«Ескі» одаққа жаңа көзқарас
«Ескі» одаққа жаңа көзқарас
© коллаж: Елдар Қаба
613
оқылды
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Еуразиялық одақты қатты сынға алды. Бұл оқиға Минскіде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында болды. Бұған дейін бізде бұл одаққа қатысты батыл сын айтылмайтын. Белгілі бір деңгейде еларалық құрылымның жоқ-жітігін жасырып, кем-кетігін қолмен бүркемелеп, ұсақ-түйек жетістігін түйедей ету әрекеті болды. Енді тренд өзгере бастағанға ұқсайды. Осыдан-ақ дәл қазір ел билігі ұлттық мүдде бірінші орынға қойылатынын көрсетіп жатыр. ЕуразОдақ ЕуроОдақтың санкциясын сақтайды Сарапшылар бұрынғы биліктің ұстанымы тұрғысынан құрылған Еуразиялық одақ қазіргі күйінде заман талаб­ына да, Жаңа Қазақ­станның мүдделеріне де толық­қан­ды сәйкес келмейтінін алға тартады. Осы орайда еліміздің Үкімет бас­шысы одақ қызметін қайта құрып, трансформациялауды ұсынды. Мұның қисыны бар. ЕАЭО 2014 жылы құрылғанда посткеңестік кеңістіктегі жағдай басқаша бола­тын. Сол заманның талабынан ту­ған ескі уағдаластықтар ұйым не­гізіне қаланды. Қатып қалған дүние жоқ, бәрі өзгереді. Бүгінде халық­аралық ахуал түбегейлі түрде түр­ленді. Айналдырған 5 мүшесі бар одақтың үш елі қатаң санкциялар астында қалды. Бұл оның түркі қанатына (Қазақстан мен Қырғыз Республикасына) зиянын келтіруі ықтимал. Көркем тілмен айтқанда, бұл екі елдің ендігі міндеті – санк­циямен «миналанған аймаққа» кі­ріп кетпеу, сөйтіп, өзінің тіршілігіне қауіп төндірмеу болады. Президент тапсырмасымен Қа­зақстан Үкіметі ұжымдық Батыстың Ресей мен Беларуське енгізген ауыр санкцияларын сақтауға күш салуда. Әйтпесе Қазақстанның өзі қайта­лама санкцияға ұшырайды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың мәліметінше, биыл Ресей және Беларуське санкция ен­гізілгеннен кейін қазақстандық кәсіпкерлер көптеген қиындыққа тап болды, қаптаған сұрақ туын­дады. Мәселен, отандық бизнес ба­тыстың санкциясына іліккен әлдебір өнімді одақтастарға жет­кізіп қойып, қайталама санкцияға қалудан қорқады. Оның үстіне, мә­селе тек осы елдерге қазақ­стандық өнімдерді экспорттауға ғана емес, олардан импорттауға да қатысты болып отыр. «Біз бүкіл әлеммен еркін сауда жасаймыз, ал ЕАЭО-дағы бірыңғай кедендік аумақ жағдайында тауар­лар ағыны еркін қозғалады. Сон­дай-ақ Қазақстан арқылы Ресей мен Беларусь елдеріне транзитпен тауарлар көптеп өтеді. Ендігі мін­детіміз – реэкспорт қаупіне бай­ла­нысты санкция салған елдердің «ерекше назарына» түсіп қалмау. Осы орайда Премьердің төраға­лы­ғымен Жедел штаб бизнеске ар­­налған «нұсқаулықты» құру ту­ралы шешім қабылдады: Тraderadar.kz жеке сайты ашылды, онда РФ мен Беларуске экспорттауға және им­порт­тауға тыйым салынған тауар­лардың толық тізімін жинадық» деген Б.Сұлтанов «одақтастарға» Батыс жаңа санкциялар енгізген сайын ол ақпарат та жаңартылып отыратынын уәде етті. Сауда министрі Ресей нарығы­ның залалды болып кетуіне бай­ланысты репутациялық, инвести­ция­лық және қаржылық шығын шекпеу үшін оны тастап шығуға мәжбүр ресейлік және шетелдік компанияларды Қазақстанға тарту жұмысы жүргізіліп жатқанын меңзеді. «Сайтта геосаяси тәуекелдердің жоғары екенін ескере отырып, аталған елдердің нарығынан кетуге шешім қабылдаған халықаралық компаниялардың тізімі жария­ланған. Бұл компанияларды Қа­зақстанға тарту мәселесіне келсек, елімізде бизнес ашу және жүргізу үшін посткеңестік кеңістіктегі ең қолайлы жағдай жасалған. Компа­ниялардың бізге көшуі нақты секторда инвестициялардың өсуіне және жаңа өндірістердің ашылуына ықпал етеді. Ал бұл – Президенттің Үкімет алдына қойған негізгі мін­деттерінің бірі! Ендеше, Қазақ­станда өз өндірісін ашатын кез келген компания инвесторлар үшін қолжетімді жеңілдіктердің толық спектрін пайдалана алады», – деді Б.