Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Қуаныш Ілиясұлы. Анам мен арша...

27.05.2023 1379

Қуаныш Ілиясұлы. Анам мен арша 14+

Қуаныш Ілиясұлы. Анам мен арша - adebiportal.kz

Поэма

Әлемде ана туралы жыр көп, дастан көп. Ана туралы ән де, күй де жетерлік. Ана туралы жазылған әр шығарма ыстық. Сондықтан да ана туралы жырды көп деу асылық болар еді. Әр шығарманың өз жөні бар. Өз дауысы, өз әлемі, өз салтанаты бар. Ақын Қуаныш Ілиясұлының «Анам мен арша» поэмасы сондай іргелі туындының бірі. Поэма ыстық сағыныш, тұмадай тұнық сезіммен өрілген. Асқақ Алтайдың бөктерінде арша арқалап келе жатқан ана, ананың етегіне оралған бала, тау мен тас, сұлу да кербез табиғат, ақын қаламынан сиқырлы саз боп төгіледі. Алдыңнан аршадай жасыл, жұлдыздай жарық, анадай мейрімді, баладай аңғал әлем ашылады. Бұл – махаббат әлемі, ізгілік әлемі. Сізде осы әлемнің есігін қағып көріңіз. Сырлы саздың шуағына шомылыңыз.   

«Әдебиет порталы»

 

Мына дүниені анамның мені сағынғанындай сағына алған болсам, бұл туындымды әлде қашан жазған болар едім...

Автор

 

Басында қара таудың жасыл арша,

Аспанға бермек бірәз,

жасыл алса,

Хабарын күте-күте көшкен жылдың,

жанарын талдырды екен тасы қанша!

 

Тамыры қара саннан тасқа кірген,

Тағдыры тарғыл-тарғыл тас кемірген.

Аршалар жасыл қалпы жатыр ұйықтап,

Құшақтап ару таудың аш белінен!

 

Пәк арша қара таудың басында ұлы,

Жасыл боп тасқа өсу асылдығы.

Баянды бұтағында тұр қонақтап,

Үзілген сабағынан ғасыр гүлі.

 

Басында қара таудың жасыл арша,

Бүрлейтін-ді анамды қасына алса.

Аспан өзін бақытты санар еді-ау,

Жасыл бояу мойнына асыла алса!

* * *

Таң бояуын жағуда малшы ауылға,

Құстар келген жиылып ән салуға.

Балтамызды қайратқа қайрап алып,

ана – бала аттандық арша алуға!

 

Ерке бұлақ төменге құлдырайды,

Қара таста адасқан түн жылайды.

Етегінде ентіктіріп екеумізді,

Аршалының басы алыс бұлдырайды!

 

Масаттана қараймын сай тағанға,

Тек кеңістік қалқиды айналамда.

Адымынан ғажайып ертек оқып,

Жүріп келем жіп менде, қайла анамда.

 

Таулар шығар осынау жерге патша,

Ілніп тұр теңге – күн керме таста.

Егіз бұлақ ентігіп төмен қашат,

Анам егіз бұрымын өрге тартса.

 

Анам үшін немене өр дегенің,

Желкені ғой жүрегі жер кеменің.

Жасыл арша алдынан қол созады,

Жасыл ғұмыр артында мен келемін!

 

Ақшарбы бұлт шыңда тұр мойынсалы,

Ым қағады беткейдің мойыл, талы.

Анамнан да көп арша көтергім бар...

Қолымдағы бұзаудың мойыншағы!

 

Тау өзінің тағдырын жасырама?!

Сыр сақтағыш салмақты тасы ғана.

Ана – жүрек дүрсілін сүйемелғып,

Әнін айтып келемін «Асыл ана»!

* * *

Жағатын жарыстырып отын күнімен,

Қажыған арғымақ тау тоқым түннен.

Құныға арша жұлған анама қарап,

Құныға құртты мұжып отырмын мен!

 

Аршаны шама жетпей алысуға,

Талдар мен ынтығамын танысуға.

Арша – ана қара тауды дірілдетіп,

Екі жасыл дүние алысуда.

 

Арша алып көрмегенмін отын тергем,

Аластап арша искетіп өсіргенмен.

Қайраты қас анамның тасты үгітер,

Қайласы тасқа тиіп кетілгенмен!

