Мойындамаса кінәлі
Мойындамаса кінәлі
260
оқылды
«Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер!» – дейді қазақ. Бірақ, анекдот бар ғой, мұғалім оқушыдан сұрайды ғой: «Рейхстагты кім алды?». «Мен алған жоқпын!». «Кім алды деп сұрап тұрмын?». «Көрген жоқпын апай!». «Білмейсің бе?». «Ой, апай, алсам, айтамын ғой!». Апайы жынданып, мектеп директорына келеді. «Ағай, мына оқушым топас. Рейхстагты кім алғанын білмейді. Бірдеңе деңізші?» Мектеп директоры орнынан тұрып: «Бұлар үй ішімен ұры. Алғандарын өмірі мойындамайды!» – деген екен. Бұл жәй анекдот. Өмірде ше? Мойындамайтындар толып жатыр. – Сіз алдыңыз ба? – Нені? – Жоқ алдыңыз ба, деймін? – Алған жоқпын. – Нені алған жоқсыз? – Е, қайдан білейін? – Алғаныңызды көрдім ғой. – Алсам, айтар едім ғой. – Алдыңыз! – Құдай ұрсын, әйелім ұрсын, бастығым ұрсын, көшедегінің бәрі жабылып ұрсын, алған жоқпын! Көрдіңіз бе, не алғанын айтпай-ақ қоялық, бірақ мойындамайды. Алды. Мойындамайды. Көзіңді бақырайтып қойып. Балаңыз да, бірдеңе бүлдірсе, еш мойындамайды ғой. – Балам, бір пакет кәмпитті сен жеп қойдың ба? – Жоқ. – Сенен басқа балам жоқ. Енді кім жеді? – Әкем жеген шығар? – Ол қант диабетімен ауырады. Айт, кім жеді? – Кәмпиттер бірін-бірі жеп қойған шығар? – Жаныңның барында мойында! – Мойындамаймын. Қандай жаза берсеңіз де, – деген баласы да қасарысып тұрып алды. Шешесі мойындамаған баласын шапалақпен ұрып алды. Ал, ерлі-зайыптылар арасындағы мойындамау ше? – Айсара, айтшы, мына бала менікі ме? – Жоқ, жолдан тауып алдым. – Ерегіспей, шыныңды айт, неге қап-қара? – Былтыр күйе жалағанмын. – Шыныңды айт деймін, кімнің баласы? – Қап-қара болып туғанына мен кінәлімін бе? «Инвестор» өзің. – Мен сап-сары «Компаниямын» ғой? – Атам ше? – Әкем сары «колхоз». – Оның әкесі ше? – Білмеймін. – Мүмкін, мойнынан былай қарай қап-қара шығар? – Сен де сап-сарысың. Мен де, сонда бұл бала неге қара болып тұр? – Ее, жерік кезімде интернеттегі бір қараға таң қалып қарай беріп едім... Көрдіңіз бе, жеңіл жүрісті әйелі де, еш мойындамайды ғой! Сіз де ештеңе мойындамаңыз! Бюджеттен опырып отырып, қытырлатып, сытырлатып жесеңіз де! Отаныңызды сатып, біреуді атып кетсеңіз де! Мойындамау демекші, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақыткүл Хаменова да пара алғанын мойындамай қойды. Мойындамаған күйі жеті жылға сотталды. Сонда да, мойындамай кетті. Қалай болғанын білесіздер ғой, сонда да айта кетейін. 2021 жылы Атырау қалалық мәдениет басқармасының экс-бастығы Рысқалиев пен «Балқыту» ЖШС-нің директоры Адамов арасында Абай ескерткішін сатып алуға 145 000001 теңге сомасында шарт жасалады. Шарт-пұрт дегендей. Қараша айында ЖШС шотына жартысы – 725000000 теңге аударылған. Осы кезде, әкімнің экс-орынбасары Б. Хаменованың ойы «одыраңдап» шыға келеді ғой. Құрылыс саласына жетекшілік еткен ол мәдениет басқармасының бастығына ЖШС директоры Адамовтан 5000000 теңге көлемінде пара талап етуге нұсқау берген ғой. Адамов «Оллахи, алдамаймын!» – деп алақайлап кеткен. Бірақ Б. Хаменова осы эпизодты ойдан шығарылған деп мойындамай қойды. «Жел тұрмаса, антенна, ой, шөптің басы қимылдамайды» десек, Хаменова бәрі бір сотталып тынды. Адамов төрт жыл түрме сорпасын ішетін болды. Рысқалиев те, жеті жыл жетісіп отырмайды, жеті жыл түрменің «төрінде» жантайып жататыны белгілі. Бәлкім, мойындағанда, Хаменованың жазасы сәл жеңілдер ме, еді? Мойындамады ғой. Тууй...

М.ШЕРІМ