Азаттықты аңсаған алаштықтар
Азаттықты аңсаған алаштықтар
749
оқылды
Тура 105 жыл бұрын, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орын­­­бор қаласында ІІ жалпықазақ съезі өтті. Тәуелсіздікті мұ­рат еткен осы алқалы жиынның нәтижесінде қазақ қай­раткерлері Алаш Орда атаған ұлттық мемлекет дү­ниеге келді. Бұл мемлекетіміздің тарихындағы ұлы сер­піліске із салған аса маңызды қадам болды. Алғашқы ұлт­тық үкіметтің ғұмыры қысқа болғанымен, Алаш қозғалысы мың­даған адамның санасына ой салды, егемендіктің елес емес екенін аңғартты, ең ақыры болашақ һәм бүгінгі тәуел­с­іздіктің негізін қалады. Айта кету керек, бірінші жалпықазақ съезі 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен бо­ла­тын. Сол кездегі ұлттың сөзін сөйлеген «Қазақ» газеті жа­ны­нан құрылған ұйымдастыру бюросы съезд мәселесін көте­ріп, күн тәртібінде «Қазақ саяси партиясын құруды» ұсын­ды. Нәтижесінде, Орынбордағы тұңғыш жалпықазақ съе­зінде қазақ саяси партиясын кұру туралы мәселе қара­лып, мынадай шешім қабылданды: «Қазақ халқының өз ал­дына саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жоба­сын жасауды съезд «Шураи исламға» сайланған қазақ өкіл­деріне тапсырды. Партияның негізгі демократиялық, фе­деративтік парламенттік республика кұрылмақ ...». Міне, осы­лайша қазақ партиясының ұйымдық тұрғыдан құрылуы күз­ге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сай­лау науқанына тұстас келді. Екінші съездің еншісі Ал 1917 жылы 5-13 желтоқ­са­нында Орынбордағы екінші жал­пықазақ съезі өтіп, онда Алаш ав­тономиясы жарияланды. «Алаш» атын ұрандаған қайраткерлер ұйым­дастырған Орынбор съезінде ең басты мәселе – қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қаралғаны белгілі. Съезде алғашқы баяндаманы Әли­хан Бөкейхан жасады. Оның баяндамасы жөніндегі қабылданған қаулыда – қазақ автономиясы, ми­лиция (жасақ) және Ұлт кеңесі мә­селелерін қарауға жеті кісілік ко­миссия құрылады. Ал құрылған ко­миссияның атынан Халел Ғабба­сұлы автономия, милиция және ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды. Ұлттық автономия үкіметінің құрамындағы халық милициясы, Қазақ автономиясын құру туралы баяндама оқыған Халел Ғаббасұлы былай деді:« Егер әркім өз басын күйттеп, ешкім ешкімге бағынбаса, азамат соғысы басталып кетуі мүм­кін. Анархия толқыны мемлекеттің бүкіл аумағын шарпып барады. Үл­кен қалалар, шағын ауылдардың бәріне кірді. Қазақтар тұратын ме­кенге баса-көктеп кіру алдындағы монархия адамдардың өміріне, мүлкі мен үйіне қауіп төндіреді. Адамдар қорғансыз қалды. Осындай күрделі кезеңнен шығудың бір жо­лы – қазақтың аудандары мен об­лыстарында іргелі мемлекет құру. Егер анархия қазақ облыстарын шар­пып кетсе, қазақ халқына то­лы­ғымен құрып кету қаупі тууы мүм­кін. Сондықтан қайғы-қасіреттен сақтау үшін халықтық әскер – халық милициясын құру керек». Сонымен қатар автономия құру ісіне байланысты Халел Ғаббасұлы Әлихан Бөкейханның рөлін ерек­ше атап, жаңа автономияны «Алаш» деп атауды ұсынды. Біраз талқыдан соң 1917 жылдың 12 желтоқсанында съезд делегаттары уақытша ұлттық кеңесті – Алашорданы құрды. Ал көпшіліктің дауысымен Алашорда Үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланды.
