Мотивация. Мақсат. Месси
Мотивация. Мақсат. Месси
568
оқылды
Ол бүгін тағы дөң­бек­шіп, ұйықтай алмай шық­ты. Мазасыз­данғаны – құрама Әлем чемпионаты­ның алғашқы ойынында Сауд Арабиясынан же­ңілді. Месси сол матчтан соң өзін жайсыз сезінген-ді. Себебі күллі Аргентина артқан сенімді осы жолы ақтамаса бәрі бекер. Арманға бастар ұзақ жол Ойына бірден ұлттық құрама­ның негізгі құрамына тап болған кезі түсті. Сондағысы алаңға шық­қасын екі минут өтер-өтпестен қызыл қағаз алған. Он сегіздегі жас қыранға бұл сәт ауыр тиген-ді. Арада он жеті жыл өткесін Ар­ген­тина сапындағы соңғы әлем чем­пионаты тұсында топтан шыға ал­маса, атағына сын. Атағына дейміз-ау, ұлт алдындағы берешегі дегеніміз дұрыс болар. Себебі аль­биселестаның Мессиден күтері көп. Сол үшін Катарда барынша ер­кін көсілуге бекінген. Бірақ мы­на жағдайдың қайда бастап барары белгісіз. БАӘ-ге табаны тиген сәтке дейін Аргентинаны фаворит санағандар көп. Енді бір сәтте ор­таңқол командаға айналып шыға келді. Не де болса мәселені ертең командамен түскі аста талқылауды жөн көрді. Аргентина құрамасы өзіне берілген бесжұлдызды қонақүйден бас тартып, Катар университеті кам­пусына орналасқан. Мұнда он мың жанкүйерге арналған футбол алаңы, жаттығу залы мен кең алаңқай бар. Себебі альбиселеста басшылығы кең жерде барбекю жасап, асадо жеуді қалаған. Сол үшін Латын Америкасынан бір тоннаға жуық ет әкелгені тағы бар. Бас бапкер Скалони да бұл жігіт­тердің өзін туған жерде жүргендей сезініп, құнарлы астан дәм татуына септігі тиетінін айтқан. Содан ба, бүгін түсте тағы да қақталған еттің иісі шығып жатыр.
...Үстел басында сөз алған Лео команданың еңсесін көтергісі келеді-ақ. «Бәрің білесіңдер, бұл Ди Мария екеуміз қатысатын соң­ғы әлем чемпионаты. Ота­мендиді қоспаған себебім ол қорғаушы ретінде қырыққа келсе де ойнаса болады. Айтпағым, Аргентина жұрты осы мундиаль­дың біздікі екеніне барынша се­неді. Мұны әр ойын сайын байқап жүрсіңдер. Әрі бұл – менің де, сенің де, оның да арманы. Копа Аме­ри­каға да оңайшылықпен жетпедік. Сондықтан осы жолы альби­се­лестаның күшін көрсетейік. Бізді қолдауға келген жақын­дарымыз бен жанкүйерлерді жерге қа­ра­т­пайық. Бұл кубок біздікі бола­ты­нына сенемін», – деді ол.
Жұлып алғандай Де Пауль да «Лео, екі ай бұрын жолдастық кез­десуде бөлмеңе хат қалдырып едім. Сонда әлем кубогын жеңетінімізді жазғанмын. Ал менің айтқаным келеді» деп жұртты бір күлдіріп алды. Осыдан кейін олар алдағы Польша мен Мексикаға қарсы кездесу жайын талқылады. Күткен күн жетіп, Мексикамен матч басталған. Месси Аргентина жанкүйерлері жайғасқан трибу­надан әлдекімді іздейтіндей. Бір сәт жүзіне күлкі үйірілді. Жары Антонелла үш ұлын ертіп, ойын тамашалауға келген екен. Алға­шында Катар ыстық болғаннан балаларды плей-оффқа өтіп жатса, ертіп келетін болып келіскен. Алай­­да осы жолы да Рокуццо ақыл­мен шешім қабылдап, Мес­сиге қолдау керек екенін түсін­гендей. Әрі оның жанында Ди Марияның да әйелі мен қыз­дары отыр. Тьягоның қол бұлғап, Ма­теоның «бү­гін не істей аласың?» деп сұрай қараған жанары Лио­нельге шабыт бергендей. Алаңды барлай қа­рап, командаға әл­дене айт­қысы кел­гендей жү­­гіре басып жігіттерге жетті. Месси Мексикамен матч ойдағыдай өр­­­біді. «Үйренген жау атыспаққа жақ­сыға» салып қос құрама ұрым­­­­­тал сәтті күтіп жүрді. Ар­гентина өткен­де­гідей емес, жи­нақы ойынға көш­кен. Мес­си де, ко­манда­лас­тары да ба­рын салып жүр. Көп өтпей Лео Очаоның қақ­­­пасын тулатты. Бұл альбисе­лес­таға одан сайын күш бергендей. Ойын бітуге таяғанда орталықта ойқастап жүрген Фернандес есепті еселеді. Месси іштей бұл жігітке дән риза. Себебі жаттығу жиынын­да да, матч барысында да негізгі құрам ойын­шысына айналатынына күмән жоқ еді. Десе дегендей, Польшамен ойын­да да Фернандес негізгі құ­рамда ойнады. Аталған матчта Аль­варес көзге түсіп, жас жұл­дыз­дың туып келе жатқанын аңғартты. Осылайша, альбиселесте Поль­ша­ны екі доп айырмасымен ұтып, плей-оффқа жолдама алды. Осы­дан кейін арген­тиналықтар иық­пен демалуды қой­ды. Сын сағат ...Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Лаутаро Мартинес ша­ша­сына шаң жұқтырмаған. Интер­дегі ойыны да көз сүйсіндіреді. Алайда мундиальдың сиқыры ма, Катарда ойыны жүрмей-ақ қойды. Пас қабылдау түйсігі мен қақпаға соққы бағыттау дәлдігін біреу «матап» қойғандай күй кешіп жүр. Соны байқаған коман­даластары да оны мұқал­туға емес, қайта демеуге көшкен. Өйткені БАӘ-ге келмес бұрын жігіттер бір мүддеге бірігіп, демеп, артық-кемді байыппен жеткізуге келіскен-ді. Содан ба, Мартинес негізгі құрамдағы орнын Аль­вареске оп-оңай босатып берді. Өз кезегінде Тальяфико да Акунья кандитатурасын қолдай кетті. Парадес те Макаллистерді, Род­ригес Фернандесті кеудеден итер­ген жоқ. Командадағы осындай атмосфера бапкер Скалониге де майдай жақты. Әр матчтан кейін анализ жасап, негізгі құрамды өзгертіп отырды. Плей-офф кезеңіндегі Аустра­лияға қарсы ойында жігіттер өзін еркін сезінді. Бірінші таймдағы Мес­сидің голынан соң тіпті еркін­сіді. Доп та Аргентинаға болыс­қандай берген пас ойыншыны дәл табады. Сондай бір сәтте Альварес әдемі гол соқты. Осы шабуылдан соң альбиселеста ширек финалда Нидерландқа қарсылас атанарын анық білді. Оған дейін кеудеде күдік болмады емес. Іштей ауыр ойын күтіп тұрғанын сезеді-ақ. Нидерландпен матч қырғи­қабақ соғыс па дерсіз. Бірақ кімнің «құлайтынын» ойын соңы көр­сетеді. Жалпы, аргентиналықтар бойшаң емес. Содан болар, Альва­рес пен Фернандес Нидерланд жігіттеріне үрке қарады. Олар болса ірі денелі, еңсегей бойлы еді. Энцо іштей Ван Дейк бір итерсе, ұшып түсетінін елестетіп кетті. Есін бірден жинап, Мессидің ойын алдындағы сөзін еске түсірді. Лео Нидерланд құрамасының шебері екенін, басым тұсын сәтті пайда­лана білетінін ескерткен. Сол үшін альбиселесте артықшылығын пай­далану керегін де қосқан-ды. Ойын­дағы допты иелену көр­сет­кіші бойынша бірде Аргентина алда тұрса, енді бірде Нидерланд көш бастады. Матч барысы теңдей көрінгенмен, есепте аль­биселесте алда еді. Айқас аяқталуға жақын қал­ғанда Верхорст есепті қысқарт­ты. Өзі бір өңің бар, түсің бар демей шабуылдайтын ойыншы екен. Мессиге жағдай ұнамады. Сақ қимылдамаса, матч тең аяқ­таларын сезеді. Төреші де жығыл­ғанға жұдырық болып, ойынға қосымша он минут қосты. Бұдан Нидерланд өршіген үстіне өрши түсті. Жігіттері жігерленіп Marvel-дің бір-бір кейіпкеріне айнал­ған­дай. Қосымша минут аяқталар тұста айып соққысын «ойна­тып», есепті теңестіріп кет­кені тағы бар. Ал енді «ғасырдан да ұзақ күн» басталғандай. Лионель овер-тайм ойнағанды жақтыр­май­ды. Фобия­сы бар ма дерсің. Өйт­кені 2014-тегі мундиальда экстра таймда есеп ашылып, Аргентина қапы қалған-ды. Копа Амери­ка­ның бірнеше финалы пенальти сериясына жалғасып, жеңілгені бар. Десе де, Нидерландпен пе­наль­ти сериясын еңсерді. Себебі бұл жолы жігер де, мақсат та бө­лек-ті. Аргентина­лық­тар бүтін болса ұтарын, бытыраса ұтыларын жақсы біледі. Бұл матч адренали­німен есте қалып, Хор­ватиямен ойында еркін көсілуге мүмкіндік берді. Өйткені Нидер­ланд әуелден Аргентинаға ауыр қарсылас еді. Месси Ал Хорватиямен ойын алдында көпшілік «альбиселесте осы кезең­нен қайтады-ау» дескен. Қайта осы сөз Аргентинаның жігерін жани түсті. Нөмірі екіншінің бірінші болуға жанын салатынындай жи­нақы ойнады. Хорват биігін оңай еңсерді. Олар бұл ойынымен тек­тен-текке жартылай финалға шық­пағанын барынша дәлелдегісі кел­ді. Мессиге де бейнебір тыл­сым­нан күш біткендей алаңның ана тұсынан, мына тұсына дем де жетті. Арасында жартылай қорға­нысқа түсіп, біраз «іс» тындырды. Альварес те Лео шайнап берген асты оңай «қылғытып» ізбасар болуға дайын екенін сендіргендей. Басқа­лары да матчтағы комбина­цияға дән риза. Осы қар­қын­нан таймаса кубокты құшақтап қайта­рын топшылаған.
