Жайлы ортаның жайсыз шешімі
Жайлы ортаның жайсыз шешімі
281
оқылды
Шымкент қаласына іргелес жатқан Сай­­рам ауданы – оң­түс­тік жұртын көкө­ніс­пен, жеміспен қамтып отырған бір­ден-бір өңір. Алайда биыл оңтүстік­тің 3 миллионнан аса тұр­ғыны жемісті сырт­тан тасымалдап жеуге мәж­бүр бол­мақ. Шымкент қаласын мил­лион­ды қалаға айналдыру ке­зін­де облыс құра­мындағы Сайрам ауданы қалаға өткен бо­латын. Өкінішке қарай, бүгінде сай­рам­дықтардың жа­най­қайы көбейіп кетті. Әсіресе, су тап­шылығы диқан­дар­ды қыруар шығынға ұшыратқалы отыр.

Суы жоқ жұрттың шуы да көп

Жақында ашынған бір топ шаруа «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жиналды. Олар еккен егіндерінің қурап бара жат­қа­нын айтып, наразылық білдірді. «Сапарбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Мұталхан Сапарбаев соңғы 5-6 жылда су тапшылығы барын айтады. Биыл тіпті кейбір құзырлы органдардың салдарынан тамшы суға зар болғалы тұр. «Еңбекші ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабында «Көк» каналына қарап отырған 160 шаруа қожалығы бар. Былтыр да су тапшылығы болғанымен, аздап өнім алғанбыз. Тамыз айында су келіп тұрған «Көк» каналын бұзып, жөндеуге қойды. Оған миллиардтаған қаржы бөлінді. Бізге жаңа жылға дейін бітіріп береміз деп уәде берген болатын. Соған сеніп, биыл ерте көктемнен жерге егін егіп тастадық. Жақында шаруалар жиналып, каналдың басына бардық. Жөндеу жұмыстары сол күйі алқам-салқамы шығып, шашылған күйі әлі жатыр. Жұмыстың 10 пайызы ғана біткен десе де болады. Дәл мұнымен әзірге жұмыс бітпейді. Ал біздің еккен егініміз қурап бара жатыр. Осы жағдайдан соң диқандар жиналып қала әкімі М.Әйтеновке келдік. Қабылдамады, хатшы қыз «алдын ала жазыласыз, бірақ кезегіңіз 2 айдан соң келеді» деді. Амал жоқ, жазылып кеттік. Екі айда егін толық қурап, жер құр жазық дала болып жатады» деп қынжылды ол. Бұл – «Көк» каналының жанындағы 160 шаруа қожалығының ғана мұңы. Әлі Сайрам тұрғын алабында еңірегенде етегі жасқа толып, су сұрап отырған 1 900 шаруа тағы бар. Әрқайсысында жоңышқа, картоп, құлпынай, пияз, тағы басқа өнім алып отырған кемі 2 гектардан жері барын есептесек, биыл қаншама халық өнімсіз қалғалы отыр. Шаруа Камал Ергешовтың жанайқайы тіпті ащы. Иелігіндегі 8 гектар жерге жоңышқа мен бау егіп тастаған. Жоңышқаның келісін 2 500 теңгеден алса, ұрыққа әр гектарға 25 келіден шығынданған. Одан бөлек, 500 алма көшетінің данасын 1 100 теңгеден алыпты. Күзден бері «бұдан өзге де шығындарды қосқанда, 2 миллион теңгеден аса қаржы жұмсадым» дейді ол. «Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен шығын. Өкінішке қарай, жемістің басы қурап, жоңышқа тіпті жойылып барады. Жерге дәнді желтоқсан айында сеуіп тастаған едім. Бұлай боларын білгенде мүлдем екпес едік», – деп шырылдайды диқан.

