Адам есімінде жан бар
Адам есімінде жан бар
© коллаж: Елдар Қаба
1,138
оқылды
Қазір ұлы тұлғалардың, Алаш қайраткерлерінің және белгілі ақын-жазушылардың атын балаға қою, сосын діни мағынасы бар атауларды есімге айналдыру кең таралған. Сонымен қатар ұлға немесе қыз балаға зар болған отбасылар ырымдап қоятын есімдер болады. Баласы шетінеп кеткенде келесі дүниеге келген сәбиге жаман ныспы беретін дәстүріміз тағы да бар. Алайда есім-сойдың бала психологиясына әсерін, салдары барын ескере бермейміз. Сәбиге қандай ат беру керек, оның мағынасы психологияға қандай жүктеме артады, осы тұрғыда мамандар пікіріне құлақ түрдік. Қазақта әрбір сөз адамның есім-сойы болып қойыла береді Қазақта не көп адамға қойылатын есім көп. Көрші орыстар балаға ат бергенде санаулы діни немесе көне славян есімнің бірі таңдайды. Ал қазақ ат қою жағынан таңдау көп. «Әрбір сөз адамның есімі бо­лып кете береді» деп жазады зерттеушілер. Этнограф Досымбек Қатыранның пікірінше, адамның аты көп дүниеден ха­бар береді. Өйткені қазақ әдемі сөзді таң­дап қана адам ныспысы ретінде қоя сал­маған. Әрбір есім етіп қойылған сөздің ас­тарына, мағынасына үңілу керек. Адам ныспысына қарап оның қойылуына қа­тысты қызықты тарихы барын аңғаруға бо­лады. Біреудің аты ерекшеленіп тұрса, оның отбасындағы бір жағдайдан кейін қойылғанын бағамдаймыз. Этнограф Сатыбалды деген есімге айрықша тоқталды. Оның мәнісі көне, ұмыт бола бастаған ырымда жатыр. Бала шетіней бергенде сәби дүниеге келісімен оны көпбаласы бар кемпір-шалға асырауға беріп жібереді. Олар шарананы етегіне салып алып кетеді. Арада 2-3 ай өтіп, бала аман-есен қарақұлақтанған шамада әке-шешесі оны барып қайтарып алады. Ол үшін кішігірім пьеса ойналады. Әркімнің өз рөлі бар. Осы дәстүрде айтылатын арнайы диалог бар.
Баланың әке-шешесі бір арқа отын арқалап бала әкетілген үйге барады. Киіз үйдің сыртында тұрып, олар: «Біз бір перзентке зар болған пақыр едік, осы үйде бала бар деп естіп келдік», – дейді. Сырт­тағылардың баланың әке-шешесін екенін үйдегілер біліп отыр ғой, сонда сыр алдыр­май: «Біздің үйде бала бар, бала сатылады» деп кім айтты, аулақ жүріңдер» деп дауыс көтереді, осылай айтуға міндетті. «Ба­лаңыз­ды бізге беріңіз» деп келгендер жа­лы­нып, жалпаяды. Соңында «жақсы онда баламды сендерге асырауға бердім, балам­ды қидым», – дейді іштегі жауап қатушы. Сөйтіп, қайтарып алған баланы екі-үш ай өткеннен соң Сатыбалды деп атайды.
Мысалы, Ырысалды деген есім бар. Ол үйдің үлкені дегенді білдіреді. «Ырыс-берекенің бастауы, сәбилі болдық» деген мағынамен қойылады. Жылқышы деген ат жылқы көбейе бастағанда дүниеге келген балаға тиесілі. Күзеубай – ауыл күзеуге көшіп келгенде қойылғанын білеміз, Дауылбай дауыл соққан кезде туған бала деген сөз.
« Адамның аты тегінен-тегін және ойға келген сөз­ден қойыла салмайды. Бір атаулы оқиғаға байланысты немесе ырымға телініп дүниеге келеді. Қазақ адамның есімінде жан бар деп есептейді. Сондай-ақ үлкен атақты адамдардың есімін қоюдан қашады. Абылайдың, Шыңғыс ханның атын қойып жатқандар бұрын некен-саяқ болған. Сол адам дүниеден өткенде тағдырын білетін­дер «мынадай атты көтере алмай қалды-ау» деген ой пайда болады», – дейді Досымбек Қатыран.
