Қыс қыспаққа алғанда...
Қыс қыспаққа алғанда...
427
оқылды
Биылғы қыс өткен жылмен салыстырғанда суығырақ. Еліміздің солтүстігі ғана емес оңтүстігінде бораны көбейіп, аязы күшіне мінген. Ауа райының жайсыз болуы жолдағыларға, алыс сапарға аттанған жолаушыларға қиындық тудырады. Осындай қолайсыз ауа райы кезінде жолда қалғандарға, қар құрсауынан шыға алмағандарға көмекке келетін, қол созым жер көрінбейтін алапат боранда адасып кеткен жандарды құтқаратындар Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері. Біз құтқарушылармен тілдесіп, қазірге дейін атқарылған жұмысқа қатысты мәліметтермен қанықтық. Бұдан басқа боран мен қатты аяздың тұтқынында қалғандардың аман қалуы үшін табиғаттың дүлей күшіне қалай қарсы тұруы керектігі жөнінде құтқарушылардың ақыл-кеңесіне құлақ түрдік. Ескертуді елемейтіндер көп Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлі­метінше, биылғы қыс басталғалы елімізде 700-ден астам жол учаскесі қолай­сыз ауа райына байланысты жабылған. Оның ішінде 351-і республикалық, 346-сы облыстық деңгейдегі жол. Осы кезде ауа райына байланысты 663 ескерту жария­ланған. Тұрғындарға 1,2 мыңнан астам SMS хабарлама жолданған. Қыс басталғаны қар құрсауында қалған көліктерден 2 847 адам құтқарылып, эвакуацияланған. Оның ішінде 328-і бала. Құтқарушылар жолда қалған 350 техниканы қардан шығарды. Көлік жүре алмай жабылып қалған жол­дарға 720 арнайы техника жіберіліп, осы учаскелерде 1,2 мыңдай төтеншелік және полиция қызметкерлері кезекшілік жа­сады. Ведомство мамандары «алдағы уа­қытта табиғат тосын мінезі танытса оған қар­сы әрекет жасауға әзірміз» деп отыр. Өйткені қыс басталмай тұрып, республика аумағында 37 мың адам мен 13 мың тех­ника­дан тұратын құтқару қызметінің тобы жасақталған. Айта кетерлігі, қалың қар жауып, боран соққан кезде жолдарды қардан тазарту кешіктіріледі. Бұл жолда көліктердің кептелісіне әкеліп соғады, сонымен қатар ТЖМ бөлімшелерінің құтқару жұмысын жүргізуін қиындатады. Бұдан басқа, ауыл, аудан орталықтарына кіретін жолдар қардан аршылмаса шұғыл қызметтердің келіп жетуіне көп уақыт жұмсалады. Қа­зірде қар құрсауында қалып қойған адам­дарды құтқарушылар жол таңдамайтын техникамен ең жақын жылыту пунктіне эвакуациялайды. Яғни қар басқан жолдар аса кедергі емес. Ал жолда қалған көлік тек қардан тазартылған соң ғана әкетіледі. Төтенше жағдайларды жою департа­ментінің бас маманы Данияр Дүйсем­баевтың айтуынша, қыста боран мен қатты аяз кезінде жоғалған адамдарды іздеу қиынға түседі. Бұл кезде көбінесе қысқы балықшы, бақташы және туристер, сон­дай-ақ ескертуді елемеген адамдар адасып кетеді екен. Министрліктің баспасөз қызметі ұсын­ған мәліметке сәйкес, бүгінде елімізде қолайсыз ауа райы кезінде қар басып, көлік кептелісі болатын 3 мыңнан астам күрделі жол учаскесі анықталған. Олар Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Мамандардың айтуынша, қар құр­сауын­да қалатындардың басым бөлігі ауа райына қатысты ескертуді ескермейтін, сондай-ақ қысқы-жазғы дизель отынымен жүретін жүргізушілер болып шығады. Былтыр қазан айында «Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидалары» өзгертілді. Соған сәйкес, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органның заңды талаптарына бағынбаған жағдайда, жүргізуші Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 667-бабы бойынша шаралар қолданылады. 30 айлық есептiк көрсеткiш (103 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады не 5 тәулікке дейін әкiмшiлiк қамауға алынады. Бұл жағдай қайталанса 20 тәулік беріледі. Жыл басы­нан бері осы норма бойынша 8 адам жауап­кершілікке тартылған. Қарағанды облы­сында – 5, Абай облысында – 2, Ақмола облысында 1 адамның үстінен әкімшілік хаттама толтырылыпты. Екібастұз бен Риддер қаласында жылу және электр жүйесінде апат сал­дарынан тұрғындар ауыртпалықты бастан кешті. Бұл тұста да қатып қалған қаладағы тір­шілікті бұрынғы қалыпқа келтіру жұ­мы­сына арнайы қызметтермен қатар тө­тен­шеліктер де жұмылдырылды. Сондай-ақ біршама тәжірибе қалыптасқан. Айталық, ТЖМ мәліметінше, осындай жағ­дайда елді мекендегі тіршілікті қам­тама­сыз ету объектілеріндегі төтенше жағдайды жою барысындағы орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл алго­ритмі әзірленген. Осыған қоса халықтың да іс-қимыл алгоритмі әзірленді, онда келтірілген залалды өтеу тетігі егжей-тег­жейлі түсіндіріледі. Министрлік, «егер осын­дай ахуал қалыптасқан кезде қажет­тілік туындаса, төтенше жағдай салдарын жоюға қосымша жұмыс тобы жіберіледі» деп отыр. Сонымен қатар осы аумақтарда халық­ты және жұмыс бригадаларын жылыту үшін көшпелі жылыту пункті мен далада ас әзірлейтін орындар ашылады. Мамандар үйлерді аралап психологиялық көмек көрсетілетін әлеуметтік осал топтарды белгілейді. Ведомствоның психологтары жылусыз қалған халыққа көмек көрсетеді. Олар еріктілермен бірлесіп көмекке мұқ­таж жандарға жылы заттар, төсек-орын жабдықтары мен ыстық тамақ береді.
«ТЖМ күштерінің тобы төтенше жағдайдың салдарын жоюмен айналысады (жертөледен су сору, жылу мен су, кәріз желісін жылыту, пәтерлерді жылыту және құрғату т.б.). Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп адамдарды эвакуациялаймыз. Халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін Мемле­кеттік материалдық резерв қойма­ларын­дағы қажетті құралдарды броннан шығары­лып, сонда жеткізіледі», – дейді Данияр Дүйсембаев.
Осы тұста, құтқарушыларды техника­мен, құрал-саймандармен, заманауи байланыс құралдармен қамтамасыз ету қаншалықты деңгейде деген сауал туындайды? Министрліктің мәлімдеуінше, қазір құтқару бөлімшелері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай­ларға жедел ден қоюға жеткілікті мөлшерде жарақтандырылған. Жыл сайын ескірген арнайы техника паркін ауыстыру үшін республикалық бюджеттен бөлінген қара­жатқа материалдық-техникалық жарақ сатып алынады.
«Айта кету керек, министрлік мемле­кеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде инновациялық және жоғары техно­логиялық тауарларды сатып алу қағидат­тарына негізделеді. Осыған байланысты жедел бөлімшелердің практикалық қыз­метіне енгізу мақсатында төтенше жағдай­ларды жою саласындағы инновацияларға ұдайы мониторинг жүргізіліп отыр», – дейді төтеншеліктер.
қыс Құтқарушылар пайдаланатын техника 10 жыл сайын ескі деп есептен шығарылып, жаңартылып отырады.
«Таяуда бізге 900-ден астам техниканы жаңарту қажет. 2022 жылы біз шамамен 235 техниканы ауыстырдық. Егер мұндай ауыстыру қарқыны сақталса, техниканы жаңартуға шамамен 4-5 жыл қажет», – дейді Төтенше жағдайларды жою депар­таментінің бас маманы Бауыржан Ахме­талин.
Оның айтуынша, алдағы уақытта министрлік қосымша қаржыландыру бөлу туралы мәселесі бойынша Үкіметке жүгінбек. Тағы бір ұсыныс, техника мен жарақтарды алу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен лизинг тарту.
«Бұл жағдайда біз техниканы алып, со­дан кейін оның қаржысын кезең-кезеңімен өтейміз. Көптеген әкімдіктер бұл схеманы сынап көрді. Менің ойымша, бұл оң әсер етеді. Соңғы уақытта техниканың бағасы өте жоғары өскенін ескеру қажет. Авто­цистернаның құны 110 млн теңгеге жуық, 50 метрлік иінді көтергіштің құны 500 млн теңгеге жуық, ал 90 метрлік көтергіштің құны миллиард теңгеден асады. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай техника өндірілмейді, біз оны шетелден сатып алуға мәжбүрміз», – дейді Бауыржан Ахметалин.
Адасқандарға жадынама Министрліктің баспасөз қызметінің мә­ліметінше, биыл қыста құтқару бөлім­шелері тауда адасып кеткен 147 туристі іздеп табу үшін 14 іздестіру-құтқару жұмысын жүргізген. Туристерге қандай қауіпсіздік шара­ларын сақтау керек? Тауда адасып кеткен жағдайда қандай әрекет жасауы тиіс? Оы тұста құтқарушы мамандар туристердің қауіпсіздігіне қатысты ақыл-кеңесін айтты. Яғни, турист маршрутқа шығар алдында бағдар-бағыттың шарттарымен танысуы тиіс. Маршруттың ерекшелігіне қарай жеке заттарды, қажетті байланыс және навигация құралын, алғашқы медициналық көмек заттарын әзірлеп алады. Әрі құтқару қызметтерінің нөмір­лерін білу қажет. Маршруты және саяхаттан қайтатын уақыты туралы әріптесі не отбасы мүшелеріне, тым құрыса көршісіне хабардар етуі қажет. Туризмнің белсенді әрі қауіпті түрі болса ТЖМ аумақтық органына баратын бағыты туралы хабарлайды. Суықта, қатты желде, қалың тұманда, қалың қар жауғанда саяхатқа шығуға болмайды. Сапар барысында ауа райы күрт бұзылса, жағдай жақсарғанға дейін қауіпсіз жерде паналау ұсынылады. Тауда адасып кеткен жағдайда қанша­лықты шаршадың соны, айналаны, киім және аяқ киімнің жағдайын, жолдың қаншалықты көрінетіні, тамақ, сіріңке, су, байланыс құралдарының бар-жоғын еске­ре отырып, сосын кейін ғана алға жылжу жөнінде шешім қабылдаған жөн. Жол бойы адамдарға уақыт және кеткен бағыт туралы қағазға жазып, көрінетін жерге қалдыру керек. Байланыс пайда болса 112 немесе 101 телефондарына дереу хабар­лаңыз. Боранда көлікпен далада қалғандарға қажетті кеңес қандай болмақ. Мамандар, қатты аяз немесе қар жауған кезде жолдағы бірнеше көлік бірлесіп жүруі керек дейді. Өйткені біреуі тоқтап қалса, лектегі жүргізушілер көмекке келеді. Ал боран немесе қатты аязда елді мекеннен алыс жерде немесе бейтаныс жерде тоқтауға мәжбүр болсаңыз арттан келе жатқан көлікті күту қажет. Байланыс болса 112, 101 телефондарына қай жерде тұрғаныңызды айтып хабарлаңыз. Тұрған жерді өтіп бара жатқандар тез байқауы үшін ашық түсті матаны көлік антеннасына немесе басқа жерге іліп қойған жөн. Сонда іздегендер тез табады. Мүмкіндік болса көлікті ық жерге қою керек. Көлік қозғалтқышы қатып қалмас үшін, оны матамен бүркеп жабылғаны дұрыс. Жанармай үнемдеуге тырысыңыз. Анда-санда сыртқа шығып, көлікті қар басып қалмас үшін аршып отырған жөн. Егер машинаны қар басып қалса, қозғалтқышты іске қоспаңыз. Өйткені улы газ көлік салонына жиналады. Сондықтан түтін шығаратын түтікті қардан тазарту керек. Тек осыдан кейін ғана оталдыруға болады. Бұл жағдайда улы газ көлік астына емес, ауаға тарайды. Сондай-ақ өте қатты боран соғып тұрса, жіп не арқан байлап содан ұстап сыртқа шығып, салоннан ұзамауға тырысу керек. Өйткені көлігінен жарты метрге ұзап, көлігін таппай адасып кеткен адамдар өте көп. Сосын, әрбір көлікте дәнекерлеу шамы, аккумляторды жалғайтын кабель, күрек секілді аса қажетті заттар болуы тиіс. Сөз соңында айтарымыз, ауа райы жайсыз кездегі ескертуді жадыдан шығармай, жоспарланған сапардан бас тарту, тәуекелге бармау қажет. Өйткені қыстағы табиғаттың тосын мінезі – аяз бен боран солтүстік және шығыс өңірлерде аса қауіпті.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