Жарты ғасыр жуынбаған ер адам 94 жасында көз жұмды
Жарты ғасыр жуынбаған ер адам 94 жасында көз жұмды
© AFP
Елу жылдан астам уақыт жуынбаған қария су мен сабынның қатерлі ауруға ұшырататынына кәміл сеніп өткен, – деп хабарлайды Экспресс К.
Иранның Фарс провинциясында өмір сүрген Аму Хаджиді (парсы тілінде — "Хаджи ағай") журналистер "әлемдегі ең кір-қожалақ адам" атап кетіпті. Ол сырт көз қызық көретін жергілікті "көрнекілікке" де айналған. Әсіресе, елдің әр қиырынан тілшілер қауымы жиі-жиі келіп, оқырмандарына елең еткізер оқиға ретінде ұсыну үшін диуана қартты сұхбатқа тартатын көрінеді.
"Мысалы, 2014 жылы Tehran Times атты ағылшын тілді газетке сұхбат беріп, өзінің барлық жан қалауын тізбелеп шыққан. Жайраның етін ерекше сүйсініп жейтінін және апанда өмір сүргенді ұнататынын айтыпты. Бірақ көршілері салып берген лашықты паналаған", – деп жазады BBC.com.
Ол мұндай өмір салтын ұстануына жас кезінде бастан кешірген көптеген эмоциялық күйзелістер себепші болғанын мойындаған. Оның тағы бір ерекше әдеті – табакқа аса қатты құмар болған. Кейде саусақ арасына бірнеше шылымды қыстырып алып, бәрін бір мезетте шегеді екен. Бірақ мұның өзі жарты ғасыр жуынбауының қасында елеусіз болып қалатыны сөзсіз.
"Көп жыл сабын мен жуыну жөкесін көрмеген оның терісі қарайып, қалың күс басып кеткен. Бірақ бұнысынан ешқашан қымсынып көрмепті. Ол жеген өлексе де, ескі канистрден ішкен сасық су да денсаулығына кері әсер етпесе керек", -делінеді сайт мақаласында.
Бірақ ауылдастары осыдан бірер ай бұрын оны қалай да жуынып көруге көндірген екен. Өкініштісі, содан кейін Хаджидің  жағдайы күрт нашарлап, өткен жексенбіде көз жұмыпты. Қазасының нақты себебі беймәлім күйінде қалып отыр. Алайда гигиеналық әдеттерінің аяқ астынан ауысуы оған кері әсер берді деп жорамалдауға болады.
"Ендігі сұрақ: ирандық диуананы жуынудан бас тарту жөнінен рекордсмен санауға бола ма? Өйткені 2009 жылы 35 жыл денесіне су тигізбей, тіс жумай келген үнділік туралы ақпарат жария болған. Енді ирандықты толық құқылы рекордшы деп тануға болады ғой," – дейді BBC тілшісі.
Бірақ үнділіктің де жарық әлемде бар-жоғы беймәлім. БАҚ назарына ілікпегелі көп болған.