Жүрек көзіне жол тапқан
Жүрек көзіне жол тапқан
1,019
оқылды
Сырды жүрек еткен, шын­дықты тірек еткен, әсемдік пен әде­мілікті әдіптеген Серік Әб­дірайымұлының нұрлы да сыр­лы тұлғасын сипаттау кісілік сөз­ге тоқтаған көркем дүние тәрізді. Бүкіл қазақ қоғамының ар-ұяты мен ар-абыройы болған марғасқалар туралы өзі талай мәрте көркемдеп жазып, мөлдірете сұхбат алып, ай­шықтап айтқанындай, сұлулық мек­тебінен дәріс алғандай сезіледі. Се­кеңнің таңдап алған кейіпкерлерімен сұхбаттасуы және оны жазуының стилі тым басқаша, тақырыпқа шы­ғарған серке сөздері мен салмақты сөйлемдері де шөлдегенге айызы қанып ішер тұнба бұлақтың қайнар көзін ашқандай-ау, тап солай болған. Қазақ журналистерінің ХХ ға­сырдың 60-жылдарындағы адуынды толқын – жаңа буынында сергек ойлы, сөз өнеріне таңғы шықтай Серік Әбдірайымұлының қолтаң­басы көркем очерктің өзін көркем әдеби шығармаға бергісіз етіп жа­зуымен көзге түскен. Сөйтіп, кір­пияз талай әріптесін жалт қарат­қа­ны, сөйтіп бірінші курс студенті­нің көлемді дүниесі республикалық жас­тар басылымына жиі-жиі жа­рия­лануы сол уақыт өлшемімен алып қарағанда бозөрім-балаң жі­гіт­ке құт дарып, бақ қонғанмен бірдей еді. Сол қимас шақтан басталған шы­ғармашылық жол мен жұрт кәде­сіне жараған жампоз азаматтың өмірі қиялдан қанат байлаған, биік­ке самғаған. Дәл осы кезде біздің алдымызда көрнекті публицист- журналистің 2008 жылы «Самғау» деген атпен жарық көрген кітабы жатыр. Жүрек көзіндей болған бұл туындысы түгел­дей сұхбат-толғаныстардан құ­ралған. Сырласуы мен шер тарқатуы бағзы заман үрдісіне ұқсас, қазақтың ең ардақты, маңдайы кереқарыс, ең аяулы, ең мықты деген асыл ұл-қыз­дарын жай сауал емес, заманның сұрапыл және кейінгі ұрпаққа ке­ректі, қазақ баласына қажетті, қоғам зәрулігін туғызған ой-сауалдарымен жетелейді. Ұлт биігінде болған жақ­сылардың жүрек сөздерін риясыз айтқызады. Алдыңнан жайдарлы қалпында күлімсіреп шығып, мейірімді, жұм­сақ жүзінен шуақ шашып, кездесетін осы адам тек сағыныштан жаратыл­ған жан секілді. Бұл біздің жалқы пікіріміз емес, көпшіліктің ұққаны немесе көріп, жалпы ой түйгені. Сөз басы, ортасы, ой толғаныста­рының шарықтауы да сағынышқа толы екенін кез келген эссе-әң­гімесінен оқуға болады. Міне... «Кіндік қаның тамған туған жерің­нен киелі, сені мәпелеп өсір­ген еліңнен қасиетті, ауылыңның атын аңызға айналдырғандай жер-жаhанға мәшhүр еткен ерлеріңнен асқан кім бар? Мақтан ете бергіміз келетіні содан-ау, әсте. Содан деймін-ау...Шүкір, аузы дуалы, сөзі уәлі баба батасы дарыған дарқан елден кімдер шықты дей­сіздер ғой?» деп тебірене толғап, тө­­гілтіп, термелеп жазған, енді кере­мет кестелеп жазып кеткен көрнекті публицист, қазақ журналистика­сы­ның жүйрігі Серік Әбдірайымұлының кесек, кескін бейнесі мен сұлулық­тан жаратылған көңіл күйі жадыда жаңғырып тұр ма екен деген ой келеді кейде. Кіл жүзден-жүйрік, мыңнан тұл­пар. Өткен ғасырдың 60-жылдары бір ғана «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінен қанат­танып, шың­далып, жүйрік шыққан­дарын талант деп таныды, тұлпар боп топты жар­ғанын тұлға тұтты. Сондай талантты, шұғы­лалы шоғыр Ә.