Жамбылдағы жарылыстан аман қалған екі өрт сөндіруші соттала ма?
Жамбылдағы жарылыстан аман қалған екі өрт сөндіруші соттала ма?
Фото: arasha.kz
2,567
оқылды
Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған жарылыстан аман қалған екі өрт сөндіруші сотталуы мүмкін, – деп хабарлайды Qazaqstan телеарнасы. Телеарнаның мәліметінше, қойма жарылғанда алдыңғы шепте болған оларға «қызметіне салғырт қарады» деген айып тағылып отыр. Істі әскери прокуратура жүргізіп жатыр. Ал құтқарушылар жұмысымызды ережеге сай адал атқардық, тағылған айып негізсіз деп отыр. Апат кезінде «қызметіне адалдық танытпады» деп айып тағылғандардың бірі – Асыл Мұхаметжанов. Ол Байзақ ауданы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметін атқарған. Айтуынша, жарылыс болған кезде алғашқылардың бірі болып өртпен күресіпті. Сол үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Алайда, кейіннен кінәлі деп күдікке ілініп, үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Асыл Мұхаметжанов: «Менің іс-әрекетімде салғырттық жоқ екені куәгерлер жауабымен дәлелденіп отыр. Алайда әскери тергеу басқармасы сонда да маған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатпай отыр», – деді.
Қазір Мұхметжанов апат кезінде алған жарақатына байланысты жұмысқа жарамсыз. Күні кеше ауруханаға қайта түскен. Құтқарушының әкесі болса, балама тағылған кінә негізсіз деп отыр. Асыл Мұхаметжановтың әкесі Жомарт Мұхаметжанов: «Жарылыс болған жерде соған 4 адам басшылық жасады. Екі азамат қайтыс болып кетті, екеуі тірі қалды. Ал енді сол екі тірі қалған азаматтар жауапқа тартылып жатыр. Сонда тірі қалғаны үшін кінәлі ме? Неге?..», – дейді. Қылмыстық іс тағы бір қызметкердің үстінен қозғалған. Ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Мансұр Шайкрамов. Қазір тергеу жүріп жатыр деген облыстық прокуратураның өкілі нақты ештеңені ашып айтпады. Облыстық прокуратураның бірінші басқармасының аға прокуроры Дархан Сатыбалдиев: «ҚР  ҚК 371-бабының екінші бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері ҚР ІІМ әскери тергеу басқармасымен жүргізілуде. Әлі аяқталған жоқ», – дейді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы құтқарушыларды қорғау үшін бар мүмкіндікті қарастырамыз деп отыр. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ералы Ақылбеков: «Қазіргі уақытта бізге тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқаннан кейін, тергеудің жай-жапсарын бізге айтпайды. Біз де қол қусырып қарап отыра бермейміз, біз де өзіміздің қызметкерлерді қорғауға бар күшімізді саламыз», – деді.