Пісте май алатын едік
Пісте май алатын едік
436
оқылды
Су жаңа бәтеңкемді әдейі қонышынан басып, үйге кіргенім сол, әйелім басыма, ұйпа-тұйпа шашыма, керілген қасыма, сосын аяғыма қарап, қылғынып қала жаздады. Жүзінде «Тайфун» дауылы тұрғандай, бір албасты басына «зың» еткізе ұрғандай, теңселіп тұрды да, екі қолын бүйіріне таянып, ал кетті дейсің, қалғанынша аянып! – Әй, мынауың не? – деп сұрады ол. Ернін тістелеп те тұр. – Қонышымнан басып. – Су жаңа бәтеңкені қонышынан басқаның не деймін? – «Қолыңнаан келсе, қонышыңнан бас!» деген бар. – Құдай құлағыңды қыршып, тістеп алсын, әжептеуір аяққиіміңді құрттың ғой? – Сен де, етігіңді қонышынан басып жүрсеңші? – Түсінсем, тілім котлет болып, пісіп қалсын, шекем шодырайып, ісіп қалсын! – Көршіміз Көңбай бастық өте қымбат «Джип» мініп алыпты. – Міне берсін! Миллионер, бай, біз сияқты табанын тыр-тыр қасып, қарыны ашып жүрген жоқ. –Маған шалқайып: «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас!» – деді ғой. – Ебін тапқан екі асайды да! – Сол айтқан соң мен де «Джип» мініп қалармын деген оймен қонышымнан басып жүрмін. Әйелім ойбайлап отыра кетті. Маңдайынан сүйіп, ашуын әрең бастым. Бәтеңкем жарамай қалыпты. Мыжылып, жыртылып... Содан айлық алған күні арзандауын сатып алдым. Оның орнына ұн алатын едік... Ұнның орнына макарон... Макаронның орнына пісте май... Туу, арзан болса да су жаңа бәтеңкеме бір түрлі, аянышпен қарадым. Еңкейіп, тұмсығынан сипалап қойдым. Бізді де, «Джип», ой, оны қойшы, ескі бір «Мазда» мінетін күйге жеткізгейсің!» – дедім де, қоны­шынан баса кидім. Тәпішке сияқты. Ойебаа-ай, кәдімгідей көңілім көтерліп, жекеменшік ұшағым бардай ұшып жүрмін. Шіреніп келемін. Бір танысым жолығып еді, оған қолымның ұшын ғана бердім. Тағы бір танысымның сәлемін жүре тыңдадым. Байлық деген осы екен ғой? «Мұрның барда, бір сіңбір!» – деген сөз есіме түсіп, бір сіңбірдім. Қолымнан келді ғой, аяқкиімімді қонышынан басып, көңіл шіркін тасып, уайым-қайғы қашып... Сіздер де сөйтіңіздер, қолдан келгенде қоныштан басы­ңыздар! Мына қаптесер шенеуніктер, билік дәлізін­дегілер де, туфлилерін қоныштарынан басып жүр ғой! Бір министрді көрдім интернеттен. Туфлиін қонышынан басып, шалқып, қалқып келеді. Өтірік айтсам, өліп кете­йін! Әйелім есік алдынан ашулы, қабағы қатулы қарсы алды. –Мынауың не тағы? –Қонышынан басып келемін. – Қонышы жоқ аяқкиім алсаңшы? – Қатен, «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» деген. – Оның мағынасын түсінсеңші? – Түсінгім келмейді! Қолымнан келгені сол! – Сенен көріп, балаң да кроссовкасын қоны­шынан басып жүр! – Дұрыс! – Одан да, оған ұрыс! – Өзің де, төплиіңді қонышынан басып киіп алыпсың ғой? – Қайдан білейін, «бір байып қаламыз ба?» –деп... – Көршілер де аяқкиімдерін қоныштарынан басып киіп алыпты. – Сенен көрген де. Бір күні қала бойынша бәрі қоныштарынан басып киіп алатын шығар? – Кемпірлер де кебістерін қоныштарынан басып киіп алған, – дегенім сол, әйелім туфлиін шешіп алып, басыма ұра жөнелді. Қатынымнан қаша жөнелдім. Бұл айтып жатқаным біреуге ертегі көрінер. Десек те, сөзімнің жаны бар, шындықтың да тілінсе, қаны бар, Гүлмира Сатыбалды да кезінде қолынан келіп тұрғанда, қоныштан басып жүрді ғой? Оның жәбірленушілерге келтірген залалдың сомасы 6,6 миллиард теңгеден асып кетті! Әне, қоныштан басудың «пайдасы!» Бірнеше нысан бойынша, іс жүзінде орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстарына «ақы төлеу» деп қана 3,9 миллиард теңге зиян келтіріп тынған. Міне, қоныштан басудың нәтижесі қандай? Бірнеше кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адам ұрлау фактілері өз алдына бір әңгіме. Не деген масқара?!