Алматыда жекеменшік балабақша тәрбиешісі 6 жастағы баланы соққыға жықты
Алматыда жекеменшік балабақша тәрбиешісі 6 жастағы баланы соққыға жықты
Фото: Almaty TV сюжетінен скриншот
Баланың еркелігін көтере алмаған тәрбиеші оның басынан ұрған, – деп хабарлайды Almaty.tv Осы оқиғадан кейін ата-аналар балаларын балабақшаға жібермей жатыр. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба балабақшаның бейнебақылау камерасынан алынған. Онда тәрбиешінің бүлдіршінді басынан шапалақпен ұрып жібергені анық көрініп тұр. Бөбекжай меңгерушісі тиісті шара қолданылғанын айтады. 6 жастағы баланы ұрған адам жұмысқа тәрбиешінің көмекшісі болып орналасқан екен.
Балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Эльмира Исабекова: «Статья бойынша жұмыстан шығардық. Енді әкімшілік тергеу жүріп жатыр. Жұмыс бабымен. Ол енді жұмыста болмайды. Сол күні біз оны келмейтін етіп іс-әрекеттер жасадық. Енді бұл оқиға балабақшаға кір келтіргеннен кейін ата-аналардан сұрақтар да болды. Оған жауап бердік. Ешкімнен жабылып, жасырып жатқан жоқпыз», – деді.
Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, оқиғаға дейін барлық топ ас ішуге кеткен. Сол сәтте қол жууға барған 6 жасар баланы тәрбиешінің көмекшісі ертіп әкелуі керек болған. Алайда бүлдіршіннің соққы алуына еркелікке салынғаны себеп болыпты. Оқиға болған балабақшада 50 шақты бала тәрбиеленеді.