Көрген түстей болған Катарға «саяхат» аяқталуға жақын. Фи­налда Аргентина Францияға қар­сылас атанды. Бірден ойыншы­лардың есіне Ресейде өткен мун­диальдың плей-офф кезеңінде фран­цуз­­дар­ға жол бер­ге­ні түсті. Оның үсті­не, олар­дың биыл қарқыны бөлек. Мбаппелер «кім бар кәне?» деп жүр­гендей. Ас ішіп, финалды тал­қылап отырғанда Мес­си сөз алды. «Мойын­дау керек, финалда біздің жеңіске же­те­рімізге ешкім кепілдік бер­мейді. Бірақ осын­шама жолды жүріп өттік. Бі­рің­нің қызың, бі­ріңнің ұлың дү­ниеге келді. Оларды құшақтап, иіс­кеудің орнына ел кезіп, доп ойнап жүрдік. Не үшін? Аргентина артқан сенімді ақтау үшін. Бай­қа­саңдар, бізбен еріп келген қара­пайым жұмысшыға дейін барын салып жүр. Хорва­тиямен ойыннан соң жанкүйерлер қалай масаттан­ды? Кеудесінде кубок біздікі болады деген сенім оты маздай түсті. Сол жалынды сөндіріп алмайық, жігіт­тер.­ Мұн­дай мүмкіндік келе бер­мей­ді. Бә­ріміздің ұл-қызымыз осында жүр. Соларға ерекше ес­те­лік сыйлап, Аргентина жұртының арманын орындайықшы», – деді ол.
...Франция жігіттері де ірі денелі, шетінен шапшаң. Бірақ бұл альбиселестені үркіткен жоқ. Себебі Нидерландтан алған тәжі­рибе бар. Десе дегендей, Аргентина допты өзінде ұстап, көпке дейін есепте алда тұрды. Жанкүйерлер де мундиальды бір қолымен ұстап тұрғанына сеніп үлгерген. Бір сәтте құйын-перідей қимылдаған Мбаппе есепті қыс­қарт­ты. Өң мен түстің арасында есеп еселенді. Месси де жас жүйріктің мұнысына іштей таңғалған. Жағдай тура ширек финалдағы ойынды еске түсірді. Бірақ ешкімнің пенальтеге таласқысы жоқ. Себебі футбол ло­тереясы кімнің жағында боларын ешкім білмейді. Сондықтан овер таймда гол соғу – міндет. Алаңда тың шыққан Лаутаро екі мүмкін­дікті жіберіп алды. Лионель бір сәт алаң­да Игуаинның көлеңкесін көргендей күй кешті. Бар қауқарды жинап өзі гол соқпаса болмай­тындай. Әдетіне басып, төрт-бес қорғаушыны жа­нына үйіріп алды. Сөйтіп жүргенде доп та менмұн­далағандай аяғына дәл келіп, қақ­паға тоғытты. Бір үміт. Бірақ ойын әрмен қарай жалғасты. Фран­ция­ның екінші тынысы ашыл­ғандай, қарқыны алапат. Мбаппеде Мес­сиге «үздік ойыншы сен бе едің?» дегендей үшінші голын соғып кетті. Алаңда қияң кескі ұрыс жүріп жатқандай. Франция қауіпті шабуылды үдеткен үстіне үдете түсті. Овер тайм аяқталуға жақын қалғандағы соққысы Аргентина жанкүйерлерін тік тұрғызды. Қақ­пашы Мартинес шеберлік та­нытпағанда, Франция қатарынан екінші рет әлем чемпионы атанар еді. Бірақ... Бірақ тарих Аргентинаның үшін­ші рет әлем чемпионы болға­нын күткен екен. Ойын пенальтиге жалғасты. Мартинес те, Льорис те сақ қимылдайды. Қос құрама ойын­шылары пенальтиді төпе­лет­кен үстіне төпелетіп жатыр. Кезек Команға келгенде француз мүлт кетті. Трибунадағы жұрт тік тұрды. Парадес болса салқынқанды соқ­қы жасап, мүмкіндігін жібермеді. Чуамени бағыттаған доп қақпадан қиыс кеткенде күллі стадион дүр сілкінді. Енді Монтиель қателес­песе, Аргентина тойлауды бастай­ды. Айтқандай, оның соққысы қақпаға дәл тигенін көрген Месси газонға құлай кетті. Көзін жұмды да, терең тыныс алды. Арқасынан жүк түскендей. Жан-жағындағы у-шуды естіген жоқ. Ішінен «Әже, сенің және Аргентинаның үмітін ақтадым» деп күбірледі.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