Ауызы автомат
Ауызы автомат
375
оқылды
Адамға ауыз берген, ауыз деген желкеде емес қой, ауыз алдыңызда иегіңіздің үстінде. Сол ауыз деген кейде жауыз болып шыға келеді. Қазекем айтады: «Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ!» – деп. Дұрыс айтқан, ауыздан шыққан сөзді қайтарып алып, жұтып, қылғытып, түк болмағандай тымпиып отыра алмайсыз ғой. Әрікімнің аузынан әрқилы сөздер шығады. Мысалы, біреудің сөзі мынадай: – Бірдеңе десеңізші? – Ммм. – Тіліңізді жұтып қойдыңыз ба? – Ммм. – Сөйлесеңізші, енді? – Ммм... – Құдайым-ау, қандай адамсыз? – Ммм. – Тууу. – «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген сөз бар ғой. Сол есіме түсіп кеткені... Міне, бұл енді пистолет ауыз. «Пах!» еткізе сөйледі. Болды. Мынадай кісілер де бар. – Сіз керемет ақынсыз! – Қойыңыз, – Сіз... Сіздің «Бұлттар бұлттар, тағы да бұлттар!» деген өлеңіңіз классика! Сізді билік бағаламай келеді. – Қой деймін. – Сіз бұлттар туралы өлең жаза бергенше, әкімдер, министрлер туралы ода жазсаңыз бар ғой, баяғыда «Парасат» орденінің иесі атанып, мемлекеттік сыйлық алар едіңіз! – О, иттің баласы! Мен өлеңді өзім үшін жазамын! Халтура екенін білемін, енді өтірік мақтасаң, бір бәйтерекке ілемін, тіліңді алмаспен тілемін! ауызы автомат Міне, енді бұл зеңбірек ауыз. Оқта-текте гүрс еткізетін. Ауыр сөз. Айтпақшы, автомат ауыздар да бар. аузынан не кіріп, не шыққанын өзі де байқамайды, лас сөздер айтып қалдым-ау, деп бас шайқамайды. – О, шешең... – Мәдениетті болыңыз, басеке. – Ой, әкеңнін... – Сіз лауазымды адамсыз. – Иттің баласы! – Адамның баласымын! – Есек! – Есектер ақырады. Сіз сияқты. – Бастығыңа қарсы келме, оңбаған! Сен сияқтылардың көздеріне көк шыбын үймелеткенмін. Не деп тұрсың, а? О, әкеңнің. – Әкемді танымайсыз ғой. – Әкеңді танытамын! – Сізсіз де әкемді танимын. – Әкеңді танытамын деймін! – Әкем мені таниды. – Тфу! – Түкірмеңіз... Міне, осындай абыройсыз автомат ауыз демекші, Батыс Қазақстан облысында қарамағындағы қызметкерлерді балағаттаған аудан басшысы Марат Тоқжановтың аузы да автомат ауыз. Өзіне жауыз. Бәйтерек ауданының әкімі балағат сөздерді қарша боратқанда алдына жан салмайды екен. Әкімнің тасыр-тұсыр сөздері таспаға жазылып қалынған екен. Көктемгі тасқын кезінде. Бір сағаттық таспада ол әріптестерінің «ит терісін басына қаптап» 144 рет бейәдеп сөз айтыпты! Әп, бәрекелді, рекорд! Аузы автомат қой! Тттттттт! Тоқтамайды! Ттттттт! Не деген көрегендік, не деген мәдениеттілік! Заманауи балағаттау! Заман ағымы... Заман... Жоқ, заман аман, адам жаман. Әкімді айтамыз. Сөйлеп жатқанда, өзіне бақылау қоймайды, бейәдеп сөздерге тоймайды. Әлде, әкімдерге «Қалай сөйлесеңіз, солай сөйлеңіз!» деген заң, ереже, не кодекс бар ма? Арқа сүйері бар да. Айттым ғой, арқа сүйері бар адам! Ол – Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың туған інісі. Қолыңыздан келсе, сіз де қонышыңыздан басыңыз!

Мұхтар ШЕРІМ