 

Ойлаймын құртпен дәмдеп таңдайымды,

Неге аяит арша алғызбай дардай ұлды?!

Жосылған самайынан терге қарап,

Қоямын үнсіз сипап маңдайымды!

 

Көк бөрі бесігінің қасында ұлып,

Қара тау туған қыз бұл батыр қылып.

Тамырлары қолының білеуленген,

Тамырымен аршаны жатыр жұлып!

 

- Қойсаңшы ана демесең шаршап өлем?!

Иіліп кетті-ау, нәзік талша денең.

- Өшіп қалған әкеңнің отын үрлеп,

Түтетемін түтінін аршаменен!

 

Дей салды да қарады шың басына,

Күн сәулесі қонақтап сырғасына.

Ішінде жанарының тұр мұңайып,

Мені орап көтерген шақ сырмасына!

 

Терген шағым елестеп тезекті көп,

Кептей қалды тәтті мұң өзекте көп.

Әппақ бұлт пен анамның самайына,

Жыламсырап қараймын кезек-кезек!

* * *

Жіберсем бе анамның жүгін демеп,

Жүгірсем бе құлдырап бүгін де ерек.

Өршіл болсын дейме екен, өрт ұл болсын,

Анам ұрсар еңіске жүгірме деп!

 

Сұлу өскен аршалы қиырында,

Жиырма бесі лаулаған қиынында.

Жасыл адам келеді жанында күн,

Жасыл дүние ырғалып иығында.

 

Кім екен арша өсетін жер істеген?!

Бұл сөзді күбірлеймін тек ішпенен.

Таяп қалдық ауылға, анаға ерген –

Жасыл дүние сырғанап еңіспенен!

 

Бір қолтық арша маған көтерткені,

Өзі бір батыр ана ертектегі.

Арша арқамда марсия көз саламын,

Ойнап жүрген достарға етектегі.

 

Осы адам сырлас бұл тау әр тасына,

Іздейді қызғалдағын, алқасын да.

Арша батып келеді сезем іштей,

Балғын шағым асылған арқасына!

 

Анамның қонақтаған бас жағына,

Арша ма, туған жердің аспаны ма?!

Аңдаусыз арша түсіп қалды ма екен,

Қараймын жалтақ-жалтақ арт жағыма!

 

Тағынған ақ бұлақты ақ тұрман қып,

Тұлпар – дала, анашым қаз тұрған жұрт.

Жасыл дала ерткені жасыл ауа,

Самайында шүйкедей ақшулан бұлт!

* * *

Алыста қадырлы анам, Аршалы да,

Айларды келем іліп саусағыма.

Әкемнің ұқсайтын тау қалпағына,

Қызықтырмай келеді хан тағы да!

 

Кең жайлау құлазиды ел көшімен,

Түйенің жүк ұстайтын өркешінен.

Көзіммен парақтаймын дала – томды,

Анашым ертек жазған өкшесімен!

 

Туған жер суларың – ән, бетегең – күй,

Тауларың ақиқатын өтеген би.

Болашағы қашан да жасыл екен,

Аршаменен түтіні түтеген үй.

 

Жоғалттым қылығымды қайсы араға,

Сен іздеп жүрме екенсің қайсар ана.

Балалар мендей-мендей еріп барып,

Аналар әлі өзіңдей арша ала ма?!

 

Аршаның құрбаны боп кетер ме едім,

Әлде ана, тілегің боп жетер ме едім.

Арша емес болашағым екен менің,

Сондағы жасыл дүние көтергенің!

 

Көңілім көк белді аңсап тоқтамады,

Аршалыға не заман соқпағалы.

Ауыл мен Аршалының аралығын,

Жалғауда ма, сіз салған соқпақ әлі?

 

- Жо, жо, жоқ, арша алмайды сезім жаңа,

Жұрттардың жасаураған көзін қара.

Аршамен аласталып, арша көрген,

Ұрпақтың ең соңғысы өзің ғана.

 

Аршалыға келмеуің басты кінә,

Рұхсат ал, сылтау айт бастығыңа.

Етекте жіп иіріп мен отырмын,

Жете алмай тауда қалған жастығыма!

 

Дейсің де берілесің уайымға,

Анажан жұбатам ба, жылайын ба?!

Қазақтың рухы жүр тау жаңғырып,

Шопанның қой шақырған құрайында!

