«Ержұманның атағы – Еңбек Ерi емес пе?..»
«Ержұманның атағы – Еңбек Ерi емес пе?..»
745
оқылды
Бұл жазбамыздың тақырыбын «Қаншама жыл «Егемен Қазақстанның» алтын тұтқасы болған Ержұман емес пе?» деп те қоюға болатын еді. Солай болғанда бұл екі тақырып та біз тапқан авторлыққа жата бермейді. Оны айтқан... Осыған орай ой қозғаудың өз орны бар. Бір ғасырдан астам та­рихқа енген «Егемен Қазақстан» газетінің дәстүрінде ғана сақталған ерекшелікке қарай екі эпизодқа ден қоямыз. Бірі – редакция ұжымы «аға» деген қазақтың бір айдарлы сөзін адам есіміне қосақтап емес, алғаш­қы буынына қиюластырып жібе­ретіні екінің бірінің маңдайына жа­зылмаған бір дүние тәрізді. Мәселен, Шерхан Мұртаза аға­мызды үлкен-кіші бірдей «Шераға» деп қашаннан бері атай бастаған. Ал енді қалың көпшілікке, оның ішінде қолына қалам ұстаған қа­уымға «Егемен» арқылы етене та­ныс көрнекті журналист Ержұман Смайылдың қашаннан бергі тегі мен аты «Ераға» деген екпін түсіріп айтатын есіммен ауыздан-ауызға та­раған кезеңін қай газеттің дәу­ренінен іздеп жатпай-ақ айтайық деп едік, сөйтсек, олай етуге бол­майтындай екен. Қазақ журналис­тикасында жария түрде алыптардың аузымен жанқиярлық еңбегі мен табанды мінезіне, сарқылмас күш-жігеріне, әрине, ізденімпаз, білім­паз, ұйымдастырушылық зор қа­білет-қарымына байланысты «бас­пасөздің қара нары, газет редак­циясында ауыр жүкті өрге сүйрейтін локомотиві» атанған, албырт, жас­тық шағы қызыл шоқтай жанған «Лениншіл жас» газетінде бас ре­дактордың орынбасары қызметімен өрілген жылдарының өзінде оны «Ераға» деп атағанынан хабардар едік. Бұл мойындалған құрметке ол дырдай редактордың өзі емес, бірінші орынбасары лауазымында жүргенінде-ақ ие болған. Жалғыз өзі емес еді, Ерағаң өзі шексіз сый­лап өткен редакторы (ол кезде қа­зіргідей «бас редактор» деп ата­майтын), спорт журналисти­ка­сының атасы Сейдахмет Бердіқұ­ловты ілгеріден қалған әдемі дәстүр жолымен «Сейдаға» деп атап, ал­дынан қия басып көрмеген. Бір ғана редактор, оның орынбасары да біреу. Осы «бірінші» деген сөзге қа­тысты ұзақ ой тербей беруге болатын оқиғалы кезең жалғаса береді. Алайда ұғынықты ұғыммен шектелу шарт емес шығар. Аталмыш рес­публикалық газет редакциясында идеологиялық жауапкершілігі биік мансап Ерағаның шығармашылық еңбек жолының беташары десе де болады. Жалғыз журналистика факультетінің тарихында ең үздік оқыған студентке тағайындалған тұңғыш стипендияға ие болып, бірден көзге түсіп, назарға іліккен жігіттің жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен (нөмірі бірінші Ле­ниндік стипендиат) бітіргенін және шамасы бір жыл мерзімде Қазақ мемлекеттік университетінде жас оқытушы штатында жұмыс істегенін қоспағанда, одан кейінгі бүкіл саналы ғұмырында «бірінші» деген сөзбен жазылғаны, дәйім дестелі өмірбаяны көркем дастанға жүк боларлық дүние. Елдің бас газетінде Шерхан Мұртаза мектебінде шыңдалып, шиыршық атқан, қоғамдағы шын­дық пен әділеттіліктің, қазақ ұл­тының қайсарлық рухы үшін күрескен журналистерінің қайнаған ортасында Ерағаның турашыл мінезі мен еңбекқорлығы, та­бан­дылығы мен адалдық қасиеттері де өз артықшылықтарымен анық аңғарылды. Сол себептерімен де жас жур­налистер ғана емес, оның қатар­ластары