Сұлтанов. Одаққа басқа да балама бар Айтқандай, Еуразиялық одақ­тың беретін бір пайдасы да осы: Ресейден кеткен компаниялар өз өндіріс-зауытын Қазақстанда ашса, біріншіден, беделіне дақ түсіруден аман қалады, екіншіден, Ресей на­рығынан айырылмайды: одақ ая­сындағы тауарлардың еркін айна­лымын пайдаланып, өнімдерін көршіге сата алады. Мысалы, бұған дейін көршіде жұмысын өрістеткен ІТ және қызмет көрсету салалары компанияларының бір бөлігі Қа­зақстанға ауысып жатыр. Танымал такси агрегаторының елімізге ре­локация жасағаны жария етілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, жыл басынан бері мыңға жуық ресейлік компания респуб­ликада бөлімін не еншілес ұйымын ашыпты. Дегенмен «релокант­тар­дың» нақты саны белгісіз: үлкен бө­лігі «қырындап», келіссөз жүргі­зіп қана жүр, тағы бір бөлігі жаңадан заңды тұлғаны тіркемей, осындағы өкілдігіне не серіктес компанияға бар жұмысты аудара салған, «құжат жүзінде» көшкен. Германияның беделді Deutsche Welle арнасына түсініктемесінде халықаралық сарапшы, саясат ғылымдарының кандидаты Иван Преображенский «санкциялардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде Президент Тоқаев мәлімдеген та­банды позиция» Қазақстанға мол пайда әкелетінін білдірді. Ал Кремль­ге санкцияларды айналып өтуге жол ашу Қазақстанға өте қымбатқа түспек. Егер санкцияны бұзса, онсыз да импорталмастыруға қарқынды көшкен, көлемі қысқар­ған Ресей нарығына кіріптар болып қалады. Егер Батыс әлемімен дос­тығын сақтаса, мол инвестиция тар­ту, ірі нарықтарға өз өнімін өт­кізу мүмкіндігі кеңеймек. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік төрағасы Әсет Ерғалиевтің айтуын­ша, Қазақстанның сыртқы саудасы­ның 30 пайызға жуығы жалғыз ЕО елдеріне тиесілі. Яғни, ең алып на­рығымыз осы. Бұдан бөлек, Қы­тай, Түркия, Орталық Азия, АҚШ бар. Сондықтан республика Батыс елдерімен сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға кірісті. «Қазақстан үшін жаңа геосаяси ахуал аясында ЕуроОдақпен бай­ланыстарды одан ары нығайту аса маңызды. 2021 жылы Қазақстанның бүкіл сыртқы саудасының 30 па­йыздайы ЕО үлесіне тиесілі болды. 1993 жылдан елімізге құйылған ті­келей инвестициялардың 160 мил­лиард доллардан астамы Еуропалық одақ елдерінен келген. Бұдан бөлек, Қазақстанда еуропалық капитал­дың қатысуымен 4,5 мыңнан астам кәсіпорын ашылып, жұмыс істеп жатыр» деген Ә.Ерғалиев қазақ елі үшін Еуропа – №1 серіктес екенін жеткізді. Кезінде Елбасы ЕАЭО-ны құру салтанатында Ресейді – Қазақ­станның теңізіне теңегені белгілі. Алайда қантөгіс басталғалы Ресей жан-жақтан оқшауланып, темір «құрсанды». Жүк тасымалдаушылар Ресей аумағы арқылы жаһандық нарыққа шығу мүлдем қиында­ғанына шағымданады. Сол себепті мемлекетіміз Ресейді айналып өте­тін дәліздерді дамытады. Мә­селен, Қытайдан тауарларды Қа­зақстан жері арқылы Каспийдегі Ақтау, Құ­рық теңіз порттарына дейін апарып, ары қарай Әзербайжанға, Грузияға, Қара теңізге жөнелтіп, Еуропаға де­йін жеткізуді қарастыратын Транс­каспийлік дәліз өркендетіледі. 2022 жылғы 19 маусымда Иранға ресми сапары барысында Қ.Тоқаев Қазақстаннан шығып, Иран жері арқылы Түркияға жететін тұңғыш контейнерлік пойызды шығарып салды: жаңа халықаралық дәліздің негізін қалады. 48 контейнері бар жүк пойызы Павлодардан бастау алып, Түрікменстан жері арқылы Тегеранға жеткен еді. 12 күндік мар­шруттың жалпы ұзындығы 6 336 шақырымды құрайды. Ал 21 маусымда Брюссельде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Еуропалық комиссияға қос құр­лықты жалғайтын Қазақстандағы әлеуеті мол транзиттік тораптарды талқылауды ұсынды. «Біз Шығыс пен Батыс арасындағы жерүсті сау­дасын интеграциялау үшін тран­зиттік бағыттарымызды TEN-T-мен – Трансеуропалық көлік же­лісімен қосуға дайынбыз!» деген Ә.