Балаға ат қоюда нені ескерген жөн? Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім ака­демиясының бас сарапшысы, PhD доктор Балабек Сақтағанов, балаға ат қой­ған кезде оған сай болатын жақсы есім таң­дау жолында мұқият ақылдасып, ой­ластыруды ұсынады. Әрі қазіргі қоғамның барысы да ескерілуі тиіс.
«Өйткені баланың аты басқа адамдар­дың, достарының тарапынан мазақтауға ыңғайлы болса, ол атының аталуынан қашып, ел назарына ілікпеу үшін үнемі топтан жасырынып жүреді. Көпшілік арасында «менің атым аталып қалмаса екен» деген қорқыныш пайда болады. Фрустрация (мақсатына жете алмаған адам басынан өткеретін уайым, үрей билеген психологиялық күй – авт) туындайды. Ма­зақ­тағандарды тыямын, басқаларға жауап қайтарамын деп агрессияға ұрынады. Ныс­пысы нашар болса, баланың өзін бағалауы төмендеп, қабілетінің ашылуына кері әсер етеді. Міндетті түрде жақсы мағы­нада, ашық айтылатын, күлкі тудырмайтын, керісінше абыройын асқақтататын есім қоюдың маңызы зор», – дейді Балабек Сақтағанов.
Психо-аналитик, психолог Зүбайда Кененбаеваның пікірінше, балаға ат қойғанда ол үйлесімді, әдемі болып шығуы тиіс.
«Себебі ол өмір бойы өзімізге ғана тиесілі. Тегіміз – атамыздың аты, одан қалса әкеміздің аты да бөлек, тіпті жеті атамыздың аты да бізге тек аталық мәні жағынан ғана тиесілі. Сондықтан өзіңе меншікті ныспы оны алып жүретін иесіне ұнауы қажет. Әрі әдемі болуы тиіс. Әке-шешесінің балаға деген махаббатынан туатын сезімді көрсететін ат қойылуы керек», – дейді Зүбайда Кененбаева.
Тағы бір тоқтала кететін нәрсе, ұлтымыз сәби шетінеп кете берсе, одан кейін дүниеге келген балаға Төлеу, Өтеу деген ат қояды. Сосын ұл баланы көп күткен от­басы қыз балаларына Ұлболсын, Ұлжал­ғас, Жаңылсын дегендей есімдер қояды. Психолог осы аттардың да бала пси­хика­сына көрінбейтін қаяу салатынын алға тартады.
«Балаға қойылған есім тек оған тиесілі. Сондықтан ол өз өміріне ғана жауапты. Ал ырымдап қойылған ат әке-шешесінің күткен үмітін білдіреді. Ол үміт ақталмаса, орындалмайтын болса, сол жауапкершілікті баланың мойнына артқандай қылып ат қоюдан бас тартқан жөн. Бала ақыл тоқтата келе атын жек көре бастайды, өйткені есім баланың болмысына сай емес. Оны сол күйінде қабылдағанның өзінде әке-ше­шесінің артқан үміті орындалмаса, бала өзін кінәлі сезініп, өмірге келген мақсаты орын­далмағандай еңсесі төмендеп, деп­рессияға ұшырауы ықтимал. Мұның барлығы жасырын, бейсаналы түрде өтеді. Сондықтан оны түсіну, сезіну оңай емес. Себеп-салдары көбіне адам психолог көмегіне жүгінген кезде ғана анықталады», – дейді Зүбайда Кененбаева.