да сеніммен және сый­ластық биігінен «Ераға» деп ата­ғанды жүрекпен қалады білем. Ел іші 2012 жылы Шерағаның 80 жылдығын кеңінен атап өтті. Біздің шығармашылық топ («Қа­зақстан-Тараз» телеарнасы) қалың қазақтың қадірлісі туралы деректі фильм түсіру үшін екі ай шамасында бірлесіп жұмыс істедік. Біз деректі телетуындының сценарийін жаз­дық. Оны әдеби ортада қалыпта­сып, шынайы мағыналы қалпын­да «Шын­дықтың Қызыл жебесі» деп атадық. Ағамыздың қарашаңырағында емен-жарқын әңгімелесіп отырған сондай шуақты кезде тағдыр қосқан үзеңгілестері мен өзіне жауапты қыз­меттерде орынбасар болған адам­дар жайлы сәулелі сөздерін айтты. Осы арада Ерағаның мына бір естелік жазбасынан үзінді оқимыз: «Шерағаның бір ғажабы, өз орын­басарларына, бөлім меңгеруші­леріне кәміл сенетін және алаң­дамай жұмыс істеуге ерік беретін. Жалтақтатпайтын. Қалай қолдай білсе, солай да қорғай алатын». Осы қызық, бірақ қиын жолда көпке айбын бола білген Шерағадан «Қазақ баспасөзі мен ұлттық жур­налистиканың мұратына жету үшін бар білімін берген, бар өнерін сал­ған, бар ықыласын төккен кімдерді атап айтар едіңіз?» деген сұра­ғымызды қағазға қарап оқығандай болдық. Сол уақытта айбарлы тұлға қалың қастарын қайшылап, қа­бағын қымтап, тұнжырап қалды. Аздап мұздаңқырап отырды. Жиегі өрнекті шапанын аз-маз иығына қарай тартып, бірі тірі, ендігі бірі өмірден өткен сыралғы жолдастары мен қатар жүрген жандарды еске түсірді ме, ептеп үнсіздік орнады арада. Қайыңды ағаштан жасалған жазу столы үстінде тұратын алтын түстес жолбарыс мүсінін алақаны­мен арлы-берлі мәпелей сипалап, сосын алдындағы фотосуреттерге үнсіз қарап, едәуір ойланып барып: «Кісі көңілін аулап айтқан да жөн шығар мұндайда», – деп қалды дауысын созыңқырап... «Менің қа­сымда мықты жігіттер көп болды ғой. Бәріне Алланың нұры жаусын! Ал енді... Еңбекшіл мінез, маңдай тердің қасиеттерін қадірлей білген жан... Ерекең, «Егемен Қазақ­стан­дағы». Ержұманның атағы – Ең­бектің Ері емес пе?!» деп басын тік көтерді. Құндыз бөркінің маңда­йындағы көзтұмары жарқ ете қал­ғандай болды. Сосын қарсы ал­дын­да қаумалап тұрған телекамераға қарай ойлы да тұнық көзін тігіп, тура жалт қарады. Одан әрі «Қан­шама жыл «Егеменнің» алтын тұт­қасы болған Ерекең, Ержұман мыр­за емес пе?!» – деп өткен күн­дердің өшпес сәулесі мен шаң бас­паған шындығын алдымызға жайып салды. «Одан басқа нар жүгін көтере білген кімдер бар?» деген өмірлік сауалды қаhaрлы сұсымен ұқтыр­ғандай, алмас ақиқат алдында тұр­ғандай едік. Шындыққа қасқайып тура қа­раған кейіп бәрін де аңғартты. Біз де разы ықыласпен бас изеп, мақұлдайтынымызды білдірдік. Дәл осы арада ойымызға өткен жылдар жазбасы оралады. Ерағаның өсу жолы мен танылуына зер са­лайық, «Лениншіл жаста» Сейдағаң­ның орынбасары, «Егемен Қазақ­стан» газетінде Шерхан Мұртазаның қалауымен оның бірінші орын­басары, Шераға Қазақстан теле­радио хабарларын тарату коми­тетінің төрағасы болып ауысып, орнына Әбіш Кекілбайұлы келгенде де сенімді бірінші орынбасары, одан соң Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижанұлы және Сауытбек Абдрахманов бас редактор болған жылдар да Ерағаң сол мінсіз қыз­метінің жоғары деңгейіне ешбір селкеу түсірмеді, абырой-беделін ешбір