Қаржылық пирамида – байлардың ойыны
Қаржылық пирамида – байлардың ойыны
© коллаж: Елдар Қаба
500
оқылды
Қоғамда қаржылық пирамидаға сенгендердің қаржылық сауаты төмен деген түсінік қалыптасқан. Құныққандар жеңіл жолмен көк ақшасын көп еткісі келеді. Соңында сценарий бойынша тақырға отырып тынады деп сөгеміз. Бірақ азы 18, көбі 85 миллион теңгесін алаяққа аударғандардың айтары басқа. Даулап жүргендердің бәрі бірдей алданып қалған ба? Неге Astex.kz, Mudarabah Capital салымшылары бір-бірін айыптап отыр? Кәсіпкер Ұлан Бақырбаев Astex.kz компаниясымен 2020 жылғы карантин кезінде танысқан. Жұ­мысы тоқтап, табысынан қағыл­ған­да қаржы ұйымына ақша салуды жөн көріпті. «Ол кезде мемлекеттік тапсырыс тоқтаған жоқ. Тексеріп көрдік, бар­лығы заңды болды. Мен 10 млн тең­­геден бастап, үстінен 20 млн тең­ге пайда көрдім. Оны қайтадан қаржы ұйымына салдым. 40 млн теңге бол­ғанда тағы аударып жі­бердім. Соны­мен 6 айдан кейін арты алаяқтыққа ұласып кетті. Былтыр 27 сәуір күні полицияға арыз жаз­дым. Бір айдан кейін біз сенген Алмас Құр­манғалиев қамалды. Сот сарапта­масы маған 18 млн теңге қарыз деп тапты. Бірақ шындығында одан да көп ақшам күйіп кетті», – дейді ол. Сенген серіктесі Astex.kz ЖШС құрылтайшысы Алмас Құрман­ға­лиев қамалғалы пайдадан қағылып, пайыздық төлем алуымыз мүлдем тоқтады деп отыр. Жалпы, эконо­мистер екі айдың ішінде салған қаржыны екі еселеу алаяқтық еке­нін айтып, мұндайда бірден бас­ тартуға кеңес береді. Ал Astex.kz ком­паниясы тендерге қатысып, одан тапқан пай­да­ның 20% ара­лы­ғында салымшы­лар­мен бөлісуге уә­де еткен. Эко­но­мистер мүмкін емес дегенмен, Ұлан мем­лекеттік тапсы­рыс арқылы 60 па­йызға дейін пайда көруге болады деп отыр. Оның ай­туын­­ша, қаржы пи­ра­ми­дасына қа­тысты жаң­сақ пікір – осы. «Кез келген кәсіпкерден сұра­ңыз, тауарын 40 пайыздан төмен сатса, зиянын көреді. Неге? Себебі қосымша құн салығы деген бар. Astex.kz тендерге қатысып, одан тапқан пайданың 10-20%-ы аралы­ғында бізбен бөлісті. 20% көп емес, бір нәрсені сатып, пайда көру үшін 30-40% қоспаса, одан кіріс болмай­ды. Тіпті, 60 пайызға дейін пайда көре аласыз. Мемлекеттік тапсы­рыс­ты ұтып алған кәсіпкер өзіне 40 пайызын алады, сізге 60 пайызын бе­реді. Оған қатысатын адамның ақшасы болмайды, біз сияқты кә­сіпкерлерден ақша жинап алады, ұтып алғаннан кейін кәсіпкерлерге берген қаржыны еселеп қайтарып береді» деп түсіндірді ол. Екіншіден, қаржылық пира­ми­даға алданғандардың бәрі қаржылық сауаты төмен азаматтар емес деп отыр. Mudarabah Capital-да 300 са­лым­­шы бар, ал Astex.kz қаржылық ұйы­­мына 169 адам қаржысын құйған. «Арасында 10-15 адам ғана улап-шулап жүр. Қаржылық сауаты тө­мен, үйде отырған кісілер несие алып салды, сонымен енді араша сұ­рап жүр. Бір қаржыңызға пәтер алып, жалға беріңіз. Енді біріне кө­лік алып қойыңыз. Үшіншісін, тә­уекел етсеңіз, опық жемейсіз. Өйт­кені біз кәсіп­керлер ақшамызды әр­түрлі салаға саламыз. Індет тұ­сында шека­ра жа­былды, тауарла­ры­мыз елге кіргізілмей қалды. Ақ­шамыз күйді. Одан да өттік. Сон­дықтан біз үшін қалыпты жағдай», – дейді кәсіпкер. Алмас Құрманғалиевтың інісі Шыңғыс Құрманғалиев ағасы үшін салымшылардың қаржысын бөліп-бөліп қайтарып жатыр. Astex.kz са­лымшылардың ақшасын қайтара бастаған кезде Mudarabah Capital-ға ақша берген адамдар біз де қара­жатымызды Astex.kz-ке сал­ған­быз деп шығыпты. Осылайша, бір-бі­ріне қатысы жоқ адамдар пайда бо­лып, ақшасын қайтаруды талап ете бастаған. Яғни, зар қақсап жүргеннің бәрі аңқау емес. Алматылық Ілияс Нұрланұлы да 85 миллион теңгесін қаржылық ұйымға аударып жіберген. Жылдың аяғына дейін тәуір табыс қолына тиіп отырған. Халықты қақпанға түсіру үшін басында ақшаны жақсы төлейді ғой. Алайда жыл соңында дымсыз қалыпты. «2020 жылдың наурыз айында бұл компанияға таныстарымнан есітіп, ақша салдым. 2021 жылдың басында табыс тоқтады. Сол кезде кәсіпкер­лермен бірге арыз жаздық. Құрма­ға­лиев қамауға алынды. Қазір екі ком­панияның салымшылары бір-бірі­мен дауласып жатыр. Бүгінге дейін 50 млн теңгеден астамын қайтарып алдым», – дейді Ілияс Нұрланұлы. Ендігі мақсат – осыған қатысы бар адамдардың жазалануын, са­лынған ақшалардың қайтарылуы деп отыр. Былтыр елде 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидасының құр­баны болды. Бүгінде 70-ке жуық қыл­мыстық іс қозғалып, мыңдаған адам ақшасын қайтара алмай, со­т­тың табалдырығын тоздырып жүр. Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеушісі Орын Тұрлыбаев алаяқ­тарға ең жиі алданатындар 31-ден 60 жасқа дейінгі азаматтар дейді. Олар­дың 74 пайызында жұмыс ор­ны бар, 62 пайызы жоғарғы білімді кісілер. Қорытындысында, бұл – бай­лардың ойыны. Яғни, бірі бастайды, екіншісі ақшасын одан сайын кө­бейтуді ойлап қостайды. Несие алып, үйін сатып, қосылғандар тұ­йыққа тіреліп, өзін-өзі өртеуге дейін баруы мүмкін. Ал қалталыларға құйған қар­жысы күйіп кетсе де, қатты тимейтінін өздері де айтып отыр. Олар басын бәйгеге тікпейді, қара­жатының бір бөлігін ғана ау­дарады. Арамызда 500 мың теңгемен кәсіп бастап, айлық табысын 5 млн теңгеден асырғандар бар. Мемле­кет­ке де пайдалысы – осы.