Жоғары білімге қатаң талап қойылады
Жоғары білімге қатаң талап қойылады
735
оқылды
«AMANAT» партиясының орта­лық аппаратында Білім беру және ден­саулық сақтау мәселелері жө­ніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек күн тәр­ті­біндегі екі тақырып бойынша баян­дама жасады. Парламент Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова ашып жүргізген жиынға жоғары білім мен ғылым саласының өкілдері, «Бо­лашақ» бағдарламасының стипендиант­тары қатысып отырды. Отырыста жо­ғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету және әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында та­ғылымдамадан өту үшін ғалымдарға грант бөлу мәселесі сөз болды. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, жоғары білім сапасын арттыру бойынша ве­домс­тво бірқатар шараны жүзеге асыруда. Мәселен, 2017 жылы халықаралық тә­жірибені ескере отырып, ҰБТ өткізу форматы өзгертіліп, екі рәсімге бөлінген. Олар – мектептің бітіру емтиханы ре­тінде қорытынды аттестаттау және жо­ғары оқу орындарына түсу емтиханы ретінде ҰБТ тапсыру 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізіліп келеді. Бұл шара, ең алдымен, жастардың шетелге кетуін қысқарту, эмоциялық жүк­темені және жоғары оқу орындарына ақылы негізде ерте қабылдау мүмкіндігін азайту мақсатында енгізілді. Ол үшін оқуға түсу­шілер тек шекті балл жинап, ЖОО-ға ақылы негізде оқуға түсуі жеткілікті. Ал грантта оқығысы келетіндер мамыр-шілде айларында өткізілетін ҰБТ-ға қатысады, бұл ретте оқуға түсушілерге 2 мүмкіндік беріледі. Олар конкурсқа қа­тысу үшін ең жақсы нәтижені таңдайды. Бұл мүмкіндік 2021 жылдан бері беріліп келеді. 2021 жылы маусым айында 145 727 адам немесе өтініш берушілердің жалпы санының 94,7%-ы қатысты. Ал биылғы қаңтар айында – 101 600 (97,8%) адам, наурызда – 102 536 (98%) адам қатысты. Осылайша, түлектердің қатары артып келеді. Бұл талапкерлердің ҰБТ-ға, отандық жоғары оқу орын­дарында оқуға деген үлкен қызығу­шы­лығын білдіреді. Сондай-ақ елімізде жыл сайын жо­ғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайып келеді екен. Мәселен, 2019 жылы – 50 901, 2020 жылы – 51 071, 2021 жылы – 56 561 грант бөлінген. Ал 2022-2023 оқу жы­лында мемлекеттік тапсырыс көлемі 88 204 орынды құраған. Оның ішінде, бакалавриатта – 75 761, магис­тратурада – 13 253, докторантурада – 1 890 орын. Бакалавриатта өсім өткен жылмен салыстырғанда 16 500 грантқа немесе 19 пайызға артық. Саннан сапаға көшер болсақ, 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында министрлік 24 ЖОО-да мемлекеттік бақылаудың 28 тү­рін жүр­гізген. Оның ішінде профи­лак­ти­калық бақылау – 14, жоспардан тыс тексерулер – 14. Ал екінші жарты жылдығында 9 ЖОО-да жоспардан тыс 12 тексеру жүргізілді.
– Тексеру қорытындысы бойынша Қызылордадағы «Болашақ» университеті лицензиясынан айырылды. Министрлік ЖОО құрылтайшысымен бірлесіп білім алушыларды басқа ЖОО-ға ауыстыру және профессор-оқытушылар құрамын жұмысқа орналастыру мәселесін шешу бойынша жұмыстар жүргізуде. 7 ЖОО-ның лицензиясы тоқтатылды. Екі жо­ғары оқу орны бір университетке бірік­тірілді. Сот органдарының жоғары оқу орындарын жабу туралы шешімі қабыл­дануына қарай – Министрлік кадрлар даярлаудың тиісті бағыттары бойынша білім алушыларды басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру, профессор-оқытушылар құрамын жұмысқа орна­ластыру мәселесін шешу бойынша жұмыс топтарын құратын болады», – деді Саясат Нұрбек.
Жоғары оқу орындарының білім беру сапасы үшін жауапкершілігін күшейту мақсатында «Білім туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңдарға, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Бұдан былай ЖОО-лар үшін лицензиялар 5 жыл қолданылу мерзімімен берілетін болады, оларды қайта ресімдеу біліктілік талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін жүргі­зілмек. Одан бөлек, уәкілетті органға біліктілік талаптарын бұзғаны үшін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік жал­пыға міндетті білім беру стандартын, ЖОО қызметінің үлгілік қағидаларын бұзғаны үшін де лицензиядан айыру жө­ніндегі функциялар берілді. Құрылтай­шылар енді ЖОО жабылған жағдайда білім алушыларды ауыстыру жөніндегі міндеттемені орындамағаны үшін әкім­шілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай талаптардың барлығы еліміздегі білімнің ғана емес, ғылымның да әлеуе­тін көтеру үшін жасалып отыр. Министр соның ішінде шетелдік тәжірибе мәсе­лесіне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауындағы жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 қазақстандық ғалымның тағылымда­мадан өтуін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биыл 5 қазан күні Үкіметтің қаулысымен үміткерлерді іріктеу тәртібін реттеу ере­жесі бекітілді. Ал 2021 жылдан бері ға­лымдарды шетелге жіберу жұмыс­тарымен Халықаралық бағдарламалар орталығы айналысып келген болатын. Сол жылдың 15 сәуірінде Шетелде кадр­лар даярлау жөніндегі Республика­лық комиссияның отырысында жаңадан «ғалымдар» деген санат мақұлданып, олардың шектік саны жылына 500 адамға және 5 жылға дейін көбейтілді. Ал 4 мамыр «ғылыми тағылымдама» са­наты бойынша халықаралық стипен­дияны табыстауға конкурс жарияланып, ол 28 қазанға дейін созылды. Байқауға 786 өтінім келіп түсіп, Респуб­ликалық комиссия оның 416-сына, яки 53 пайы­зына стипендия табыс етті. Олар – еліміздегі 109 ұйымның өкілдері», – деді министр.
Министрдің айтуынша республи­камызда бүгінгі таңда 119 ЖОО қызмет етіп тұр екен. Олар 2022-2023 оқу жы­лында 178 512 адамды оқуға қабылдаған. Оның ішінде 70 182 орын мемлекеттік тапсырысты құрайды. Қазір еліміздегі профессор­лық-оқытушылық құрам саны – 42 239 адам­ды құрайды. Жиын барысында қатысушылар әр тақырып бойынша министрге сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Олар­дың ұсыныстары да министр тарапынан қолдау тапты.