 

Аңсады арша алуға ерген балаң,

Сенімін суытпасын сенген далам.

Сарғаймайтын жап-жасыл сағынышты,

Арша екеуің екен ғой берген маған.

 

Ағасын сағынды екен қаншама іні?!

Есімде ана мейірі, арша бүрі.

Жетегінде арманның жүрмін аңсап,

Етегінде басы арман Аршалыны!

 

Қазақтың аршаменен бағы дала,

Өсуде өзен, таусыз тағы бала.

Аршаны искеу түгіл көрмеген жан,

Анасын мендей болып сағына ма?!

 

Ауыл аймақ туысқан аман ба деп,

Сағыныш алаңдайды санамда бек.

Аспанның ең бір қанық жасыл жерін,

Қарай берем арша мен анам ба деп?!

* * *

Атаушы ең «Аюсай» деп мынау жақты,

Аңғары мінезіңнен бір аумапты.

Баяғы арша алатын жерге келдім,

Арада өнбес қанша жыл аунапты!

 

Ұрпағым өспесін деп дала кормей,

Шабады қара таулар қара кердей.

Қабағы тас пен желдің салбыраңқы,

Келгесін шығар бәлкім анаға ермей!

 

Аршалы келер ме деп көп тосыпты,

Күткен күн біткен гүлмен қоштасыпты.

Аналар арша алуға келмейді екен,

Ізіңді аяулы ана, шөп басыпты!

 

Сөз айтам сағынышты басқа не деп,

Қайың, тал жапырағын тастап әлек!

Тұр балаң терің тамған тасқа шығып,

Бастап кеткен қара жол, бастап әкеп.

 

Бетімнен сүйіп жатыр қараша – шың,

Алдымнан қарсы алдырып бала – тасын.

Қара орман боп қаулапты қара жолда,

Жоғалған Аршалыға қара шашың!

 

Көрдім мен қыз күніңді гүлден жаңа,

Бұл кеше өзің құшып сүйген дала.

Адаса қоймайды екен алуан жолда,

Ана салған соқпақпен жүрген бала!

 

Аспанға төбем қазір таяп-ақ тұр,

Дем алсын көгалыңда самайы ақ жыр.

Жамылған тілегіңді арша бүрі,

Сағынған жүрегімді саялап тұр!

* * *

Сағынды қара тауда тұғыр ұлды,

Арманға арқандаттым ғұмырымды.

Бірі – өзің, енді бірі – жасыл арша,

Төрімде екі сурет тұр ілулі!

 

Қарасам екеуіңе күрсінемін,

Арша, ана айырылмастай бүршік едім.

Кіснеп қайсы тауда адасып жүр,

Сол тауда үзіп қашқан жыл шідерін!

 

Екеуің не айтсаңда құп аламын,

Екеуің болғаны үшін жыламадым.

Түсімде арша көріп оянам да,

Өңімде өлең болып қуанамын!

 

Қанатында арманым аңсап жұртын,

Түн ұзайды, батады шаршап бір күн.

Айтар әнім «Сағындым анашым» мен

«Басынан қара таудың арша ап жүрмін».

 

Биіктей берсінші ана ел мұнара,

Сол елдің ішінде өскен сен ғұлама!

Айтады әлдиіңді егіз ішек,

Аршадан шанақ салған домбыраға!

 

Аршамен аластадың титтей күнде,

Жасыл болам жанымды күйттеймін бе?!

Тойларда отырамын өзіңді ойлап,

Аршамен тісім шұқып, искеймін де!

 

Екі сурет екі тау тұрсың әлі,

Аса алмай асау бұлттар тұншығады.

Арша жақтан айаңдап ай туғанда,

Өзің жақтан мейірлі күн туады.

 

Екеуің сағындырып екі шетте,

Елірем қайтқан қаздың көші кетсе.

Әу десем көкірегіме домбыра ұстап,

«Анам мен арша» дейді қос ішек те!

 

Көктеді сарғыш тартты қанша гүлің?!

Алсыта жыр мұжиды аңсап ұлың!

Сен мәңгі қартаймайсың аяулы ана,

Түсімде жамылыпсың арша бүрін!

 

Сағынды қара тауда тұғыр ұлды,

Қалаға арқандадым ғұмырымды.

Бірі – өзің, енді бірі – жасыл арша,

Төрімде екі сурет тұр ілулі!

13.07.2005


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар