішкі чемпионаты бізден жоғары, жыл сайын Еурокубокта таласатын командалары да бар. Биыл Олимпиакос пен ПАОК УЕФА конференция лигасының ширек финалына жетті.

4) Бақтияр Зайнутдинов "Бешикташ" клубында, Абат Айымбетов "Адана" сапында, Нұрәлі Әліп "Зенитте" ойнайды деп мақтансақ, Грекия құрамасында АПЛ-де ойнайтын футболшылар көп. 

Мәселен, Одиссеас Влаходимос – "Ноттингем Форест", Константинос Мавропанос – "Вест Хэм", Костас Цимикас – "Ливерпуль", Джордж Болдок – "Шеффилд Юнайтед" сапында ойнайды. Одан бөлек, итальяндық "Кальяри" клубында ойнайтын Пантелис Хацидиакос дейтін қорғаушысы бар. Сондай-ақ "АЗ Алкмар" сапында өндіріп гол салып жүрген Вангелис Павлидис дейтін шабуылшысы бар. Дәл қазір грек шабуылшысы Нидерланды жоғары лигасында 23 гол салып, сұрмергендер көшін бастап тұр. 

Одан бөлек, Германияның 2-ші бундеслигасында жүрген футболшылары да бар.

5) "Өз үйім – өлең төсегім" деген. Гректер өз алаңында мықты ойнайды. Еуроға іріктеу кезеңінде гректер өз алаңында Франция құрамасымен 2-2 есебімен тең түсті. Жалпы, гректер B тобында Франция мен Нидерланды құрамаларына қарсы матчтарда ғана ұпай жоғалтты. Қалған командалар – Ирландия мен Гибралтар құрамаларына қарсы матчтарда макимум ұпай жинады. 

Гректер соңғы ресми 10 матчының 6-ында жеңіске жеткен. 1 матчта тең ойнап, 3 матчта жеңілген. 10 матча қақпасына 10 гол жіберіп, өздері 17 гол салған. 

Қазақстан құрамасы соңғы ресми 10 матчының 7-еуінде жеңіске жеткен, 3-еуінде жеңілген. Сол 10 матчта қақпасына 12 гол жіберіп, өздері 16 гол салған.

6) Футболдан Қазақстан чемпионаты енді басталды. Ал Грекия суперлигасы нағыз қызған шағына жетті. Грекия бас бапкері Қазақстан құрамасына қарсы ойнайтын 26 футболшысының тізімін жариялады. Ауыр жарақат алған, маңызды матчта командасына көмектесе алмайтын ойыншы жоқтың қасы. Бәрі сайдың тасындай іріктелген, ойынға сақадай-сай.

7) Грекия бас бапкері Густаво Пойетті футболшы ретінде бәрі жақсы біледі. "Челси", "Тоттенхэм" сияқты клубтарда ойнаған. Кейін Густаво Пойет бапкер ретінде де бірнеше клубта жұмыс атқарды. Ұлттық құраманың тізгінін ұстағанға дейін "Брайтон", "Сандерленд", АЕК, "Реал Бетис", "Шанхай Шеньхуа", "Бордо" сияқты клубтарды жаттықтырған. 

Бапкер ретінде ең есте қалатын жұмысы, 2014 жылы "Сандерленд" командасын Англия лигасы кубогының финалына дейін жеткізіп, атақты "Челси" мен "Манчестер Юнайтед" командаларын жарыстан тайдырған.

8) Грекияның ойын мәнері қарсыластың әуселесіне қарай икемделіп отырады. Егер Франция, Нидерланды сияқты өзінен зор қарсыласқа жолықса, қорғанысқа жатып алады. Ал, өзі шамалас командаға қарсы ойнаса – контр шабуылға басымдық береді. Ал, өзінен осалдау командаға жолықса, позициялық шабуылды күшейтеді. Дәл қазір Қазақстан құрамасы Грекиямен терезесі тең, деңгейлес команда деп айтуға әбден болады. 

Стандарт – қаруы. Грек ойыншыларының физикалық әуселесі өте жоғары. Қорғаныста өте жинақы ойнайды.

9) Гректердің шабуыл шебі де мықты. Йоргос Масурас пен Йоргос Якумакис – негізгі шабуылшылары. Вангелис Павлидис дейтін джокері де бар. Йоргос Масурас – Еуроға іріктеу кезеңінде 5 гол салып, сұрменгендер көшінде 13-орында тұрған шабуылшы.

10) Тәжірибелі һәм талантты жас ойыншылар топтасқан команда. Командадағы ең егде ойыншы Йоргос Цавелас – 36 жаста. Командадағы ең жас ойыншы Константинос Кулиеракис – 20 жаста.  Алайда бас бапкер негізгі құрамға көбіне тәжірибелі ойыншыларды шығарады.

Ендеше, достар! Грекия туралы негізгі айтпақ 10 дерегіміз осы. Дерегімізді керегіңізге жаратыңыз! Арнамызға жазылып, видео шолуымызды бөлісіңіз! Трафик сізден болсын, ақпарат бізден болсын!

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам