Мәдениет мәжбүрлеу арқылы келеді
Мәдениет мәжбүрлеу арқылы келеді
© коллаж: Әсел Балтақызы
927
оқылды
Бұдан бірнеше жыл бұрынғы оқиғаларды айтпай-ақ, соңғы бірер жылдың өзінде ғана ұлттың ары мен ұяты саналатын Ұлттық рәміздерді қорлаған сан түрлі келең­сіздікке көз жұма қарап келеміз. Елдің мәдениетіне жауаптылардың өзі ел-жұрттың алдында туымызды қорлатып, аяққа таптап жатса да қызметінен қуылғанын, ал ессіздігі үшін кешірім сұраумен құтылып кеткен ән­шілердің әрекетінен сабақ алғандарын байқамадық. Ендігі жерде Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға жаза қатаңдатылып, айыппұл мөлшері өспек. Жауап­кер­шілікті күшейту ұлттық рухты оятып, отаншылдық сезімді сезінуге септігін тигізе ала ма?
Былтыр «ИК» тобы мен SHIZA лақап атымен танылған әнші жі­гіттердің сахна төріндегі әдепсіз қылықтары қоғамның ашу-ызасын туғызды. Сол кезде жұрттың дені жүгенсіз кеткен жастарды жауап­кершілікке тартып қана қоймай, сахнадан аластату керектігін айт­қан. Осы оқиғадан кейін депу­тат­тар Үкімет басшысына Мем­ле­кеттік рәміздерді қорлағандарға салынатын айыппұл мөлшерін 3000 АЕК-ке дейін ұлғайту мәсе­лесін көтерді. «Жастарға арналған әншінің концертінде өте өрескел әрекет болды. Қазақстан Респуб­ликасының туы келемеж етілді. Әншілер тарапынан әдепсіз, ана­йы сөздер айтылды. Іле-шала ке­шірім сұрағаны және айыппұл төлегені мәлім болды. Біздің бә­ріміз «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген ниеттеміз. Жаңа Қазақ­стан­ның ең басты талабы – заң үс­тем­дігі. Заң бәрімізге ортақ. Құр ке­шіріммен құтылу – жауапкерші­лік­тен жалтару деген сөз. Пре­зи­дент кеше бұған өз пікірін біл­дірді, көк Туымыз – қастерлі Тә­уелсіз­дігіміздің символы, мемле­кеттік рәміздерді қастерлеу – әр аза­мат­тың перзенттік парызы, бай­ра­ғымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек» деген еді Сенат де­путаты Нұртөре Жүсіп.
Оның ай­туынша, әдетте мұн­дай концертті қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Сон­дық­тан оларға мұндай мөлшердегі айыппұлды төлей салу түкке тұр­майды. Ал жа­уапкершілікке жүр­дім-бардым қараудың соңы қайта­дан құқық­бұзушылық жасамауына кепілдік бермейді. Негізінде қол­даныстағы «Әкімшілік құқықбұзу­шылықтар туралы» кодекстің 434-ба­бында көзделгендей, әртіс­тердің көпші­лік алдында былапыт сөздер айтуы ұсақ бұзақылыққа жа­тады. Заңға сүйенсек, осы үшін де оларды 10 тәулікке қамауға алу­ға болады. Сондай-ақ аталған ко­декстің 440-бабында көпшілік ал­дына ішімдік ішіп шыққаны, есірткі пайдаланғаны үшін жауап­кершілік қарастырылады. Әйткен­мен, сол уақытта былапыт сөздер айтып, әдепсіз қылық көрсеткен әншілер айыппұлын өтеп, кешірім айтумен құтылып кеткен еді. Артынша депутаттардың үнде­уіне құлақ түрген Үкімет айыппұл мөлшерін көбейтіп, жауапкер­шілікті қатайту мәселесі пысық­талып жатқанын жеткізген бола­тын. Жақында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ұлттық рәміздерді қор­лағандарға 10 млн теңге айыппұл салынатыны туралы айтты.
«Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өз­герістер енгізілді. Өзгерістер нә­тижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке ұлғайтылды және қоғамдық жұ­мыстарға тартудың ең ұзақ мерзімі 600-ден 900 сағатқа дейін көбей­тілді», – деді ол.
Қылмыс құрамына баға беру қиын Байқап отырсақ, біздің елде Мемлекеттік рәміздерді келемеж еткендерге де, қолдану стандартын дұрыс орындамағандарға да қатыс­ты бірнеше заң бар. Айталық, бұ­рын Қылмыстық кодекстің 372-ба­бына сәйкес, Мемлекеттік рәмізді қорлағандар 2000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не­месе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылатын. Не болмаса 2 жылға дейiнгi мер­зiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостан­ды­ғынан айыруға жазаланған. Одан бөлек, «Әкімшілік құ­қық­бұ­зушы­лық туралы» кодекстің 354-1-ба­бына сәйкес, Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және олар­дың бейнелерін заңсыз пай­далану, сондай-ақ әнұранын пай­далану және орындау 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтырады. Бұл ғана емес, заңгер Ахметжан Бейсенбековтің айтуынша, Мем­лекеттік Туды, Елтаң­баны және олардың бейнелерін, сондай-ақ Мемлекеттік Гимннің мәтінін пай­далану (орнату, орна­ластыру) қа­ғидаларын бекіту ту­ралы Үкіметтің 2007 жылғы 2 қа­зандағы 873 Қаулысы тағы бар. Оның сыртында 2007 жылғы 4 мау­сымда қабыл­данған «Мемле­кеттік рәміздер туралы» Конс­титуциялық заң бар. Осы заң­дарда рәміздерге қатысты қорлау, дұрыс қолданбау секілді мәселелер жан-жақты қам­тылған. Бірақ көп жағдайда ұлттық рә­міздерді қорлау фактілері бо­йынша қозғалған істер сан түрлі саралаудан өтеді.
«Қыл­мыстық іс бойынша қа­ралатын істерде қылмыс құрамы жан-жақ­ты зерттелуі тиіс. Кейбір жағдайда болған оқиғаға баға беру ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Сондықтан оны дәлелдеу қиын. Мысалы, менің тәжірибемде мұн­дай фактіні әлі кездестірген жоқ­пын. Ко­декстің 372-бабында бұ­рын «2000 АЕК-ке дейінгі» деп ай­тылған. Бұл қылмыстың ауыр­лық деңгейіне байланысты жа­уапкершілік қа­растырылатынын көрсетіп отыр. Қылмыс сипатына, кім және қалай жүзеге асырғаны ескеріледі. Сон­дықтан құқық бұзушылардың барлығына 10 млн теңге айыппұл салынбайды. Сол секілді қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығынан айыру жазасына кесілетіндердің де әрекеті қандай сипатта, қылмыс­тың қалай жүзеге асырылғанына байланысты дә­лел­денген соң бе­ріледі», – дейді ол.
Сонымен бірге заңгер рәміз­дердің элементі бар немесе базар­дан сатып алынған ту, елтаңбаны мемлекеттік рәміз деп атауға бол­майтынын жеткізді. Өйткені оған лицензиясы берілген, арнайы стан­дартқа сай жасалған ту мен елтаңба жатады. Ал жұрттардың жаппай қолданып жүрген тулары сол стандартқа сай болмауы мүм­кін. Бірақ бұл «стандартқа сай емес туды қорлағандарға жаза таға­йын­далмайды» дегенді білдірмейді.
«Себебі қылмыстың қандай мақ­сатта жасалғаны сараланып, қыл­мыстық құрам табылса жауап­кер­шілікке бәрібір тартылды. Бір кездері мемлекеттік рәмізді қоқыс тасуға қолданған оқиға болды. Сол кезде құқық бұзушы өз әрекетін ескі, қолдануға жарамсыз рәмізді пайдаланғанын айтты. Ол оқиғада да рәмізді қоғамға жария түрде пайдаланды ма, көпшіліктің кө­зінше қорлады ма, ниетінің бол­ға­ны, тудың әбден тозығы жеткеніне дейін қарастырылды. Ондай жағ­дайда бұл адамға 2000 АЕК айып­пұл сала алмайсың. Соңғы жағ­дайда да әнші жігіт «Мен туды қорлайын деген ойым болған жоқ. Керісінше ұлағаттап көрсеткім келді» деді. Ол іс-әрекетінің түзу болғанын дәлелдей алса, «Пай­далану және орындалу тәртібін бұзу» бабымен қаралады», – дейді Ахметжан Бейсенбеков. Оның па­йымынша, қоғамның моралдық ұстанымдары мен құндылықтар жүйесіне сәйкес, ту табанның астына тапталса – қорлау, төбесіне қойса – құрмет. Сондықтан кейде біздің қоғамға Мемлекеттік рә­міз­дерге деген құрметті заңды қа­тай­ту арқылы мәжбүрлі түрде орын­дату керек секілді. Өйткені мә­дениет мәжбүрлеу арқылы келеді.
Көзбояушылық көп Сенатор Айгүл Қапбарова ұлттық рәміздерді бұқара алдында ашықтан-ашық қорлап, мазақ етіп жыртса, әдепсіз сөздер жазып, аяққа тастаса жоғары айыппұл салудың сөкеттік жоқ екенін ай­тады. Ал уақыт өте сарғайып не­месе табиғи апаттарға байланысты орнынан түсіп қалған, жыртылып қалған рәміздер үшін жауапкер­шілік қарастырылмас бұрын ұлт­тық стандарттың сақталуы дұрыс саралаудан өткізілгені дұрыс.
Бізде Мемлекеттік рәміздерді орындатуға байланысты заңымыз да, арнайы мерекелік датамыз да бар. Солай бола тұра, кейде біл­местікпен, кейде жауапкершіліктен хабарсыздықтан осындай әрекетке барып жатады. Сондықтан бізге керегі адамдарды отаншылдық, елжандылыққа тәрбиелеу өте ма­ңызды. Ұлттық рухты күшейту үшін кешенді түрде идеологиялық жұмыстар жүргізілу керек. Осы бағытта бюджеттен көптеген қара­жат бөлініп жатқанын естиміз. Өкі­нішке қарай, Мемлекеттік рә­міздер күні қарсаңында түрлі бай­қаулар мен жарыстар ұйымдасты­ры­лып жатады. Соның барлығы жаттанды көзбояушылық секілді дүние болып көрінеді. Туды ұстап алаулатып-жалаулату жаттанды, белгілі бір идеологиялық мән-ма­ңызы жоқ науқан секілді. Өйткені отаншылдық рухты ояту мереке күні ғана қозғалатын бір күндік науқанға ұласпауы керек. Отан­шылдық сезім отбасынан баста­лып, мемлекет алдындағы маңыз­ды жұмыс болуы тиіс», – дейді Айгүл Қап­барова.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, ұлттық рәмізді құр­меттеу – әр азаматтың парызы. Мем­лекеттің құндылығын дәріп­теп, төбесіне көтере білген елде ешқашан жаңағындай жауапсыз­дық пен ессіз тірліктерге жол бе­ріл­месе керек-ті. Бірақ бұл тек идео­логиялық жұмыс қана емес, әлеу­меттік-экономикалық тұрақ­ты­лыққа да келіп тіреледі. Өйткені қоғамдағы жауапкершілік пен жанашырлықты жалғыз жазалау­мен туғызу мүмкін емес. Ал тойып секіргеннің ісін әлгінде айтқандай, жауапкершілікпен ғана жөнге салу керек те жөн шығар.