Қашып кеткім келеді...
Қашып кеткім келеді...
277
оқылды
«Қашып кеткім келеді» дегенде, біреу мені қуалап, қыр соңымнан қалмай келе жатқан жоқ. Қазіргі кейбір эстрада әндерін тыңдай бастасам болды, айдалаға қашып кеткім келеді. Әні жастар стиліне келіп, делебені дірілдетіп, қоздырғаны­мен, билегенде, туфлиіңді тоздыр­ғанымен, ән мәтінінен маймылдың өзі шошып кететін сияқты. Мән–мағына өз алдына, ұйқастары ұйпа-тұйпа, ой оралымдары құйқа, құйқа. «Баяғының әндері қандай керемет!» десең болды, қазіргі жастар жылай қашады. «Ой, қойыңызшы, «Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем, көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем!» деген әнге кім билейді?» дейтін жастарды да көрдік. Санасының саяздығына налып, тірідей өлдік. Олар патриоттық әндерге пысқырып та қарамайды. Сонда, сорпасы су татыған, мәтіндері иістеніп, әбден сасыған, «собременный» әндерді тыңдауымыз керек пе? Мысалы, Рақымжан Жақайым дегеннің әнсымағы «Достарым менің золотой» әнін тыңдасаң, Бетпақ далаға безіп кетікім келеді. Рас, жастар жақсы көреді. Мәтінге орыс сөздерін орынсыз тықпалай беру де, өнердің өрігі емес қой. Жүрегім менің, молодой, Достарым менің золотой, Бауырларым бар дорогой, Пах шіркін, ғажап қой. Мұны тыңдап отырып, сіздің Америкаға қашып кеткіңіз келетін шығар? «Молодой», «золотой», «дорогой» сөздерің ұйқас үшін ғана ала салған. Мәселен, бір қызға ғашық болып, кздескенде: «Жаным, жүрегім менің молодой, достарым бар золотой!» деп тұрсаңыз, «Жындысыз ба, ағай?» дейтін шығар? Осындай орыс сөздерін араластырып, қойырпақ әндерді дүниеге әкелген сазгерсымақтардың мұрындары­на өнердің иісі бара ма екен? Олар нені иіскейді екен? Әлде, құлақтарымен иіс­кеп, мұрындарымен еститін қулар ма? Әжетеуір әндерімен әлеуметтік желіде жайғасып алған Гүлмира Ізбасқан­ова деген қарындасымыз да, орыс сөздері араласқан әндерді айтуға құмар. Қазақ тілі мәртебесін осылай көтергісі келетіндей. Қазақ тілі мүгедек болып, палатада жатқанда, Гүлмира «Четкий менің братым!» деп ән шырқайды. «Браттары шөткий» екен. Ән мәтінін Арнұр Шекеров жазыпты. Орысша күшті біледі екен. Орысша сөйлегенде киізді күрекпен тіледі екен. Бұл әнді тыңдап болған соң. «Четкий менің братым!» деп түнде төсегіңнен төрт рет атып тұратын сияқтысың. Ал, «Кластастар қайда?» деген әнді тыңдасам, күлкім келе береді. Осындай да ән болады екен-ау? «Жемқорлар қайда?», Мафиоздар қайда?» деп көшеде келе жатып, ән шырқасаң ғой, шіркін! Арнұр Шекеровтың әні екен. «Шіркін!» деп тамсанамыз тағы да. Баяғы әндердің мәтіндері қандай керемет еді? «Кел билейік, кетпе, менің қасымнан, Қызғалдағым таң нұрымен ашылған. Сезім шіркін, ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып, Жаңа жауып басылған! Ал, қазіргі ән мәтінініндегі сезімдер роботтанып кеткен. Ән тыңдап отырып, рахаттанбайсың, азаптанасың, миың атала, сезімің «сатана» болып кетеді. «Азия» тобының орындауындағы «Опмай, опымай» әнін тыңдағанда, тары жегендей, түйіліп қалдым. Опмай деген не өзі? Опмай, опмай, Мыналарың қайтеді? Ал, біреулер астанада, Жоқ дейді, ал біреулер Алматыда Бар дейді... Шымкенттің қыздары зың дейді, Ақтөбенің қыздары Дың дейді, Құдаларым билеп, Отыр дейді. Нағашы жұрт билеп, Отыр дейді, Ал, кластастар қайда? Не ұқтыңыз? Құлағыңыз құрттап кеткен жоқ па? Нағыз «халтурщик» деген ақынның өзі мұндай өлең жазбайтын шығар? Ұйқастары ұйықтап қалған ғой. Қара сөз әшейін. Не мағына бар бұл әнде? Не айтқысы келді? «Музтерионс» тобы айтатын «Өмір» әнін тыңдадым да... Өмір сынақ, өмірім майдансың, Жүрем сенен жеңіс тілеп, Жеңілсеңіз жылама, Күйініп, Тағдырда жоқ жүрек... Өмір түстей, арасы, Жылы суық... Ештеңе ұқпадым! Қашым кеткім келді. Бірақ қайдааа? Осындай оспадар­сыз әнсімақтарға жарнама жасап «жар­қыратып» қойған Мәдениет министр­лігіне барып тығылам ба? Әлде талғамсыз әндерге танауымен қорғайтын телеарна­лардың есігін қағам ба?

Ақмарал ӘБДІРАМАНОВА