Кекілбайұлы, О.Бөкей, Ф.Оңғарсынова, М.Шаха­нов, А.Сейдімбек, К.Ахметбеков, О.Сәрсенбаев, К.Сегізбай, Ә.Сарай, Қ.Құрманғалиұлы секілді көптеген үздік үзеңгілесімен бірге жасындай жарқыраған Серік Әбдірайымұлы­ның да өз орны бар. Қаламгерлік са­­­­налы өмірінде жан сүйсінерлік қол­­­таңбасы мен кісілік қарекеттері қо­­ғамда қанық және ұлттық руха­ният­­­та өшпестей із қалдырғаны анық. Жұлдызды жігіттердің серкесі Серік Әбдірайымұлының әлемі мен кеңістігі қайырымды жүрекпен, жеке басының адамдарды ұшырас­қан сәттен-ақ соншама жылылық, соншама мейіріммен құшағына ала­тын қасиеттерімен шуақтандырып жіберетін ерекшеліктерімен ешкімге ұқсай бермейтін дегдар жан еді. Адамдарды жанындай жақсы кө­ретін жүрегі неден жаратылды екен сонда?! Мұндай сауал осы кісіге қарап қана қойылатынына мың мәрте куә болған жандардың ақ сөйлейтіні анық. Ізгілікпен атын мәңгілік қыла­тын жолды таңдап алуында, соған сай өмір сүруі сірә, оңай ма? Аса ардақты, ерен қадірлі ерлер аға делініп, ұлт тірегі-ірілерге іні бола алған Серік қайраткердің өзінен кішілерге мінсіз аға бола алған өнегесін бір дәурен-дәуірдің қайталана бермейтін құбылысы деуге де қисынды болып тұр. Адалына келсек, биязылығы мен маңғаздығы өнер сұлулығындай се­зілетін сымбатты, сұңғақтың көр­кемі Серік Әбдірайымұлының мық­ты қаламгерлігі мен қоғамдағы ай­рықша таланты көкөрім кезіне де тән болғанымен, шырқау мен сам­ғауы, оның адамгершілік тұжырымы ұлт пен тарихқа керекті бір оқиғалы сағатта тіптен айрықша болғаны рас. Бұл –мойындалған шындық. Ызғарлы 1986 жылы желтоқсан айында қазақ елі тарихында қандай дүрбелең болғаны, үстемдік саяса­тының сойқаны тұтас бір ұлттың ар-намысын таптап, жанын аяусыз жаралағаны баршаға мәлім. Қазақ жастарының империялық зорлық-зомбылыққа қарсы көтерілісі дү­ниежүзін дүр сілкіндірді. Сол күн­дері Қазақстанды ширек ғасыр абыройлы басқарған Дінмұхамед Қонаевтай арда туған дана адамды, халық шексіз сүйген ұлы тұлғаны да шеттетіп, үстіне небір пәле-жаланы үйіп, төгуге жанталасқандар аз бол­ған жоқ. Билікте де, басқа да...Қорқыныш пен үрей туғызған. Алайда адал адамға, үлкен кісіге кір жұқпады. Сондай қиын-қыстау, алапатты, мұз құрсаулы күндері талай жақын жүрген пенделер көлеңке іздеп кет­кенде Серік ағамыз періште көңі­лінің қалауымен, текті пайымының жетектеуімен және батыл жүрек қуа­тымен мың-миллион көз тіккен кісі Димекеңнің, Дінмұхамед Қо­наевтың Алматыдағы құтты үйіне қарай жол тартқан. Сөйтіп, қолы да, жүрегі де таза, дей тұрғанымен сол өткінші уақытта ауыр жағдайдан қамкөңіл Димекеңдей бар қазақтың қадірлісінің жалғыз қалуы еш мүм­кін емес еді. Бірақ ...