Ойдағы тазалық үйдегі тәртіптен басталады – Жұлдыз Ақпарова
Ойдағы тазалық үйдегі тәртіптен басталады – Жұлдыз Ақпарова
680
оқылды
Кеңістікті ұйымдастыру мамандығы әзірге біздің елде айтарлықтай танымал емес. Ал дамыған мемлекеттерде осы бағыттың мамандары ХХ ғасырдың ортасынан бері сұранысқа ие. Бұл қызметті отандық нарықта алғаш ұсынушылардың бірі Жұлдыз Ақпарованың «Үйіңіз бен өміріңізді тәртіпке келтіруге көмектесем» деген сөзі аталмыш саланың бар мәнін ашып тұрғандай. – Жұлдыз, «кеңістікті ұйымдастыру­шы» деген маманды оқырмандарымыздың көбі біле бермеуі мүмкін. Әуелі соны толы­ғы­рақ түсіндіріп беріңізші. Ол немен айна­лысады және қандай мәселелерді шешеді? – Кеңістікті ұйымдастырушы – сіздің өміріңізді жеңілдететін маман. Дәлірек айтсақ, үй-жайыңызды, жұмыс орны­ңыз­ды дұрыс ұйымдастырып, артық заттардан арылуға көмектесетін, сондай-ақ ұзақ уақыт сақталатын тәртіпті арнайы әдіс­нама бойынша жасап және соның логика­сын түсіндіріп беретін эксперт. «Айналаң реттелсе, ойың да реттеледі» деп бекер айтпайды. Үй-жайы реттелген әйелдің күш-қуаты толысады, мақсаттарына қадам басуға санасы дайын болады және мүмкіндіктерді сезінуге көкірек сарайы ашылады. Ал үйі шашылып, айналасы артық затқа толы әйелдің өмірінде де хаос болады: не балалары ауыра береді, не ақшаның берекесі болмайды, я болмаса шаруасын қырсық шалады. Бұл ешқандай да магия емес: тазалық кеткен жерге ауру да үйір, ондай үйге алынған дүниенің де сәні болмайды, бейберекет ортада ойыңа да, жүрегіңе де тыныштық жоқ. ойдағы тазалық үйдегі тәртіп Тазалықтан бөлек, әр заттың ыңғайлы орында тұруы да маңызды. Мысалы, клиент бойы аласа, солақай, тамақ пісір­генді ұнататын келіншек делік. Демек, біз дәмдеуіштерді плитаның сол жағындағы шкафтың төменгі сөресіне қоямыз. Тар асүйде заттарды қалай орналастыру керек, ыңғайсыз сөрелерді не істейміз, балалар мен күйеуіңізді заттарды шашып тастамауға қалай үйретуге болады – кеңістікті ұйымдастырушылар осының бәрімен жұмыс істейді. – Бұл істі бастауыңызға не түрткі болды? Оны қайдан оқып үйрендіңіз? – Жасымнан әдемілікке, ұқыпты­лыққа біртабан жақын болып өстім. Бірақ кішкентайлы болған соң сол ұқыпты­лықты ұзақ уақытқа сақтау қолымнан көбіне-көп келе бермейтін. Бұл мен үшін кәдімгідей проблемаға айналды. Cол ретсіздіктің салдарынан көп жоспарым орындалмай жатқанын да байқадым. Бар уақытым мен күш-қуатым үй жинауға кетіп, арман-мақсаттарыма қадам жасау­ға ресурсым жетпей қалатын. Бұл саланы алғашында көршілес мемлекеттердің эксперттерімен танысып үйрене баста­дым. Кейіннен қазақстандық Айгүл Манапова есімді кәсіби маманның кур­сын өтіп, толық меңгеріп шықтым. – Үйдегі кеңістікті ұйымдастыруды неден бастау керек? Бұл іс, жалпы, қандай сатылардан тұрады? – Кеңістікті ұйымдастыру ісі әр бөл­мені сол қалпында суретке түсіріп, анализ жасаудан басталады. «Маған не ұнамайды, қай заттардан арылғым келеді, нені өзгерткім келеді?! Қандай үйді арман­дай­мын?» деген қарапайым сұрақтарға жауап беріп көріңіз. Бұл кезеңде клиенттермен бірге үйдегі барлық шкаф пен сөредегі заттарды шығарамыз да, бұл керек пе, керек болса, қаншалықты жиі қолда­нылады, оны басқа дүниемен ауыстыр­ғысы келе ме – соны анықтаймыз. Одан кейінгі міндет – үйдегі қалған заттарды категорияларға бөлу, оны жүйелеу, ең соңында әрқайсысын қолайлы орынға орналастыру. – Үй тазалау ісінің маманы, жапония­лық Мари Кондоның тұрмыста тәртіп орнату жөнінде жазған кітаптары әлемде миллиондаған таралыммен тарап, бестсел­лерге айналды. Сіз де Кондо әдісімен жұмыс істейсіз бе? Әлде әр ұйымдас­тыру­шының өз амал-тәсілдері бола ма? – Мари Кондо әдісін де, Флай Леди әді­сін де өз тәжірибемде қолданып