Оның пайымынша, бала өмірге әке-шешесінің бұйырмаған үмітін ақтап, әулетінің мақсатын орындауға келген жоқ. Кейде ата-ананың ниет етіп қойған атын­дағы үміті ақталып шықса, бала өзін жақсы көріп, өзін жоғары бағалауы мүмкін. Алайда адам өзінің жеке өмірін сүрмей, басқалардың айтқанына жүгінгіш, басқа біреулерге жағу, жақсы көрінуге ұмтылып өтеді. Психоанализ модельдерге жүгіне отырып пікір білдірген Зүбайда Кененбаева өз тәжірибесінде кездескен осындай жағдайды әңгімелеп берді. Оның есінде қалған әйел қатерлі ісік дертімен қатты ауырған екен. Ол қанша емделсе де жазыл­маған. Кейін психолог көмегіне жүгінген онколог дәрігер «науқастың иммунитеті жақсы, тұр­мысы тәуір, ауруға себеп болатын жайт­ты көрмегенін» жеткізеді. Олар үшін медицинаға қолжетімді барлық шара жа­салса да ем қонбай жатқаны да жұмбақ болып шығады. Психолог әріптестерімен ақылдасып науқасқа көмек көрсетеді. Оның аты Ұлболсын екен. Осындай ат берілген соң отбасында тағы екі қыз дүниеге келген. Содан барып қана ұл туған. Әрі ол тұрмысқа шыққан кезде үш қыз бала дүниеге әкелген. Осы екі жағдайға бейсаналы түрде кінәлі сезінген адамның ағзасы өзін өзі жою жолында жұмыс істей бастаған. Онколог ма­мандар психологтермен бірлесіп жүргіз­ген жұмыс нәтижесінде пациент сауығып, беті бері қараған. Балаға Жаман мағыналы есім беруден қашқақтау керек Айта кетерлігі, жақын досымның әкесін бүкіл ауыл Бораш деп атайтын. Алайда бұл оның шын аты емес еді. Баласы бізбен оқитындықтан, оның құжаттағы аты бөлек екенін біздер білетінбіз. Кейін ақсақал дүниеден өткенде азан шақырып қойған аты тіптен басқа деп жария етілді. Осы тұста бір адамның 3-4 есімі болғаны мені қатты таңдандырды. Бұл жайтты этнограф Досымбек Қаты­ран түсіндіріп берді. Оның айтуынша, сәби дүниеге келгенде 3-4 күннен кешіктірмей ат қою керек. Азан шақырылып, ат қат­тырақ айтылып, баланың құлағына естір­тіледі. Бұл Жаратқан иеге жар салу «өмірге бір адам келді, осындай атты иеленді» деген мәнісі бар.
«Одан кейін қырқынан шыққан соң тіл-көз тимесін, жаманшылық жоламасын деп ырымдап басқа атпен атайды. Мысалы, Абайдың шын аты – Ибраһим, Шоқанның шын аты Мұхамед Қанафия, Мұқағалидың шын аты – Мұхаммедқали. Есейгенде, танымал бола бастағанда басқа көпшілік оған басқа ат таңдап қояды. Мысалы, жекпе-жекке шығып батыр болып таныл­ған Ерасыл атақты Қабанбай батыр атанды. Абылайдың шын аты – Әбілмансұр, түйе бағып жүргендегі аты – Сабалақ. Жекпе-жеке шығып жұртқа танылып, ел билей бастаған кезде Абылай атанды», – дейді этнограф. Ол осы дәстүрден айырылып бара жатырмыз деп қынжылады. «Негізі, адамда 2-3 ат болған өте дұрыс. Бұл үйіндегі ерке­лет­кен аты, ауылдағылар атайтын аты және азан шақырып қойған аты», – дейді Досымбек Қатыран.
Ал психолог Зүбайда Кененбаеваның пайымдауынша, баланың еркелетіп ат қоюдың салдары бар екені, екі аты болудың психикаға кері әсерін тигізуі мүмкін еке­ніне тоқталды. Өйткені баланы үйде ерке­леткен аты өзіне жақын әрі әдемі көрінеді. Оның түсінігінде «еркелеткен ат жақсы, құжаттағы аты жаман» деген түсінік пайда болады.
«Екі аты бар бала құжаттағы шын атын жек көріп, үйдегі еркелеткен атты қолдан­ғанды ұнатады. «Жаман атты маған не үшін қойды» деген ой туындауы мүмкін. Бұл біріншіден баланың өзін-өзі бағалауына кесірін тигізеді, екіншіден, бір тұлғаның қосарланып, екі адам секілді өмір сүруіне әкеліп соғады. Мысалы, үйде оны бір атпен атайды, ал мектепте, жұмыс орнында құ­жат­тағы атымен атайды», – дейді Зүбайда Кененбаева.