Асыл адам­ның жа­нынан інілік ізгілікпен, қа­лам­герлік адалдықпен, бауырластық ұғыммен ұғынып, табылған қазақ­тың бірегейі ер Секең еді. Көкірегі таңғажайып шежіре, ұмытылмас оқиғаға толы жады, тарихи кезең­дердің тірі куәсі, бір ғасырда қайта тумайтын керемет адамның рухани қазынасын қастерлеп, қадірлеудің тарихи мүмкіндігін Секеңдей сергек, жүйрік, салиқалы, саясаттың қыр-сырын тереңінен түсінетін, шығар­машылық таланты мен журналистік алғырлығы жарық әлем кеңістігіне толайым алып шығатыны анық еді. Елу жыл билікте болып, оның ішінде ширек ғасыр нөмірі бірінші басшы тағында отырған ақылман кісінің дәл осы талантты, тәжірибелі журналистке сенім білдіріп, құлай беріліп, жан сырын қағазға түсірт­кені ешбір кездейсоқтық емес. Талант пен талғамның тоғысы қо­ғам­ды тосырқатқан жоқ. Сырласу мен әңгімелесудің ұзақ жолы мен жазылар кітаптың алтын кілтін демде таба алуда рухани түсіністік, пейілдерінен самал жел ескен жан­дардың парасатты мінездері шешуші қызмет атқара алды деп ойлаймыз. Мемуарлық шығарманың шоқтығы сөзсіз биік болатынын осыдан кейін сезуге де болатын еді. Туған халқының дана перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» деп аталатын кітабы қоғамда үлкен қозғау туғыз­ған әдеби-мәдени жаңалық болып тарады. Адамдар оны іздеп жүріп оқыды. Алып жүректі ұлы қайрат­кердің «Ақиқаттан аттауға болмай­ды» кітабының да әдеби нұсқасын Секең аса бір толғаныспен, ойлы та­раулармен, байсалды мазмұнмен көркемдеді. Бұл туындылар шын мәнінде ел мен мемлекет өмірінде тарихи олжа болды. Сондай-ақ ең­бегі адал журналист жоғарыдағы туын­дыларымен қатар Д.Қонаев ту­ралы «Елу жыл ел ағасы», «Лич­ность» жи­нақтарының авторы болды. Бұл кітаптардың қазақ мәдение­тінде қаншалықты қажет, қанша­лық­ты бағалы болса, сол деңгейде жазушының рухани мәні үлкен туын­дылардың өмірге келуіне қос­қан үлесін де тиісінше бағалау қоғам үшін әділдік болады. Әлбетте, бұл еңбектерде шығар­машылық ізденістер мен құймақұ­лақ тыңдаушылық, алғыр сезім­тал­дық пен азаматтық көзқа­рас­­тар­дың ор­нықтылығы, редакторлық қа­ғылез­­дік пен саяси сауаттылық, дә­­лелді дәйек­тер мен логи­­калық ойлау иірім­дерін ұштауды ұдайы есте ұс­тау, жалпы маз­мұн­дық сипаттама­сы­­ның көркемдік жо­­ғары деңгей­ден көрінуі заңдылық еді. Өз тағдырында өшпес із қалдыр­ған жағдайды әркім де жиі еске алып, оның ұрпақтар тәрбиесін­дегі алар орнына терең мән беріп жа­тады. Тағдыр жауапкершілігіне де жүк артып, маңдайына бұйыртқан Д. Қонаевтың тарихи тағылымдары жайында Секеңнің ой-толғаныстары ғажап болатын. Көксеңгір тұлғаның бойындағы ерік-жігер мен табиғи болмысын танып, білуінде шексіз, шетсіз сүйіспеншілік қалыптасты. Журналист-публицистің бақыты да осы шығар, елдің заңғар тұлғасы, әр сөзі мен ісі тарихқа айналған адам­мен жақын сырлас болу арқылы құнды дүниелерді жарыққа шығару және оны жұрттың қолына тигізу. Мейірімі ағыл-тегіл Димекең де ізетті інісін ерекше сыйлап өткен екен, оның қаламгерлік ерен ең­бегіне сай халықтық дәстүрмен сый-сияпат жасамақшы болған деседі. Бірақ Серік ағамыз ондай сыйлық атаулыдан әлденеше рет бас тартады. «Сізбен бірге бетпе-бет әң­гімелесіп, жүзбе-жүз дидар­ла­суым, байтақ ел ішін бірге аралаған әр күнімді мың күнге бағалаймын, Димаш Ахмет­ұлы, менің ең қымбат, бақыт­ты, нұр­лы күндерім де, ғұ­мырлық сый­лығым да осы» дейді. Сәл сабыр етіңіз, дүлдүл жур­налистің бұл ерекше тарихи кезеңге дейінгі, әу бастапқы жолы қалай еді? Қасиетті Әулиеатаның солтүстік аумағын алып жатқан Талас өңі­рінің байлығы мен берекесінің бойтұ­марына айналған Үшарал ауылында кіндік қаны тамған, ата-бабалары­ның атақонысын­да өсіп, ержеткен түлектердің қай-қайсысы болмасын оқу іздеп, қиялға қанат бітірген. Айтайық, бақ қонып, Қыдыр дарыған Талас өзенінің сағасында өсіп, сулы да нулы өлкеде өмір сүріп, ата қоныста мүбәрак тәрбие алған адамның елеусіз қалуы мүмкін емес еді. Қалың жұрт ішінде тай мінген бала келешекте тұлпар мініп, тізгін ұстайтындай сенімге баулыған киелі ортаны қайда қоярсың. Жазба та­рихтан белгілі Тоқберген мен Са­пақтай билер, Ханқожа мен Төре­қожадай шешендік өнердің небір дүлдүлдері, қайым айтыстың бас­тауында тұрған Ұлбике Жанкел­ді­қызы мен Жаңылдық апаларымыз­дай төкпе жыршылар мен ақын­дардың алтын босағасында өркен жайған ұрпақ өрелі болмағанда, өнерлі болмағанда қандай болмақ?! Қазақ даласында ХХ ғасырдың басында, 1900 жылы алғаш салынған зәулім мешіт осы Үшарал ауылында болғанын, ол мұсылман елдері әле­мін­де тарихқа енгенін тілге тиек ет­­сек, сол имандылық рухын жас­тайы­нан сезініп өскен Секеңнің бітім-болмысы қандай тұрғыда қатаюы мүмкін дерсің?! Әулиеатаға даңқы жайылған көрнекті педагог, байырғы Үшарал ( қазір Алтын жұл­дызды Еңбек ері Әбдір Сағынтаев атындағы) орта мектебінің дирек­торы қызметін ұзақ жыл абыройлы атқарған Ермек Дүрімбетовтің ес­телік кітабында: «Сонау 50-жылдар­дың ортасына қарай төл тумалары­мызбен қатар классикалық әде­биетке құмартқан оқушыларымыз Сейітқазы Досымов пен Серік Әб­дірайымовтың балалық ұшқындары­нан-ақ олардың келешегінен жазу­шы­ның өзі мен сөзін көргендей едік, ал ақындар ауылынан Өкім Жай­лауовтай ініміз бен Күләш Ахметова деген талантты оқушыларымыздың тырнақалды әңгіме, мақала, өлең-жырларын республикалық, об­лыс­тық газет-журналдардан оқып, мақтаныш еттік, кейін бәрі де үмітті ақтап, еліміздің айтулы қаламгерлері атанды» деп жазады. жинақ Үміт отын жаққан Үшаралдың үш бірдей түлегі Сейітқазы Досымов, Кәрібай Ахметбеков және Серік Әбдірайымұлының республикалық «Лениншіл жас» газетінде қатар қыз­мет істеп, одан әрі әдебиет әле­мінің танымал өкілі болуы бір кере­мет әсер қалдырады және осы үш ауылдас-ағайындарының жолын қуып, поэзиялық көркем шығарма­ларымен даңқы шыққан Күләш Ахметованың туындылары бүгінде ұлттық қазынаға айналған жоқ па?! Оннан астам жыр жинағының ав­торы, Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері, қазақты ардақты ақын қызы­ның туған ел туралы қанатты өлең-жырларын Серік ағам қаншама рет тамсанып, эссе-әңгімелеріне тұмар ғып тағуы да дара талантқа және тілеулес қарындасқа деген құрметі болса керек. Парасатты прозаик, сырбаз сурет­кер соноу 60-жылдары Қазақ мем­лекеттік университетінің жур­налистика факультетіне түсе салы­сымен «Лениншіл жас» газетіне көлемді очерктері жарияланып, со­дан ары қарай дипломдық жұмы­сында басқалай емес, иә, өзінің жарияланған мақалаларын негізге алып, яғни өз шығармашылығын