көр­дім. Олардың кітаптарын оқып-ақ біраз білім алуға болады. Алайда ол әдіснамалар кей адамдарға оң нәтижесін бермеуі мүмкін. Мысалы, Мари Кондоның әдіснамасы жапондардың өмір салтына сәйкес етіп құрастырылған. Ал біздің тұр­мысымыз басқаша. Практикалық фун­кциясы жоқ екен деп, кез келген зат­тан арыла алмаймыз. Бәлкім, сервантта тұрған, сәннен шығып, көп қолданыл­май­тын ыдыс-аяқ – анасының немесе енесінің көзіндей көріп жүрген қымбат естелік болуы мүмкін. Сондықтан әдіс­нама­мызды жасарда аудиторияның салт-дәстүрін, ұлттық менталитетін ескереміз. – Сіз жүздеген қыз-келіншекке кеңіс­тікті ұйымдастырудың қыр-сырын үйретіп жүрген мамансыз. Өз тәжірибеңіз бары­сында тұрмыстағы тәртіпке қатысты жиі кездесетін қандай қателіктерді байқа­дыңыз? – Шыны керек, осы уақытқа дейін әр­түрлі қыз-келіншекпен таныстым. Ас­үйді реттеуге арналған «Берекелі өмірдің құпиялары» атты марафонымды өткізген уақытта қатысушылар «дейін және кейін» деген форматтағы суреттерін жіберді. Марафонға дейінгі фотолардан жүйесіз­дікті, әр заттың өз орны жоғын және ең бастысы, заттардың тым көп екенін байқадым. Біз қазір дүкендердегі «бөліп төлеу» қызметінің құрбаны болып жүрген сияқтымыз. Адам ішіндегі қуысты дүкен­нен мүлде керек емес заттарды сатып алу арқылы толтырып тастағысы келеді. Нә­ти­жесінде, сөре-сөре дәрілер, бірнеше қап шай, қажет емес түрлі ыдыс кеңіс­тігімізді одан әрі тарылтады. Шкафты ашса, ненің қайда екенін таба алмай, дү­кенге барып, үйде бар затты сатып ала­ды. кеңістікті ұйымдастыру Тағы бір байқағаным, көп әйел визу­алды шуға онша мән бермейді. Визуалды шу деп отырғанымыз – бөлмеде бір-бірімен үйлеспейтін түстердің, жазулар­дың шамадан тыс көп болуы. Мысалы, жуынатын бөлмеде сусабын, кір жуатын ұнтақ, душқа арналған гель, ванна таза­лайтын құрал – бәрі-бәрі самсап тұрады. Олардың әрқайсысының қорабы, қапта­масы әртүрлі. Солар бөлмеде визуалды шу туғызып, салдарынан кеңістікті адамға қолайсыз, тар етіп көрсетеді. Ал сол құралдарды сыртында еш жапсырма жоқ арнайы банкаларға салып қойсақ, бір жағынан, артық детальдардан құтылуға көмектесіп, екінші жағынан, бөлмені де эстетикалық жағынан әдемірек ететін еді. – Кішкентай балалары бар үйде тәр­тіп­ті үнемі қадағалап отыру қиындау. Бала­ларды оған қалай үйретуге болады? – Осы сұрақ көп ананы мазалайды. Балаға аптасына не айына бір мәрте бүкіл күнін сарп етіп үй жинату оншалықты мықты идея емес. Жүйелі ұқыптылық көп уақытты талап етпейді. Ол автоматты түрде жасалатын әрекеттер негізінде құралады. Демек, балаға ол еш қиындық туғызбайды. Кеңістікті ұйымдастыру арқылы арнайы техникалардың арқасын­да сіздің идеал үйіңіздің дайын пазлы пайда болады. Балаға конструктор бер­ген­де бірінші оның дайын нұсқасын көрсетіп барып жасатқан сияқты, жинақы үйдің дайын картинасын көрсетсеңіз, балаға пазлды «құрастыру» оңай болады. – Кеңістікті ұйымдастыру және тәртіп орнату бойынша әмбебап кеңесіңіз бар ма? – Кеңістікті ұйымдастыру ереже­лерінің ішінде өзіме қатты ұнайтын бір техника бар. «Кіріс пен шығыс» деп ата­лады. Мысалы, ақ жейде сатып алғыңыз келіп тұр делік. Алдымен үйдегі соған ұқсас ескі жейдеңізді шығарасыз. Қайта өңдеуге тапсырасыз ба, болмаса қайы­рым­дылық қорларына апарасыз ба, әлде біреуге сыйласыз ба – өз еркіңіз. Бастысы, ол жейдені үйден шығаруыңыз керек. Содан кейін барып қана саналы түрде жаңа жейдені сатып алып, үйімізге кір­гіземіз. Осылайша, дүниеқоңыздықтан арылсаңыз болады. Тағы бір қарапайым кеңесім – алған затты пайдаланып болған соң міндетті түрде орнына апарыңыз. Бір қарағанда болмашы ереже көрінгенімен, бұл жақсы әдет сіздің қаншама алтын уақытыңызды үнемдейді. – Әңгімеңізге рақмет!