«Қазсушар» диқанды шығынға душар етті

Камал Ергешов, одан бөлек егістік алқаптың су мөлшерін анықтап, бақылап, шаруаларға су беріп отыруы тиіс «Қазсушар» мекемесінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. «Соңғы жылдары су тапшы­лығы болып жатқанын білеміз. Былтырдың өзінде суды қиындықпен алып, аз да болса өнім алып едік. Биыл тіпті сазға отырар түріміз бар. Біз өзімізге тиесілі бар суды, яғни сыбағамызды да дұрыстап ала алмай жүрміз ғой. Себебі «Қазсушарда» маман жоқ. Кезінде гидромелиоративті институт, техникумдар бар еді. Қазір олар жоқ болып кетті. Сонда келешекте Қазақстанға су мамандары керек емес пе? Есесіне осы саланы толық білмейтін жандар жұмыс істеп жатыр. Қарапайым жер көлемін білмейді. Неше гектар суармалы жер бар, қандай егін түрі, олар қанша су алуы керек, есеп-қисап болуы тиіс қой. Ал біздің мамандарда жоспарланған құжат жоқ. Былтыр осы мекеме басшысына осы тектес бірнеше сұрақ қойдым. Біреуіне нақты жауап ала алмадым. Олар сумен қамтудың есебін білмей тұрып қалай жүйелі жұмыс істейді? Үкімет «Қазсушар» мекемесінің жұмысына ерекше назар аударуы тиіс», – дейді өзі кезінде 25 жыл колхозда шаруашылық маманы болған Камал Ергешов. Ашынған диқандар биліктің биыл су болмайтынын ескертпегеніне күйінеді. «Канал жаңа жыл қарсаңында бітіп, ақпан айында мол суға кенелесіздер» деген уәдесіне сенген шаруалар бала-шағасының аузынан жырып, бар қаржысын жерге құйған. Несие алып жұмсағандар да бар. Жасы 83-ке тақаған Шадыр қария қалт-құлт етіп зорға жүр. Құрдымға кеткен шаруашылықтың жағдайы жанына батқан соң билік өкілдері жиналады деген хабарды естіп таяғына сүйеніп жетіпті. Атай қыста шөп болмай, малды кебекке айырбастап бір тақырға отырса, биыл 2 гектар жерге еккен жоңышқа мен картоптан тағы шығын көрмек. «Бұл қалай болғаны, су береміз деген уәдесінде тұрмады. Бұдан кейінгі жағдайымыз қандай болмақ?», – деп ашынды ол. Осынау мәселе Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралды. «Мемлекет шаруаларды жан-жақты қолдап отырғанына қарамастан, сайрамдық диқандардың мәселесі жылдан-жылға күрделеніп барады. Биыл олар тұқым сатып алуға және егістікті өңдеуге миллиондаған теңге жұмсаған. Алайда биыл суармалы су бұл шаруашылықтарға жеткен жоқ. Мұның себебі – суару каналын күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмауы. Шымкент қаласының Жайлы қалалық ортаны дамыту басқармасы шаруаларға тамыз айында басталған «Көк» суару каналының күрделі жөндеу жұмыстары 1 қаңтарда аяқталатынына сендірген. Енді, міне уәде орындалмағандықтан, салдарынан егістіктер қурап, шаруалар айтарлықтай қар­жылық шығынға ұшырап жатыр» деп атап өтті кеңес төрағасы Мелес Сейтжанов. Шымкент қаласының қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Кенжебаев құрылыс жұмыстары ауа райына байланысты кешеуілдеп қалғанын, 1 мамырға дейін су жеткізілетінін айтып сендіргісі келгенмен, құрылыстың жайын көрген шаруалар оның мүмкін емесін айтып шулады.

Құрғақ уәде даланы да құрғатты

Бұл жұмысты атқару мердігер компания болып танылған «ПМК-7» мекемесіне жүктелген екен. Ол үшін мемлекеттен 370 миллион теңге қаралыпты. Бүгінге дейін осынау қаржының 30 пайызы аударылып та үлгерген. Өкінішке қарай, аударылған қаржының жартысының да жұмысы атқарылмапты. Ұзындығы 18 шақырым каналдың 14 шақырымына жөндеу жүруі тиіс болған. Айта кетейік, қала билігі каналдар мен арықтарды тазалау жұмысына бюджеттен 1 миллиард 400 миллион теңге бөлген. Бұл туралы қалалық мәслихаттың депутаты Ноян Төлегенов атап өтті. Басқарма басшысының орын­басары мердігер компанияның жұмысына салғырт қарағанын мойындап отыр. Тіпті, екі рет айыппұл да салыпты. Ал «Қазсушар» мекемесінен келген маман тек су қоймаларынан су босататынын, шаруаларға су бөлу «Шымкентсушардың» міндетіне кіретінін айтып ақталса, Ауыл шаруашылығы басқармасынан келген өкіл каналды жөндеу Құрылыс басқармасына қарайды деп басын алып қашты. Осындай жауапсыздықтар мен желге ұшқан қаржылар бойынша тексеру жүргізу қажетін айтқан Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма басшысы бұл мәселені назарда ұстайтынын жеткізді. Осылайша, шаруалардың шырылына құлақ түрген құзырлы орган қызметкерлері жедел түрде іске кірісетін болып тарқасты. Алайда әбден құрғақ уәдеге тойған диқандар бұл сөзге де сеніп отырған жоқ. «Егер шаруаның қажеттілігін толық өтеп берсе, біз бүкіл Шымкентті көкөніспен, жеміспен қамтыр едік» деген шаруа Мұталхан Сапарбаев 5 жылдан бері талай есікті тоздырғанын айтады. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалып кете беретініне қапалы...

P.S. 

«Кеше сайрамдық диқаннан шөлден қураған пияз алқабын сүріп жатыр» деген хабар келді. Өкінішке қарай, бұл зая кеткен егіннің бастамасы болып тұр. «Енді биыл жоңышқа да, қызанақ пен жүгері, пияз да болмайды» деп қынжылады шаруалар. Демек, кейбір осындай жауапсыздық пен немқұрайдылықтың салдарынан қымбатшылықты қолдан ұйым- дастырып жатқан жоқпыз ба?

Шымкент қаласы