ар­қау етеді. Жанр, стиль, жур­на­листік зерттеу ерекшеліктерін тал­дап, алдын ала бекіткен «қызықты» тақырыбы бойынша сәтті қорғап шыққанда оқымысты ғалымдардың таңғалмағаны жоқ. Бұл әрі ғылыми жетекшісі-әйгілі профессор Те­мірғали Нұртазин мен рецензенті Бекен Әбдіразақов, ішкі рецензенті, доцент Әбілфайыз Ыдырысов пі­кірін білдіріп тұрған тұста, жур­фактың деканы Тауман Амандосов «Журналистиканы шеттетіп-ақ келеміз. Ғылымға да маңайлатпай­мыз, көркемдік әлемге де қоңсы қондырмаймыз. Бірақ өмір туралы, заман жайлы, қоғам хақында дер кезінде толғап, жан-жақты сыр-си­патын ашып, ең зәру мәселесін алға тартқан кім? Осы журналистер. Бүгін соның бір дәлелі алдарыңыз­дағы диплом жұмысы», – дейді. Бұл сенсация еді. Студенттің сонау 1968 жылы өзінің шығармашы­лығынан ғылыми еңбек жазып шығу, тіпті тосын, кісі таңға­ларлық оқиға. Өте сирек, журналисти­каның ғылыми тұрғыда батыл бір қадамы болатын. «Мұндай да болады екен-ау» де­гізген мына жағ­дайдан соң алдағы өміріне де жол ашатын сенім туын­да­май тұра ма?! Сабақ үлге­рімінен қылау жоқ, бі­лім­­паз сту­дент­тің ер­тең­гі күні әлі талай ерен тірлік­терімен там­­сан­дыруы кәдік еді. Журналисти­ка­ның қызығы әдет­­те сту­­дент­тік өмірден бас­та­лады. Таңыр­қату, сүй­сіндіру, тосын жаңа­­­лықтарды жарқ ет­­кізу, талант­тың жо­лын ашу се­кілді ма­ғы­налы сәт­тер ме­рейін та­сытып, мәр­тебесін кө­тереді. Ал енді бар-жоғы екін­­ші курс­та оқып жүр­­ге­нінде оны аты дар­дай, талабы тау­дай КСРО Журналистер ода­ғына мүше етіп қа­был­дау қа­тар­­лас­тары үшін ғана емес, мүйізі қара­­ғайдай журналистер арасында абыройы асқан дүние бо­латын. Ұсыныс жасаған журналистер даяр­лайтын факультет деканы, ірі оқы­мысты Тауман Амандосов болса, сенім кепілі оның «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетте жарияланған сүбелі, қоғамдық көкейкесті та­қы­рыптарда жазған шығармашылық туындылары еді. Журналист – қасиетті қалам иесі. Халықтың көзі. Оған әділ сөзін ай­т­атын, ақ сөйлейтін ойлы, талант­ты жастар ие болу керек. Содан тағы бірде қазақ спорт журналис­тикасының атасы Сей­дахмет Бердіқұловтың ұсынысымен аңызы мен ақиқаты жер жарған, атақты мәскеулік футболшы Виктор Понедельникпен «Мен «Қайратқа» доп соққан емен» деген сұх­батын газеттің бір бетіне жария­лайды. Бүр­кен­шік атын да қоймайды. Мұндай редакциялық мақала іспеттес дүние де қы­зықты. «Сол бір ға­жап мақа­ланың шын ав­торы Серік Әб­ді­ра­йым­ұлы деген жас пе­рі дегенге тірі жан сен­бейді, бү­гін таң ат­­­­пай құт­тық­тау­ға қарқ бо­лып қал­дым» деп Сей­­дағаң ұжым мү­ше­ле­рі орта­сында риза бо­ла­ды да ізбасар шә­кір­­тінің одан әрі жеке, ер­кін сіл­теуіне жол ашады. «Содан кейін ма­қалаларым мен шығар­маларымды бүркеншік атпен жазған емес­пін» деп Секең де сырлы ой айтады. – Үздік мақаланың ав­торының кім екенін білуге құмар жандар редакцияға да арнайы келіп жатқаны бір дәурен еді. Одан сәл ертеректе оның қол­таң­басы құ­нан жалды шағында айқын­далып үлгір­ген­дей болған. Бірінші және екінші курста оқып жүр­генінде