аласартқан жоқ. Бірінші орынбасар дегені болмаса, бәріне бас-көз болып, күнбе-күнгі, түн­жарымға дейін ұзайтын қара жұ­мысына да, газеттің мазмұнды шы­­ғуына да жауапты, ұжымның шығармашылық, әлеуметтік көңіл-күйінің негізгі ұйытқысы біздің темірден жаралған ұстазымыз, барлық қызметкерлері мен тұрақты авторлардың бары мен нары, арқа сүйері Ераға деп білдік. Кезінде ғұлама жазушы, тау тұлғалы Әбіш Кекілбайұлының үлкен жиында, іні-досының 60 жасқа толу тойында сөз сөйлегенінде «Біздің Ерекең, біздің елдің Ержұманы – мен үшін де еңбек дастаны. Адалына жа­ратылған ол өз орнында, бейнетті қызметінде бірінші орынбасардың бас редакторға қарағанда әлдеқайда әбжіл, әлдеқайда алымды, шапшаң әрі ширақ қимылдайтын тұстарын тиянақтап, өзгеге үлгі етті. «Еге­меннің» локомотиві! Нағыз қай­раткер, жолдастарын жауға да, дау­ға да бермейтін көкжал тектес шыншыл азамат болды» деп разы көңілмен ашып айтқаны бар. Ал қазақ елі баспасөзі тарихын­да өз қолтаңбасымен жаңашыл­дық дәуірін қалыптастырған, аузы дуа­­лы Шерағаң жасы сексенге келіп, тәубе еткен күні сағынышпен, те­біреніс-толғаныспен Ержұмандай дара іні-әріптесі, қимас бауыры жа­йында әлгіндей шыншыл ой-пі­кір білдірген дедік. Орайлас пікір­лер, ортақ баға беруде де мұраттас асыл адамдардың артықшылығы атойлап тұрады емес пе? Бейнелері қандай жарқын болса, жансарайы да сондай. Жетісудың Талғар жағында, Қап­шағай теңізі жағалауына жақын Туғанбай ауылында Смайыл әуле­тінің Байжұма мен Ержұман бала­ларының ешкімді аласартпайтын, асып-тасымайтын, еш саспайтын, бір өзгермейтін қалпы бар деседі жерлес ағайын-бауырлары. Ол кі­сілер үшін ұсақ-түйек болмайды. Халық жүрген жолмен жүреді. Содан да болар адаспайды, жаңы­лыса бермеген де шығар. Әлі де айтады ғой, студенттік жылдарын бірге өткізген достар қауымдастығы деген ортада Ера­ғаңның басқа курстастарына қа­рағанда жасы үлкендеу, үш жыл Әскери-теңіз флотында азаматтық борышын өтеп, ысылған, еңбек жолынан оралған тәжірибесі бар. Қазақи әдеппен ондай кісі дастар­қан төрінде отыруы керек. Ноқ­тағасы тәрізді сөз бастайды. Ера­ғаңның бұлжымас жолы. Алайда бұл дағдыны өзі «бұзып», курстас дос­тары кезектесіп төрде отыратын бол­ған деп естігенбіз. Атақ-абы­ройға кімдер лайық дегенде де ол кісі өзін ешқашан ұсынған да емес, мүлдем басқаша шешім қабылдауға ықтияр. Бұл жағын да білеміз. Алайда өзі келіспесе, жоғары жақтағы ақылды адамдар сырттай-ақ ақылды шешімдер жасайды. Еңбек жолын «Социалистік Қазақ­стан» газетінен бастап, көп ұзамай «Лениншіл жас» газеті редак­то­ры­ның орынбасары қызметіне ауысқан Ерағаңның журналистік алғырлығы мен тұла бойы буырқанған отты жылы республикалық жастар ұйы­мының ең мәртебелі Баубек Бұл­қышев атындағы сыйлығымен арнайы аталып өткенінде ақпарат кеңістігінің есігінен талантты бір жас тұлғаның топты жарып шыққан асау мінезін көргендей еді. Ал өзіне келсек, мұндай дүрілдеген атаққа мән бере қоймайтын сыңай та­нытады. Әлдеқандай біреулер сол заманның осындай сыйлығына өрімдей кезінде лауреат бола қалса, лепірмесе де лағып кетер ме еді, атақтың ыстық-суығы басылғанша. Жастар газетінде шығар­ма­шылық ұжымның ұйтқысы, күн-түн демей, ұйқы көрмей жұмыс істеп, шаршап, шалдығуды ұмытқан Ера­ғаң