Психологтің жеке тәжірибесінде осындай оқиға кездескен. Бір әйелі өзінің құжаттағы атын қолданудан қашқақтаған. Айналасындағылардан өзі таңдап, ұнатқан атымен атағанды жақсы көрген. Әріптес­терінен де соны талап еткен. Кейін жасы қырықтан асқан соң құжатындағы атын өзіне ұнаған есімге ауыстырыпты. Ол: «Құжаттағы атты өзгерткенде ғана өзімді жақсы сезіндім» дейді. Зүбайда Кененбаева баланы кішкентай кезінде ғана еркелетіп атап, бала 3-4 жасқа толып балабақшаға барғанда құжаттағы атымен атай бастаса, ол еркелеткен лақап есімнің маңызды емес екенін түйсінеді деген пікір білдірді. Осы тұста тағы бір тоқтала кететін нәрсе, ұлтымызда баласы шетінеп кете бергенде келесі туған сәбиге тіл-көз тию­ден сақтау үшін ырымдап, жамандау ма­ғыналы ат таңдап қояды. Мысалы, Итбай, Көтібар, Жаман, Шоқпыт, Ішпек, Тұтқыш дегендей.
«Бала тоқтамаған жағдайда тіл-көзден сақтасын деп жаман ат қояды. Қызық болғанда ондай ниет қабыл болады. Атамыз болды, әкемнің үлкен ағасы аты Көтбай еді. Шешесі бес-алты құрсақ көтергенімен, бала шетінеп кете берген. Содан ырымдап, жаман ат берген соң ғана бала тоқтапты. Менің әкем үйдегі еркек кіндіктінің төртіншісі. Осылайша, ырым­ның да орындалатынын көреміз. Қазақ Жетікөт, Боқкөт деп жаман ат қояды. Немесе атауы құлаққа түрпідей болсын деп басқа ұлттардың атын қояды. Костер, Володя деп орыстың атын қойғандарға күл­меу керек, өйткені астарында осындай мән жатыр», – дейді этнограф Досымбек Қатыран.
Психологтер керісінше балаға жаман ат-есімді беруден қашқақтау керек деп санайды. Зүбайда Кененбаеваның пайым­дауынша, аты жақсы мағыналы болып шықса, ол жеткіншекке түсіндірілсе, бала сол аттың мағынасына сай болып, мақ­сатына жетуге тырысады. Негізінде, бұл әдейі жасалынбайды. Ол бейсанада жатады.
«Баланың өзіне ұнайтын, беделді санайтын, отбасында не сол әулетте сыйлы адам қоятын болса, онда есім-сой балаға ұнайды. «Менің атымды керемет адам қойған, мағынасы жақсы» деген пікір балада қалыптасады. Баланың өзіндік бағалауы позитив болады. Егер аты жаман мағыналы болса, өскен кезде өзіне ұнамай­ды. Оны жек көре бастайды. Бала өзін төмен санайды. Сондықтан оны өзгерткен дұрыс та шығар. Өйткені берілген атпен адам бірге өмір сүреді. Сондықтан аты өзіне ұнауы, жақсы әсерін қалдыруы керек», – дейді Зүбайда Кененбаева.