жиі жарық көрген репор­таж, су­рет­теме мақалаларын былай қойған­да, «Армандастар», «Боз кілемде» деген бетпе-бет очерктері шыққан жігіттің аяқа­лы­сынан көп сыр түйген Тельман Жанұзақов пен Қалдарбек Найман­ба­ев­тай танымал суреткер­лердің ұсы­нысымен, газет редакторы Шер­хан Мұртазаның бұйрығымен «Лениншіл жасқа» қыз­метке қабыл­данады. Үшінші курс студенті үшін бұл өміріндегі ең ірі бетбұрыс еді. Бы­­лайғы тағды­ры­ның тұғырына-ал­тын діңгегіне ай­нал­ды. Ең көп оқы­ла­тын газеттің ыс­тық-суығын бірдей көріп, он бір жыл бедерінде әдеби қыз­­меткері, бөлім меңгерушісі және жауап­ты хатшысы болды. Осы тарихи ба­сы­лымда Шераға жазғанындай, қа­­зақтың кілең «сен тұр, мен атайын» та­ланттар шоғыры кезең-кезеңімен қа­­лыптасты. Журналистикада осын­дай сұлу да көркем жазатындар, шы­найы өнерді сүйетіндер болма­ған­да қо­ғам­нан да, ұстаздар әулеті­нен де ұят бо­латындай еді-ау деген ой ке­леді. Иә, көп жыл «Лениншіл жас» га­зетінде, одан кейін «Жалын» бас­па­сының бас ре­дакторы, «Өнер» баспасын ұйымдастырушы және бас редакторы қызметтерінде және 1990 жылдан өмірінің соңына дейін «Санат» баспасының директоры болған кездерінде шығармашылық жұмыстан бір сәт те қол үзген емес. Жан дүниесі шуақты, сұлу мінез, сұлу білім иесінің көп жыл бедерінде әуеліде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің Журналис­тика факультетінде тә­лімгерліктен сабақ беруі, одан соң баспа ісінде оқытушы болып қызмет етуі жас шә­кірттер үшін жемісті болғаны анық. Себебі шығармашылық өнер­дің қайнаған орта­сында шыңдалып, өзі де асыл ұстаз­дар­дың ұлағатымен өскен парасатты азаматтан, айтары мен үйретері көп зиялы тұлғадан дәріс алған жастарда қандай арман бар?! Шәкірттері болса, жүзінен иман төгіліп, мейірімі мәуелеген ұстаздарын әрдайым мақтан етеді. ... 2009 жылы 22 шілде күні қа­зақтың белгілі оқымыстысы, ака­де­мик, Алматы технологиялық уни­вер­ситетінің ректоры Құралбек Құла­жанов ағама ілесіп, екеуміз Секеңнің Алматыдағы пәтеріне бардық. Тоғыз қабатты байырғы өкіметтің үйінде үш бөлмелі пәтерде осындай аты да, заты да дүрілдеп тұрған кісі ел қатарлы тұрмыс кеш­кені біреулерге таңданыс тудыруы мүмкін еді. Солай болғаны да рас. Жаратылысынан сырбаз, мей­лінше таза, ақ жүрек жан сон­ша­лық­ты сүй­кімді абырой-беделін пұлдай­тындар санатынан емес еді. Бұл кезде қалам­гер ағаның аздап сыр­қаттанып жүр­генін сырттай ести­тінбіз. Терек­тей биік, сымбат денелі, көркем жүзді адам төсек тар­тып жатып қалған екен. Солай болға­нымен, өзіне тән жар­қын үнімен «Құралжан, келдің бе! Жаным, қалайсың?» деп қол­да­рын ақырын-ақырын созып, аққұба жүзіне қан жүгіріп, күлімсірей қарсы алды. Балдан тәтті балалық және жас­тық шағын бірге өткізген, ауылдас, ағайындас екі құрдас, сыралғы достар хал-ахуал сұрасып қуанып жатты. «Халім жаман емес, Шүкір. Өмір ғой. Арман көп. Есіңде ме, Талас айма­ғында екеуміздің бәйге аттарына жарыса шауып, жүлде алған жыл­дарымыз. Сол күндерді ұмытамыз ба? Дегенде, әсіресе сенің ақ боз жүйрі­гіңнің құстай ұшып бәйгеден келе­тінін бір әдемілеп жазсам ба деп едім. Еh, шіркін!..» деп қалды. Беймарал күй кешті бір сәт. Құралбек аға да досына демеу біл­діріп, бар қажетті көмегін аямай­тынын айтып жатты. Үйден шығар кезде асыл жең­гемізге «Самғау» кітабын алдыртты да «Сендерге осы жаңа кітабымды сыйлаймын. Жазып беруім керек еді...