Мемлекеттіліктің жаңа моделін қалыптастыруды көздейді – Мәулен Әшімбаев
Мемлекеттіліктің жаңа моделін қалыптастыруды көздейді – Мәулен Әшімбаев
214
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында еліміздің бүгіні мен болашағына қатысты тың бастамалар туралы айтты. Оның ішінде қоғам тарапынан бірден қызу қолдау тапқан Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу туралы ұсыныстың маңызы жоғары. Осы ретте Президентіміздің ұсынысы халықтың талап-тілегі мен сұранысынан туындағанын атап өткен жөн. Сондықтан бүгінгі бастаманы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тағы бір нақты нәтижесі деп қабылдаймыз. Шын мәнінде, бұл референдум қолға алынған саяси және конституциялық реформаларды іске асыру жолындағы негізгі қадамдардың бірі болары сөзсіз. Жалпы, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттіліктің жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Бұл – мемлекет пен қоғамның байланысын бұрынғыдан да жақындата түсетін үлкен мүмкіндік. Реформа аясында Ата заңымыздың 33 бабына түзету енгізіледі. Яғни еліміздің ең басты Құ­жатының үштен бірі өзгереді деген сөз. Сол себепті, осындай тарихи бетбұрысты халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асыру аса маңызды. Оның үстіне, республикалық референдум өткізу азаматтарымыздың конституциялық құқығы екені белгілі. Сондай-ақ ол бүкіл халыққа ел болашағы үшін ортақ жауапкершілік жүктейді. Осылайша біз ортақ мүддеге жұмылу арқылы нағыз демократиялы және әділетті «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыра аламыз. Бүгінгі сессияда Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси ахуалға да назар аударып, мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайту және отаншылдық рухын көтеру қажет екенін айтты. Бұл екі құндылық та елдік пен мемлекеттіліктің басты тіректерінің бірі. Сондықтан біз Президентіміз айтқандай, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын берік ұстануымыз қажет. Алдағы уақытта мемлекеттілік мүдде жолындағы осындай тың бастамаларды іске асыруға Парламент Сенаты белсенді қатыса береді. Біз Мемлекет басшысының бастамаларын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін тиісті заң­дардың бәрін қабылдаймыз.