Қазаққа қымбат қазына
Қазаққа қымбат қазына
466
оқылды
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «KitapTime-2022» жалпы респуб­ликалық кітап фестивалі өтті. ­ Еліміздің бірқатар өңіріндегі 74 кітапханада ұйымдастырылып жатқан шараның мақсаты – кітап оқу мәдениетін көтеру, әдебиетті насихаттау, тұрғындарды кітапханаларға тарту және оқырмандар­дың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Фестивальге Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысып, «Әр қазаққа – бір кітап» жобасының аясында Ұлттық кітапханаға Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» мен Мигель Сервантестің «Дон Кихотын» сыйға тартты.
«Республика көлемінде өтіп жатқан бұл фестивальдің рухани маңызы зор. Мұнда кітапсүйер қауым кітап жәрмең­ке­сіне қатысып, өзіне ұнаған туындыларды сатып алып қана қоймай, ақын-жазушы­лармен дидарласып, сұхбаттаса алады, жаңа авторлармен танысып, поэзиялық кештің көрермені болады. KitapTime­ фестивалі әрі қарай да жалғасын табуы керек», – деді министр.
Йел университетінің ғалымдары үнемі кітап оқуды әдетке айналдырған адамдар ұзақ өмір сүреді деген қорытындыға кел­ген. Шынында, кітап – қазына. Ал көркем әдебиеттің жөні мүлдем бөлек. «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымы «Әр қазаққа – бір кітап» жобасының аясында алыс-жақын шетелде тұратын қазақтарға кітап сыйлау акциясын жариялады. кітап фестивалі Фестиваль шеңберінде кітап көрмесі, жәрмеңке, буккросинг, «АвтографTime», KazakhComic, «Журналистің қоғамдық миссиясы» атты бас редакторлармен кездесу, поэзия рarty, блогерлер құпиясы, OYNA балалар институтымен бірлескен «Оқимыз, жазамыз, сурет саламыз!» шарасы өтті.
«Бүгін KitapTime фестивалі респуб­ликалық деңгейде бастау алды. Биыл әдебиет, мәдениет, қолөнердің барлық саласын қамтуға, бір жерге тоғыстыруға, түрлі локация жасауға тырыстық. Келер жылы шараның ауқымын кеңейтіп, түрлі идеяларды жүзеге асыру жоспарымыз бар. Мәселен, әр автордың, қаламгердің қолындағы сирек қорлардың көрмесін ұйымдастыру, оны халықаралық деңгейде өткізгіміз келеді», – деп атап өтті Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы.
Кітап көрмесінде 28 мемлекеттің еліміздегі елшіліктері оқырманды рухани қазынасымен таныстырды. Қырғыз елінің әдебиетшілері «Манас» эпосын, Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын және тағы басқа көркем туындыларын жиналған жұрт назарына ұсынды әрі Ұлттық кітап­хананың қорына сыйлыққа табыс етті.
«Ұлттық академиялық кітапхананың шақыртуымен осы шараға қонақ болып отырған жайымыз бар. Бүгінгі көрмеге азын-аулақ кітаптарымызды әкелдік. Оның ішінде жас әдебиетшілердің туын­дылары көп. Мақсат – оларды қазақ ауди­ториясына таныстыру. Қазақ-қырғыз ба­уыр­лар сонау заманнан бір-бірінің әдебиетімен, мәдениетімен етене таныс болған. Бүгінгі ұрпақтың арасында да осы сабақтастықты кеңінен насихат қылып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз керек», – деді Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Алмасбек Ергешов.
Кітап жәрмеңкесіне астанадағы кітап баспалары өз өнімдерін қойған, олардың арасында әлем әдебиетінің жауһарла­рын, еліміздің ақын-жазушыларының туындыларын, балаларға арналған шығар­маларды кездестіруге болады.
«Бүгінгі ұрпақтың смартфонға телмі­ріп, кітап оқуды ұмыта бастағаны жасырын емес. Қолына телефон ұстап туатын жас буынды шығарма оқуға бейімдеу үшін ата-ана алдымен өзін тәрбиелеуі қажет. «Үш байлық», «Сеніммен болашаққа» қо­ғамдық бірлестіктері осы мақсатта бір­қатар жұмыс атқарып, бүгінгі жәрмеңкеге ата-аналар мен балаларға арналған бірнеше кітап әкеліп отырмыз», – дейді қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы.
Бұл жиынға зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, суретшілер, ұстаздар, сту­денттер мен оқушылар, БАҚ өкілдері қатысты.
«Кітапқа бет бұру – мәдениеттің тө­ресі. Шекспир «Маған кітап тақтан да қым­бат» десе, Асқар Сүлейменов «Жақсы кітап – ұяттың антологиясы» деген. Ал абыз атамыз Әбіш Кекілбай «Адамды адам қылған – кітап, адамзат қылған – кітап­хана» дейді. Бүгінде кітапқа деген ықылас-ниет дұрысталды, кітап оқитындардың қатары көбейіп келеді. Республика көле­мінде түрлі іс-шаралар, кітап жәрмеңкелері жиі өтетін болды. Бүгін де астананың тө­рінде сондай бір игі шара болып жатыр, кі­тапсүйер қа­уымды шын жүректен құт­тықтаймын», – деді ақын Маралтай Райымбекұлы.
 

Асыл ТҰМАР