Майысқақ махаббат
Майысқақ махаббат
477
оқылды
Махаббаттың түрлері көп қой. Тауық махаббат, қауіп махаббат, халал махаббат, енді келіп, майысқақ махаббат деген шығыпты. Оңға, солға, артқа, алға майыса береді. Бір күні тараздық Байжігітов Алдияр «Инста­грам» арқылы Мөлдірмен танысты. Танысқаны құ­рысын, желімдей жабысты. Махаббаты сұмдық екен. От болып лаулады, газ болып атылды, найзағай болып жарқылдады. – Мөлдір, сенің суретіңе қарап отырып-ақ, ғашық болып қалдым! Қалайда Шымкентке жетуім керек. Сені көрмесем, қыршынымнан қиылып, өліп кететін сияқтымын, – деді. Деді де, келді. Бір құшақ гүлі бар екен. Мөлдірді қымбат кафеге шақырды. – Менің махаббатым халал, – деді ол. – Ондай да махаббат бар ма еді? –деп қыз сықылықтай күлді. Алдияр қыздың тізесіне қолын қойды. Тап сол жерде қоңыз өрмелеп бара жатқандай. Қыз қымсынып, оның қолын тізесінен алып, жігітке жымия қарады. Ұнатып қалғандай ма? Махаббаттың вирусы жұққан сияқты. Махаб­батпен ауырса жақсы ғой. Оқимын, шоқимын деп жүріп, жасы отызан асып бара жатса да, тұрмыс құра қойған жоқ. Өзі қатарлы жігіттердің бәрі балалы–шағалы. Алдияр Таразда бір компанияда жұмыс істейтінін айтты. Бір айдан кейін дорбасын арқалып, есік қағып тұр. – Бұл кім? – деп сұрады түн ішінде есік ашуға қорыққан Мөлдір. – Мен ғой. – Менің кім? – Алдиярмын. Мөлдір есік ашты. Күлімсіреп, жігіті тұр. Құшақтасып көрісті. Мойнына білегін асып тұрып: – Жәйша келдің бе? –деп сұрады. – Махаббат магниті тартты. Мен саған үйленемін. Үйіңе кіріп алғаныма ренжіме. Екеулеп тірлік бастасақ, аспанды жерге түсіріп, жерді аспанға шығарамыз! – Бақыттымын, жаным! –деді Мөлдір. – Жүрегім сен деп «дүкі, дүкі» дейді. – Алдап кетпейсің бе? – Алдасам, арбаның астына түсіп өлейін. – Бір түрлі қорқамын... – Мен бөжи емеспін ғой. – Бұрын үйленген емессің бе? – Қыздардың қолынан ұстап көрген емеспін. Үнемі тізелерінен ұстаймын, сипалаймын, – деп әзілдеді ол. – Қойшы. – Қойшыға тиші. Екеуі сол түні ұзақ сырласты. Айтылмаған нәрсе қалмады. Анекдотты керемет айтады екен. «Бір ауылда момын кісі тұрады екен. Құрдасы қалжыңдап, қағыта берсе керек. «Досым–ау, ауылдың ееең шетінен үй салып алдың. Мазар тым жақын, қорықпайсың ба?» – деп сұрайды. Сонда момын құрдасы: «Несіне қорқамын? Бәрі өзіміздің ауылдың адламдары ғой! – депті.» Мөлдірдің езуі жиылмады. Ол Алдиярға шынайы махаббатын арнады. Бірақ... Бір күні Алдияр: «Керемет бизнес бастағым келеді. Екеуміз отбасылымыз. Мүмкін, болса, бес миллиондай ақша керек болып тұрғаны...» –деді. Адамға сенгіш келіншек пәтерін кеңейтемін деп жинап жүрген бес миллион теңгесін санап бере салды. Ақшаны шытырлатып, санап алған Алдияр «Компанияға кеттім» деді де, жым–жылас жоқ болды. Бір ай, екі ай.... Махаббаты майысып кетіпті. Ақшаға қарай... Мөлдір Есенбекқызы амалы таусылған соң, полицияға арыз берді. Айға жетпей ұсталды Алдияр. Баяғы жалындаған махаббаты бықсыққа айналған. Көздері «Морозильник»... Сот болды. Сөйтсе, А. Байжігітов бұған дейін де, бірнеше келіншектерге «оптом» үйленіп, ақшаларын қағып, қашып кеткен екен. Ол үш жылға сотталды. Мөлдір бір жасар баласын құшақтап, үйінде қалды, сірне сезім, майысқақ махаббаттан көңілі қалған...

Марал ЛАРА