Кейіннен бұл туралы Әлімхан Ермекұлы«Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтардағы №28 санында: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге АЛАШ автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, АЛАШ туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отан­сыз жұрт Отанды болды» деп жазды.
Осыдан бастап Алашорда авто­номиясы өз жұмысына кірісті. Ал 1917 жылдың 20 желтоқсанында Әлихан Бөкейхан Сібір облыстық кеңесіне жеделхат жолдап, «Алаш» автономиясының және «Алашорда» уақытша үкіметінің құрылғанын хабарлады. Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұл­ұлының айтуынша, бұл күн біздің тарихымызда алтын әріптермен жазылуы керек. Өйткені қазақ мем­лекетінің іргетасы 1920 жылы тамыз айында Кеңес үкіметі бекіткен декреттің күшімен құрылған жоқ. Мемлекетті құратын – халық. Бұл жайлы Президентіміз Қасым-Жо­март Тоқаев жеті томдық акаде­миялық тарихымызды қайта жазу жайлы тапсырма берген. Тарихымыз ұлттық мүдде тұрғысынан жазылу керек. Сол тұрғыдан қарасақ, қазақ мемлекетінің іргетасы 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда құрылған.
–Алаштанушы ғалымдардың басым бөлігі «Алаш» сөзін қазақ сөзінің баламасы деп анықтама береді. Бұл – қате пікір. Өйткені Жо­шы ханды халық арасында «Ала­ша хан» деп атаған. Яғни, ханның ұлысы шартты түрде ғана «Алтын Орда» деп аталды. Шын мәнінде, Алаша ханның ұлысы «Алашорда» деп аталуы тиіс еді. Ал алты «Алаш» деген сөз неден шықты? Алтын Орданы алты түркі тайпасы құрады. Бұл алты Алаштың құрамына бүгінгі башқұрттар, татарлар, қырғыздар, ноғайлар, түркі мұсылман халық­тары енген. Алаш Автономиясының астарында Жошы хан құрып кеткен Ұлы ұлысты қайта тірілту жатыр,– дейді Сұлтан Хан Аққұлұлы.
Тарихи күннің маңызы «Алаш» атын ұрандаған қай­рат­керлер ұйымдастырған Орынбор съезінде ең басты мәселе – қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қа­рал­ғаны белгілі. Осылайша, съезд ал­мағайып заманда батыл қадамдарға дем берді, «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешімді қабылдады. Мемлекеттіліктің маңыз­дылы­ғына орай сол кездегі ұлт газеті «Қа­зақта» мынадай мақала жарық көрді: «5-13-ші декабрьде болған Орынбор Жалпы қазақ съезіне жиылған өкілдер автономия туралы тоғыз күн толғанып, жүрегі дірілдеп, буындары қалтырап, бір айдан соң автономия жариялауға әрең қаулы қылысты. Бұлар неге мұнша көп тол­ғанды? «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда қандай едік?» деген қазақтың арманды, сағы­ныш­ты сөздерін естімеген бе? «Аз өлтір­мес, жат жарылқамас» деген ма­қалша қазақтың өзінен сайланған үкімет қазақтың ұрпағын көгертіп, дүниежүзіне көрінбегіне, өз ата­сын­дай махаббат көрсе тойына нан­ба­ғаны ма? Жоқ. Әр істің өнгенде берерлік жұмысына қарай бер жа­ғында етерлік еңбегі қатар тұрғаны сықылды қызықты өмірдің қуаны­шы құпияда қатар тұрады. Авто­номия – ешкімнен жәрдем сұра­майтын һәм ешкімге жалтаң бол­майтын өз алдына бір патшалық болады. Ақыры сан қайғыны сас­тырып келгенде Алаш ұлының басы құралмай, торғайдай тозып, әркім­нің көшіне тіркеліп кеткенінен зор қайғы болмас. Алашқа қаны бірге Алаш ұлынан артық жанашыр ба­уыр табылмас. Алаштап