«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»
«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»
533
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласындағы достық үйінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға белгілі тарихшылар, мұрағатшылар, мемлекеттік билік органдарының өкілдері, ғалымдар, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік және өңірлік комиссия мүшелері, мәдени, қоғамдық, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Көрмеден басталған жиын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, ортақ құндылықтар қалыптастырып, ұлттық жадыны жаңғырту және тарихи тәжірибені болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен шарада көптеген шынайы жайт жария етілді. Тарихшылардың деректері бойынша, сталиндік репрессия кезінде 100 мыңнан астам қазақстандық қуғын-сүргінге ұшыраған, олардың төрттен бірі дерлік атылған болса, үштен бірі аштықтан қаза тапты. Жазықсыз темір торға тоғытылып, «тар жол, тайғақ кешкендері» қаншама? Жиын Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің аса құнды құжаттар топтамасынан құралған «Ақмола өңірі архив құжаттарында. 1920-1930 жж.» тарихи-құжаттық көрмесіне шолудан басталды. «Ұлт болып еліміздің басынан өткен барлық қиыншылықты еске алып, тарих сабағына айналдырып отыру біздің перзенттік борышымыз. Қасіретке айналған бұл оқиғалар қазаққа орны толмас шығын әкелді. Халықты зиялыларынан, діннен, тарихынан, дәстүрінен айыру арқылы зорлық-зомбылықта ұстау Кеңес үкіметінің ең үлкен зұлым саясаты болды. Кеңес үкіметі кезеңінде құпия болып келген архив құжаттары негізінде бүгінде ақтаңдақ жылдардың ақ-қарасы ашылып, Алаш арыстары ақталды. Мемлекет тарапынан тарихи қаулылар жарияланды. Осы дөңгелек үстелді саяси қуғын-сүргін құрбандарына, ата-бабаларымызды еске алуға арнаймыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев. Қатыгез эксприметтік құрбандары Елімізде лагерьлерден оралмаған немесе аштықтан қайтыс болған туыстары мен жақындарын іздеу жұмысы жыл сайын жанданып келеді. Сол қорқынышты уақытты еске ала отырып, Қазақстанның әрбір тұрғыны трагедияның ауқымын және оның өз елінің тарихы үшін салдарын елестетуі тиіс. «Жиында өте өзекті мәселе қозғалып жатыр. Біз бүгінгі болмысымызды қалыптастыруда қандай кезеңдерден өттік. Бұл межеде ХХ ғасырдың І жартысының орны ерекше. Себебі бас-аяғы соңғы 10 жылдың ішінде ұлттық болмысымыз түбегейлі өзгеріп кетті. Қазақ ұлты өзінің табиғи үдерісінен ауытқып, әлеуметтік қанды да қатыгез эксперименттік құрбанына айналды. Менің ойымша, бүгінгі дөңгелек үстелде тек нақты фактілерді келтіріп қана қоймай, ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды қалай қалып­тастыру қажеттігін тереңірек айтуымыз керек. Бүгінде «не болды?» деген сұраққа жауап көп беріледі, ал «неге болды?» деген сұраққа әлі жауап берілмей келеді. Біз әлі де болса аласапыран жылдарды кеңінен сараптап, дербес саяси зерттеу жүргізуіміз қажет», – деді Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы, қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов. Алқалы отырыста одан да өзге көптеген мәселе сөз болды. Басты назар салынған жайт саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесі болды. Қазақстанның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер, саяси партиялар, ұйымдар мен топтарды анықтау және зерделеу мәселесі баяндалды. Тоталитаризм зұлматын еңсерудегі архив құжаттары, тарихи жады мен сана қызметі дәріптелді. Бір сөзбен айтқанда, саяси-қуғын сүргінге тарихи баға беруде жаңаша талпыныс барын аңғарып, қуанып қалдық.

Мәншүк АБДУЛЛИН