арада қырық жыл сырғып өтке­німен сол айнымас қалпынан тай­мағанын көрдік. Ерағаң мемлекеттік баспасөздің тұғырлы тұлғасы ретінде уақыт пен дәуір биігінен газет ісінде, ұлттық журналистиканы дамыту саласында қабілеті мол, талабы ұшқындап тұр­ған, еті тірі жас қаламгерлерді шың­дап, даярлауға ұзақ жылдар бойы ерекше академиктік үлес қосты. Журфактан түлеп ұшқан алғыр жас­тар Ерағаны іздейді, ал, жаңа тол­қынды ойлайтын табанды ұстаз қаламының желі бар, ішкі ой-тү­сінігі терең, білімге құштар жас пері­лерге студент кезінен ен салып, таңдауын ерте бастан жасап қояды. Смайылдың сыйлы мектебінің ірге­тасы осылай қаланған. Аз жазса да, саз жазатын Ерағаң кез келген саясаттанушы ма, сая­саткер ме, солармен ой таластыра­тын, саяси мағынасы тың тақырып­тарға ден қойып, мемлекет пен ұлт мүддесін қорғайтын сүбелі, сал­мақты мақалалардың авторы ретін­де танымал болды. Сол 90 жылдар­дың басында ел тәуелсіздігі мен мем­лекеттің егемендігі туралы пі­кірталастар мен қызу айтыстарда жазған саяси сараптамалары және Алаш ардақтыларының идеяларын жаңғыртудағы дәйекті-деректі пуб­лицистикалары шын мәнінде қа­ламгерлік абыройына абырой қосты. Бір ғана «Өмір деген – жол үсті» деген прозалық кітабы соған куә. Журналистік шеберлік сағатта­ры­ның жиынтығы десе де болады. Бұл күндері сарғайған газет бет­терінде ел жылнамасы мен тари­хының жаңа парақтарында қоғамға керекті салмақты ой мен жас ұр­паққа қажетті батуалы сөз айтқан, шындық жолында иілмес күрес­кер­лік мінезге ие Ерағаңның еншісіне тиер мол еңбектің ізі бар. Біз оның еңбексүйгіштігі және шынайы жанашырлық қасиеттерін ардақтап, асыл ағамызды «Біздің ку­ратор-ұстазымыз» деп жақын тар­тып, әрдайым мақтаныш еттік. Ол кісінің сенімін өзіміз лайықты дә­режеде ақтадық па, жоқ па, біл­мейміз ғой. Әйтеуір іргелі көштен кейін қалып қоймаған секілдіміз. Басына қонған бақ болар, бәл­кім, маңдайына жазылған тағ­дырдың жазуы шығар, егемен елдің астанасы Алатау–Алматыдан Са­рыарқа–Ақмолаға қарай көш тү­зегенде тарихи керуен басында «Еге­мен Қазақстан» газетінің ре­дакциясы, ал оның бас редакторы Ержұман Смайыл ағамыз болды. Бұл өзі қысылтаяң, қай тұрғыдан қарасақ та қиын уақыт еді, ол жағ­дайды бастан өткерген жандар ада­лын айтар, ешкімге, елге де оңай соқ­қан жоқ. Сарыарқаның сақыл­даған сары аязы мен ұйытқыған боранды күні пойыздан түскен журналистердің төрбасы Шераға-Шерхан Мұртазадай ағамыздың «Жаңа астанаға «Егемен Қазақстан» көшіп келді. Онымен қоса Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұ­мабаев, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосовтардың қайсар рухы да бірге келді. Азат­тықты аңсаған Алаш ардақты­ла­рының арманы орындалды!» деп құшағын ашып, жалпақ жұртқа жар салған. Шын мәнінде «Егемен Қазақ­стан» газеті Ерағаңның өмірбаяны үшін де егіз, ажырамас ұғым болып қалыптасты. Білімділігі мен білік­ті­лігінің жөні бөлек, қарапайым­ды­лығымен қайран қалдырған жас басшының әу бастан «Інілерге аға болып жарытпайсың, Ағаларға іні болып иілмесең» деп ақын жыр­лағанындай, ұрпақтар сабақтас­тығына барынша бас-көз болып, керемет сыйластық мектебіне қан жүгірткен адамшылығы бәрінен де асып түсті. Ұзақ жыл бойы бас га­зеттің абыройы үшін