ұран сап, Алаштың туын тіксек, сүйегінде шақпақтың қуындай жігер, намысы бар Алаштың ұлының шыққан шығынына, тартқан бейнетіне еті ауырмас деп Аллаға тәуекел қылды. Тозғандықтың белгісі – бірсыпыра Алаштың баласы қалың Алаштың баласы бабасының атын атап, туын тікпеген соң Түркістан автономия­сына қосылып отыр. Енді біз Алаш Ордасын құрған соң Алаш аруағын жерге көміп, сарт болып кетемін деп бір Алаштың баласының қалмасына панамыз. Бесінші ғинуарда Түркіс­тан қаласында болатын Сырдария қазақтарының съезіне үш кісі жі­беріледі. Сол съезде Түркістанға қосылған елдің адамдарымен сөйлесіп, бабасы Алаштың Ақ Орда, алтын бесігіне қол ұстасып, бірге қызмет етпекке шақырады. Олар құшағын жайып, қойнын ашқан бауырын кеудеге итермес». Осы мақаладан-ақ қасаң замандағы бар қазақтың басын бір тудың астына біріктіруге үндеген Алаш идеясын, тәуелсіздік мұратын сезінеміз. Тарихшы Елдос Тоқтарбайдың пікірінше, ІІ жалпықазақ құрыл­тайы – ордасы түскен Қазақ хан­дығын қайтадан қалпына келтірген, бұрынғы қазақ мемлекетінің оша­ғын қайта жаққан саяси маңызы зор оқиға. Бұл – қазақ тарихындағы ең келелі мәселе шешілген күн. Біздің мемлекетіміздің іргетасы шын мәнінде 1917 жылғы 12 желтоқсанда қаланды. Сол әділдікті қайтадан жаңғыртқанымыз жөн. 1991 жылғы 16 желтоқсанда біз тек тәуелсізді­гімізді қалпына келтірдік. Мысалы, бауырлас әрі біз сияқты тағдырлас Әзербайжан мемлекетін алып қараңыз, іргетасы 1918 жылы қа­ланған деп жазылған. Тек 1990 жылы Егемендік декларациясын жариялаған.
– Қазір бәріміз Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деп жүрміз ғой. Ол ең алдымен тарихи ұлттық са­надан басталады. Біз ұзақ уақыт отар ел болған соң ұлттық ойлауы­мыз бен санамызға құлдық пси­хология әбден сіңіп, мерез болып қатып қалған-ды. Одан арылудың бір ғана жол бар. Төл тарихымызды дұрыс жазу. Сондықтан алдағы күн­дері Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші Республиканың Тәуелсіздік күнін Тағзым апталығы ретінде жарияласа, әділетті болар еді. Желтоқсан айында Алаш тұлға­ларын да, Желтоқсан жастарын да еске алар едік. Бұл — санамызға әсер ететін, мемлекеттік идео­ло­гияны нығайтуға үлес қосатын зор іс,– дейді Елдос Тоқтарбай.
Ал алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы бұл жиынды құрылтай деп атайтын уақыт жеткенін айтты.
– Біз ең бірінші бұл жиынды съезд демей, құрылтай деп атауымыз керек. Өйткені ол кезеңде құрылтай сөзін пайдалануға болмайтын. Сондықтан тарихи атауды қалпына келтіретін уақыт болды. Екінші, бұл жиынды ІІ қазақ-қырғыз құрылтайы деп атауымыздың себебі, ол жиынға қырғыздың да өңірлері қатысты. Сол тұста Қырғыз Республикасының көп жері Жетісу облысына қа­рай­тын. Ал Жетісу – Алаш республика­сының заңды жер аумағы. Осындай мәселелерді естен шығармауымыз қажет, – дейді Сұлтанхан Аққұлұлы.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бір сөзінде: «Әр ұрпақ өзіне артыл­ған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Әйтпесе, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарт­тар бар» деген еді. Алаш қай­раткерлері ХХ ғасырдың басында-ақ өздерінің міндетін абыроймен, қалтқысыз атқарып кетті. Ендігі кезек – бізде...