Ренжімеңдер, көңіл автографын қалдырды деп түсінерсіңдер, осыдан төсекке таңылмай орнымнан тұр­сам, ойдағыны орындаймын, – деп күш-қуат алғандай әсер байқатты. – Ей, дүние, деуші еді «Өмір – қас-қағым сәт, жол шегін кім білген...» Өмір өткінші... Содан бері «Біздің Секең тәрізді қоғамға пайдасы зор адал-зиялы адамдар аз-ау!» дейтін ел-жұртының пейілі мен көңілі бір сәт те бәсеңсіген жоқ. Қоғамдық жұмыстардан да сырт қалмаған мәдени қайраткердің қалың ел ортасындағы абырой-бе­делі де көзге оттай басылып, дарала­нып тұратын. Сөйлесе, Секең сөй­ле­сін! деген түсінік пен жұрт қалауы­на сеп пен серт сенімді еді. Арманы да көп еді абзал аға­мыздың. Ал біздің көңіл түкпірімізде жап-жас шағында спорт тақырыбында жазған дүниелерімен сүйсіндірген Серік ағамыздың сол журналистік ба­ғытын неге жалғастырмады екен, солай болғанда қазақ спорт әде­биетінде талай-талай олжа салады еді-ау дейміз ғой. Сол уақыттарда атақты боксшы Әбдісалан Нұрма­ха­нов пен әйгілі палуан Әбілсейіт Ай­ханов туралы повесть жазып, көңілі көк дөненше жүйіткіген қа­ламгер, «Білім және еңбек» жур­на­лының ре­дакторы Қалдарбек Най­манбаевтың өзі Серік Әбдірайым­ұлының естігені болмаса, өмірінде көрмеген авто­мотоспорт жайында «Жанкештілер ғана тәуекел етеді» деген сұхбат-мақаласын оқып «Дү­ниені дүр сілкінткен француз Ольэн Простың өзі оқыса да таңдай қағар еді» деп мәртебесін көтерген бағасы да бекер емес еді. Мүмкіндігі бұдан да бетер талай дүниенің алтын кілтін табуға да, жазуға да жетіп, арты­латын. Мұны естеліктер елінен қайта орал­тып отырғанымыз, сол заман­дағы маңғаз, жанашыр тұлғалардың бір-бірін танып, талантты сыйлай біле алғанын, олардың қоғамға, өз кәсібін адал атқаруды басты мақсат санап, елдік ой-сананы қалыптас­тыру жолында еш аянбай тер төк­кенін айту еді. Сондай бір талантты шоғырдан жарқ етіп шыққан журналист-жа­зушы Серік Әбдірайымұлының кісі­лігі мен шығармашылық ісінің ізгі­лігін ірі тұлғалар да, ірілердің інілері де, озық ойлы замандастары да ада­лынан айтқан. Жадыда олардың әр сөзі мен жылы лебізі жақсы­лық­тың сәулесіндей жан жадыратады. Сағынышпен ойға оралады. Біз сөз етіп отырған қаламгер және қайраткер ағамыздың өзі де тап осындай салиқалы, мемлекетшіл тұлға еді. Текті. Парызы мен қары­зына адал жан болатын. Сегіз қыр­лы, бір сырлы. Өткен шақта айтсақ та, ол өзі өмір сүрген дәуірдің өрелі биігінде танылған ел серкесі бола­тын. Ел есінде сақталған. Биыл сексен жасқа толатын кезі еді... Халық «Жақсының аты өш­пейді» деп осындайда айтса керек. Жақсылар мен жайсаңдардың жүрек көзіндей болған жан сыры да, тасқа басылған рухани мұрасы да жаңғы­рып тұрса керек.

 Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Парламент Мәжілісінің депутаты