яғни, ширек ға­сырға жуық ыстық-суығына бір­дей көндігіп, өзгені де дәл осындай жан аямай қызмет етуге, әрбір қызметкерінің шын мәнінде кәсіби журналист болып қалыптасуына қолдау көрсетіп, дем берген, ішкі тәртібін қатаң сақтауға дәл Ерағадай талмай, танбай еңбек сіңірген адам кемде-кем. Бұл әбден мойындалған шын­дық. Ұлы Төле би бабасы айтып кеткеніндей, «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі, Өзіне келер ұятын, өзі біліп тұрса игі» деген қағиданы берік ұстанды. Жастарды бұл өмір­де, шығармашылық зиялының та­нымал өкілі, ұлттық идеоло­гияның жауынгері және ұлттық ой-сананың жебеушісі, қара қылды қақ жаратын әділ тұлға ретінде тәрбиелеуге қан­шама күш-жігерін жұмсады, тер төк­ті, шыдамдылық танытты. Қан­шама жастың әлеуметтік әлеуетін өрелі биікке көтеріп, саяси-мәдени өрісін кеңейтті. Асыл ағаның енді жұртты таң­ғалдырған екі-үш қырын айтпай, жазбай тұра алмаспыз. Санамалап жатырмыз ғой. Бәрі де салыстырмалы түрде болғанымен қайталануы сирек екеніне бәс тігуге дайынбыз. Редакцияның Алматы бөлім­шесінде жұмыс қызу жүріп жатты. Ол кезде де, қазір де газеттің негізгі тірегі, себебі, ғылым мен мәде­ниет­тің, жастардың орталығында жа­ңа­лықтар мен өзгерістерге толы, қо­ғам қайраткерлерінің озық, таны­мал, талантты өкілдері де оң­түстік астанада көп шоғырланған болатын. ...Кезінде Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары лауа­зымында болған, атақты қаржыгер Дәулет Сембаевқа қалың конвертке салынған хатты апарып бердім. Ера­ғаның тапсырмасы. Бұл кезде ол кісі «Казкоммерцбанктің» Дирек­торлар кеңесінің төрағасы қызметінде. Келбеті келісті, сымдай тартылған кісі, түтіні будақтаған шылымын шегіп, қолмен жазылған ақ парақ­тарды біртіндеп аударып, асықпай оқи бастады. Ұзақтау оқыды. Жарты сағат бержағы... Сұлу мұртты, сыпайы, мәде­ниетті, атақты адам алдындағы қа­ғаздардың соңғы парағын жап­қан сәтте ғана басын көтерді. Жиегі алтын түстес нәзік көзәйнегін алып алдына қойды. Сосын сұрай бастады: – Мына сұхбатты орысшаға кім аударды? – деді қоңыр дауысты кісі. Қолмен жазылған аударма Ера­ғаның қолынан шыққанын тез аңғардым. – Ержұман Смайыл... – Қандай мектепте оқыған? – Қазақ мектебінде. Уни­вер­ситетте де қазақ бөлімінде оқыған. Жұмысы да тек қазақ тілінде... – Өте сауатты жан екен. Апырай! Орыс тіліне де керемет жүйрік. Мына 35 беттік сұхбаттан бір қате көргенім жоқ. Менен сәлем айты­ңыз, менің құрметімді жеткізіңіз, – деп текті әулеттің ақылды ұрпағы қолын ұсынды. Сөйтсек, бұл сұхбат газетке қа­зақ тілінде дайындалған, ал енді автор өтінішіне орай бұл көлемді сұхбат-мақаланы оқытып алу үшін орыстілді Сембаевқа аударма жа­сауға тура келген. Қысылтаяң уақыт болды ма, шігесіне қорғасын құйғандай мығым Ерағаң оны өз қолымен талмай жазып аударған. Әйтпесе, компьютермен теруге болмас па? Анау-мынау емес, 35 беттік мақала емес, орыс тілінде келген ресми дүниелерді жылдар бойы диктовкамен әп-сәтте сапалы, еркін, көркем аудару оған түк те тұрмайтын. Ал енді орыс тілін де шемішкеше шағатын білімпаздығы бір шоғыр әлем. Айтпақшы, ертеректе Мәскеу­ден келетін салақұлаш ресми ма­қалалар мен «көсемдердің» ұзын­сонар баяндамаларын ҚазТАГ агенттігі қазақша аударып, түрлі тексерулерден