Этнограф Досымбек Қатыран осы тұста «қазақтың ырымынан бас тартпайтын жол бар» дейді. Ол ырымдап қойылған жаман мағыналы есімді азан шақырып қана қойып, құжатында тәуір есім жазуды ұсынды. Сәнге айналған есім қоюдың кемшін тұстары бар Ұлттық статистика бюросы былтыр сәбилерге қойылған ең танымал есімдерді жариялады. Жыл бойы дүниеге келген қыздарға Медина, Асылым, ұлдарға Әлихан, Алдияр есімі көп қойылған. Еске түсірсек, бұрнағы жылдары Ерасыл, Нұра­сыл, Нұрәлі, Айсұлтан, Әмина, Аружан, Кәусар сынды есімдер көп қойылып келді. Яғни, танымал есімдері бар адамдар балабақша тобы, мектеп сыныбы немесе жұмыс орнындағы ұжым арасында көп болуы мүмкін. Яғни, топ 10-дық, 20-лық есімдер жиі кездесетін­діктен, соны алып жүретін жандарға психологиялық жайсыз­дық туғызады екен. Адамдар оларды шатастырады немесе шатастырмас үшін кейбіріне кемсітетін лақап ат қосып атай бастайды. Психолог Балабек Сақтағанов аты бірдей екі бала бір топта, сыныпта кез­десетін болса олардың бойында өзгерістер тууы мүмкін деген пікірде.
«Біреуінің темпераменті холерик (бұл темперамент өкілі шапшаңдығымен, ұстамсыздығымен, тым қозғалғыштығымен ерекшеленеді) болса өзі аттас адамға қатысты «неге ол менімен бір ортада жүр» деген ішкі өшпенділік пайда болуы ық­тимал. Аттас адамды көруді қаламай, одан бөлек жүргісі келеді. Өзімен аттас адамды шатастыру олардың бойындағы алаңдау деңгейін өсіріп жіберуі мүмкін. Мелан­холик (бұл темперамент өкілінде психикалық процестер өте баяу жүреді) темпераментіндегі бала бірдей ныспылы екіншісінің өзінен асып кетуінен сақ­тана­ды, тәрбиеші, мұғалім тарапынан «сенің аттасың жақсы оқиды, сен неге сондай болмайсың» десе өшпенділік тууы мүмкін. Плегматик (бұл типтің өкілі баяу, байсалды, асықпайды) болса бойы үйреніп, бейімделіп кеткенше біраз қиыншылықты сезеді», – дейді Балабек Сақтағанов.
Маманның пікірінше, сангвиниктер (бұл тип өкілі еті тірі, қабілетті, қозғалғыш) ғана мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Шет тілдегі сөздің бәрі әдемі ат болмайды Азиада, Саммит секілді науқанға байланысты қойылған есімдерді көпшілік жатырқай қабылдады. Қазір, сән үшін, ерекше есім іздеп табу үшін ұйғыр, түріктің немесе еуропалықтардың атына еліктеп қою белең алып келеді. Сонымен қатар елімізде мұсылманша есім қою бұрынғыдан көбейіп кетті. Бұл бұрыннан бар үрдіс еді.
«Діндар кісілер ат қойып кейінгілер оның мағынасын білмей жатады. Кәл және Нақу деген ағамыз болған. Бұлар Моңғо­лия­дан Павлодарға көшіп келгенде жергілікті тұрғындардың құлағына жайсыз естілген. Алайда Кәл деген арабша «сөздің құдыреті» дегенді білдіреді, Нақу деген «жазба ережесі, грамматика» деген мағына береді. Мұстафа, Мұхамед, Омар сынды кең тараған есім көп. Алайда діндар адамдар осындай сирек сөздерді қадір тұ­тып баласына ат қылып қойған. Оның еш оқасы жоқ. Тек ол орыс мәдениетімен байланысқа түскенде ғана тұрпайы естіліп тұр ғой. Бірақ мәдени байланыс салдарынан қазақ осындай ат таңдаудан тартынатын болады», – дейді этнограф Досымбек Қатыран.
Этнограф өз теориясын айтады, пси­хологтердің пікірі бұған мүлде кереғар келуі мүмкін. Қазақ бұрыннан ырымшыл халық болған соң ырымдап есім қою дәстүрін жоя алмайтынымыз тағы белгілі. Бірақ қазір көпшілік заманауи есімдерді жиі таңдайтын болған. Кім қандай есімді ұнатса да, ол есім баланың өміріне дұрыс әсер етсе болғаны. «Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай бо­ла­ды» деп Бердібек Соқпақбаевтың кейіп­кері айтқандай, бәрінен де бала атын айт­қанда, тілі таңдайына жабыспайтындай, сүйкімді естілгені дұрыс қой.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