Ер­ғалиев 2025 жылға дейін Қа­зақстан құрлықтағы жаңа дәліздерді құруға қосымша 20 млрд доллар инвестиция салатынын жариялады. Яғни, жүк тасымалында Ресейге тәуелділіктен құтылуға бағытталған жұмыс жеделдетіледі. Трансформация табыс әкеле ме? Жалпы, Жаңа Қазақстан Еура­зиялық одақтан бас тартпады. Бірақ одақ аясында еркін сауда-эконо­ми­калық қарым-қатынас жасау тым күрделенді. Премьер-министр Әли­хан Смайыловтың мәлім­де­уінше, «ЕАЭО-ға мүше-елдер жаңа өмір шынайылығына тап болды, енді одақ қызметін соған сай транс­формациялау қажет». Ол одақтың жазылмаған бірнеше «іріңді» жа­расына назар аудартты. Біріншіден, құрылғанына 8 жыл өтсе де, өзара сауда-саттық пен ынтымақтастық алдынан тұрған кедергілер жойылу орнына көбейіп бара жатыр, әрі «бір кедергі басқаларын тудыруда». Екіншіден, келісімдік база сол бойы кемеліне келмеген. Үшіншіден, әсіресе Ресейде про­текционизм күшейді. Қазақ­стандық компаниялар ресейлік тендерлерге кең қатыса алмады. Төртіншіден, одақта салалардың өнеркәсіптік кооперациясы жете жолға қойылмады. ЕАЭО құрыл­ғанда мүше мемлекеттердің бірін-бірі толықтыратыны мәлімделді. Алайда әлі күнге дейін елдер өзінде жоғын одақтасынан емес, алыстан тасиды. Бесіншіден, ЕАЭО-ның құрыл­тайшылық құжаттарында бекітілген қағидалар – одақтың бүкіл аумағы бойынша кедергісіз транзитті қам­тамасыз ету, теңіз порттарының инфрақұрылымын дискримина­циясыз пайдалану – іс жүзінде орындала бермейді. Мұның бәрі елдерді балама сауда маршруттарын іздеуге мәжбүрлейді. «Бұл – қазақ­стандық бизнес үшін ең ауыр мәсе­ле. Ол шешілмеген соң біз үшін ЕАЭО-ның артықшылығын баға­лау, құндау өте қиын. Әріптестерімді транзитті жеделдетілген және оңай­латылған түрде өткізу мәселесінде икемді әр конструктивті болуға шақырамын», – деді Үкімет бас­шысы. Демек, осы айтылған мәсе­лелер одақты жаңаша трансфор­мациялау барысында ескерілуі тиіс. Былтыр одақ елдері арасындағы тауарайналым бірден 31 пайызға артқан-тын. Алайда қазір тек тө­мендеуде: биылғы 4 айда Қазақ­станның ЕАЭО мемлекеттерімен өзара саудасы небары 7,7 млрд долларды құрады. Белгілі экономист Алмас Чукин ЕАЭО-ның басты 3 туабітті «дертін» атады. Біріншісі – шешім қабылдау тетігіндегі кемшіліктер. Екіншісі, кедендік баж-алымдардан түскен табыстарды үлестірудегі әділет­сіз­діктер. Үшіншісі – Ресейдің үс­тем­дігі. Оның байламынша, ең өзек­ті мәселе – кеденнен түскен табысты бөлу. Кедендік бажды тарату нормативтері 2015 жылы бекітілді, 2019 жылы былайша «тү­зетілді»: блокададағы Арменияға барлық алымның – 1,22 пайызы (үлесі 2019 жылы +0,11пайызға көбейді), Қыр­ғыз Республикасына – 1,9 пайыз (өзгеріссіз қалды), Беларуске – 4,86 пайыз (+0,704 па­йызға артты), Қазақстанға – 6,9 па­йыз (-0,1 пайызға азайтылды), Ре­сейге – 85,065 пайыз (-0,2 пайыз). «Қазақстан шекарасы арқылы 100 млрд доллардың тауары импорт­талып, одан 10 млрд кеден­дік баж жиналды делік. Біз соның тек 695 миллионын қалдырамыз да, 85 пайыздан астамын, 8,5 миллиард долларды Ресей қа­зы­насына жол­даймыз. Мүмкін, бұ­рынғы кезеңде тауарлардың үлкен бөлігі Ресей аумағы арқылы өткен болар? Ал қазір санкциялық за­манда бәрі өзгерді. Оқшауланған Ресей арқы­лы транзит күрт азайды, біз өз же­ріміз арқылы импортты өрістетіп жа­тырмыз. Алайда одан бізге бәрі­бір пайда жоқ: сол бұ­рынғыдай 85 пайыз табысы­мызды Ресей Федерациясы бюдже­тіне, тағы 5 пайызын – Беларуське бе­руге мәжбүрміз», – деді А.Чукин. Қысқасы, Қазақстан үшін қым­батқа түскен Одаққа реформа жүр­гізіп, Әділетті Қазақстан бұл әді­летсіздікті жоя алса, жөн.