өткізіп жіберетін. Ол іс таңатқанша созылуы да мүмкін жағдай. Мұндайда қатаң жүйе сақ­талуы тиіс. Кейде әбден шыдамы тау­сылғанда, әлгіндей дүниені Ера­ғаң тікелей өз жауапкершілігіне алып, өзіне сеніп, тарсылдатып ау­дарып тастайды екен. Ана тиісті жақтан кештетіп келген аудармаға жәй көз қиығын салғаны болмаса, өзі аударған қалпында газетке жа­риялай беретін. Бұны да батылдық қана емес, өзіне деген сенім, өзгені санастыра және сыйлата алу деп бағалауға болады. Ел газеті «Егемен Қазақ­стан­ның» тағдырлы, тағылымды, та­нымды, ғибратты ғасырлық жо­лында атақ-даңқынан атан түйенің белі қайысатын алыптар мен асыл жандар аз болмағаны анық. Шын мәнінде ардақты, айбатты, қадірлі, сыйлы... Ел серкелерінің орта­сын­да Ерағаңды ерекшелеп айтар болсақ, ерен еңбегінің еленуі, әділ бағалануы бойынша айтар бір ар­тық сөзі жоқ. Өмірбаян жазбасынан қандай атақтары бар, марапаттары-орден-медальдары сыңғырлап тұрған шы­ғар деп ойлай аламыз ғой. Бұл құрметтің, сіңірген еңбегіне қарай қоғамның ардақтау белгісі екені де рас. Жасы алпыстан асқан кезде алған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген жалғыз атақтан басқалай мемлекеттік марапаты жоқ дегенге сену қиын, әрине. Бі­рақ, бұл қалай болғаны? Мынадай тұлға, үлкен лауазымда болған қай­раткердің кеудесінде самсап тұр­мауы мүмкін бе! Ондай мүмкіндікті өзіне-өзі жасаған, дейді үлкен-кіші әріптестері. Марапатқа ұсынар кез­де өзі түрлі себепті өзге әріптестерін көтермелеу қажеттігіне қарай қиыс­тырып, солардың қуанғанын қа­лай­ды, атаққұмарлықтан саналы түрде бас тартудың жолын іздеген жан ишараты еді. Иә, айтқандай-ақ, ол ел Президентінің БАҚ қызмет­кер­леріне берілетін сыйлығының тұң­ғыш иегері. Ең керекті серті. «Жасым 63-ке толған күні зейнетке шығамын, ден­саулығымды күтіп, демалысқа кетемін!» деді. Айтқанындай-ақ сол күні зей­нетке шықты да Жақан жеңеше­міз­бен бірге немерелерін бағып, тәр­биелеуді жөн санады. Еге­мен­діктер бағбан сықылды ар­дақты ұстазда­рын қимай-қимай шыға­рып салды. Бейнеттің зейнетін көру әркім­нің де арман-тілегі. Ерағаң үйде қарап жатпады. Қарбалас жұмыстан қолы босап, алтын уақыты өз ен­шісіне тиесілі сәттен бастап кітап жазуға кірісті. Бір емес, үш кітапты бірінен соң бірін баспадан шығарды. Кіндік кескен, ұшқан ұя – аяулы ауылы мен ауылдастары жайында, ұмытылмас ұстаздары мен қаламдас ағалары туралы және үзеңгілес достары хақында тарихи-деректі, публицистикалық жинақтары мен тамаша туындыларын тарту етті. Қазақ баспасөзі мен мәдение­тінің тарихында, қоғамдық ой-са­наны жаңғыртуда, әсіресе, ел тә­уелсіздігі жылдарындағы Ержұман Смайылдың айрықша қайраткерлігі мен басшы-редакторлық, ұстаздық, көшбасшы журналистік қадір-қасиеттері, адал, әділ адамгершілік ұстанымы, мемлекетшіл пайымы мен жанқиярлық қызметі, ар-ұж­даны, еңбекқорлық даралығы тұ­тастай алғанда ірілердің інісі, кі­шілердің ардақты ағасы деңгейінде айтулы болды. Шындық жолында шашасына шаң жұқпаған, ұлт перзенті Шерхан Мұртазаның «Қаншама жыл «Еге­меннің» алтын тұтқасы болған Ер­жұмандай елжанды, тарланбоз аза­мат «Еңбектің Ері емес пе?!» де­уінде әлі талай ой-толғамдарға ар­қау болатын терең сыр бар.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты