Құмкөлге қатынап оқиды
Құмкөлге қатынап оқиды
724
оқылды
Абай облысы Ақсуат ауданына қарасты Ойшілік ауылындағы Тоғас батыр атындағы орта мектептің оқушылары қыс қаһарына мінгенде көрші Құмкөл ауылына барып оқуға мәжбүр болып жүр. Себеп – өз ауылдарындағы мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталып бітпеген. Бұл, әрине, балалары өз ауылында білім алуын қалаған ата- аналарға қиын тиіп отыр. Бұл мектепте 335 бала оқиды. Құм­көл ауылына арнайы автобус бөлінгені­мен, қыстың көзі қырауда апарып қайту өз алдына, сапалы білім алуы үшін саба­ғын қадағалап отырудың өзі оңайға түс­пейді. Ойшілік ауылының тұрғыны Арай­лым Нұрғалиеваның жанайқайы орын­ды көрінді. Тұрғын ауыл мектебіндегі жағдайды жайып салды.
«Мен көпбалалы анамын. Бесінші перзентіме аяғым ауыр. Мектеп жасын­дағы үш баламның бірі балабақшада, екеуі ауылдың клуб үйінде сабақ оқып жүр. Иә, сыныптастарымен бірге кәдім­гідей сахнада отырып сабақ алады. Орта­сы ағаш материалмен бөлінген. Елес­тетіңіз, ар жағында басқа сыныптың ба­ла­лары оқып жатыр. Ол сыныптың мұғалімінің дауысы оларға естіліп тұ­рады. Ал осыдан қандай білім сапасы бо­лады айтыңызшы?! Тоғас батыр атын­дағы мектептің жөндеуі аяқталмаған­дықтан, екінші сыныптан алтыншы сыныпқа дейінгі оқушылар осылай сахнада оқиды. Ал бірінші сынып оқушылары мектепке дейінгі даярлық сыныбымен бірге балабақшада отырады. Жоғары сынып оқушылары бес шақы­рым жердегі Құмкөл ауылына таңертең 7-де шығатын автобуспен барып, күнделікті қатынап оқиды. Ал осы жаңа ғасырға, жаңа Қазақстанға қадам басқан жаңа облыстағы жағдай дегенге сен­бейтін шығарсыз. Бірақ шындығы осы, – дейді А.Нұрғалиева.
Арайлымның айтуынша, ойшіліктік оқушылардың жоқтан бар жасаған білім ошағының бір бұрышында кішігірім асхана да бар көрінеді. Алайда санитар­лық талапқа сай еместігін жасырудың да қажеті жоқ. Кейбір ата-аналар талапқа сай келмейтін жерде оқып жүрген балаларының денсаулығы сыр бере ме деп алаңдаулы. Ал табалдырығынан аттап, ел қатарлы оқуды армандаған мектептің ішінде жөндеу жұмыстарының аяқталмағаны өз алдына, тартылған жылу көзінің құбырлары жарылып, іске жарауы қиындап қалғаны жығылған үстіне жұдырық болып тұр. Әкім мен басқарма басшысының уәжі бөлек
Осы тұрғыда Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Аққазинге хабар­ласқан едік. «Қазір ол мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаражаты Абай облыстық Білім басқармасы арқылы осы қараша айында шешілді. Мектептерді қаржыландыру бұрынғыдай аудандық әкімдік арқылы емес, тікелей Білім басқармасы арқылы жүзеге асады», – дейді А.Аққазин.
[caption id="attachment_231009" align="aligncenter" width="1466"]Құмкөл оқушылар © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Аудан әкімі орынбасарының жауа­бынан кейін Абай облыс әкімдігі Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиевтен мән-жайды анықта­ғанымызда, жолдаған дерегі төмен­дегідей болды:
«Тоғас батыр атындағы орта мектеп­тің жөндеу жұмыстары 70 пайызға аяқ­талды. Жөндеу жұмыстары «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында жүргізіліп жатыр. 2021 жылы басталған жобаның 70 пайызы аяқталды. 2022 жылдың басында қаражат бөлінген жоқ. Келісім бойынша қаражат қалдығы – 65,9 млн теңге. 2022 жылғы 20 қыркүйектегі Абай облысының әкімдігі № 32 қаулысымен Ақсуат ауданы Ойшілік ауылындағы Тоғас батыр атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін 65,9 млн теңге бөлінді. 0-1 сыныптарға арналған оқу процесі балабақшада, 2-6 сыныптар үшін ауылдық клубта, 7-11 сыныптар үшін Құмкөл ауылындағы Сасанби атындағы орта мектепке тасымалдау жүзеге асырылуда. Мердігер мекеме «Жан-Ерке и К» ЖШС 2022 жылғы 25 желтоқ­санға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтау­ды жоспарлап отыр», – дейді басқарма басшысы.
Қол қойған директор ма, басқа ма? Солай-ақ делік. Алайда ашынған ата-аналар мектептің жөндеу жұмыс­тарының аздаған бөлігі қалғанына сенбейді. Өйткені бұған қатысты жасал­ған келісімшарт, қаржылық құжаттарда шикілікке толы күмәнді деректер де баршылық. Соның ішінде мектеп директоры А.Қалиолдиннің мектептің техникалық әзірлігіне сараптамалық қорытындысын жасаған «АкжарЖоба» ЖШС арасындағы келісімшарт пен соған қатысты шығарған бұйрығындағы қойған қолы бір-біріне ұқсамайды. Осының өзі білім саласына жауапты басшылардың тексеру жүргізуге құлық­сыз­дығын көрсетеді. Ал жергілікті ше­неу­ніктер балаларының болашағы үшін дабыл қағып, әлеуметтік желіде түрлі пі­кір­лер жазып мәселе көтерген ата-аналармен арнайы кедесу өткізіп, түйт­кілдің түйінін қашан тарқатары белгісіз.  
P.S. Жоғарыда Абай облыстық Білім бас­қармасы келген жауапта «Мердігер мекеме «Жан-Ерке и К» ЖШС 2022 жыл­ғы 25 желтоқсанға дейін жөндеу жұмыс­тарын аяқтауды жоспарлап отыр» делін­ген. Оны да уақыт көрсетер. Көрсетілген мерізімнің аяқталуына санаулы ғана күн қалды.                

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы