Менің алғашқы ұстазым
Менің алғашқы ұстазым
2,116
оқылды
Менің туған жерім – Алматы облысының Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданына қарасты Шалкөде ауылы. Ол кезде ауыл да, орта мектеп те, ауылымыздың орталық басты көшесі де кеңестік мемлекет және партия қайрат­кері С.Кировтың (оның шын фамилиясы – Костри­ков) атымен аталатын. Сол көшенің қақ орта­сындағы ең көрнекті жерінде, колхоз клубы­ның алдында С.Киров­тың еңселі ескерткіші тұратын. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін бәрі де өзгерді. Қазір ол ауыл – Шалкөде, ал мектеп Шалкөде орта мектебі деп аталады. Больше­виктер үкіметі тарих сахнасына шығар­ған қызыл қайраткердің төрімізде қасқайып тұрған ескерткіші құла­ған Кеңес Одағы­мен бірге күресінге кетіп, есімі де біздің ауыл мен мектептен алынып тасталды. Мыз­­ғымас­тай көрінген одақтың тоз-тозы шығып ыды­рап, қызыл көсемдер, белсенді большевиктер уақыт көшіне ілесе алмай қалды. «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар» демекші, бектер кетті, ел орнында. Ауыл да, мектеп те ғасырлар бойы осы ай­мақтың халқы жайлап келе жат­қан құтты қонысы әйгілі Шалкөде жайлауының атын иеленді. Та­рихи атаудың ел қалауымен елді мекенге берілуі – тарихи әді­леттілік. ХХ ғасырдың аумалы-төкпелі талай кезеңінің өткелектерінен өтіп, мыңдаған түлекті түлетіп ұшыр­ған, біздің ауыл мектебінің құрылғанына биыл 100 жыл то­лып отыр. Соған байланысты түр­лі шара ұйымдастырылып, әр жылғы түлек­тер мектебін, ұстаз­дарын еске алып, альбомдар жа­сап, мектеп тарихын баяндайтын кітап дайындауға да кірісіп кетті. Осы бір ғасырда елі­міздің оңтүстік шығысының сонау қиыр шетінде орналасқан шағын білім оша­ғында сауат ашып, хат таныған­дардың арасында біз де бармыз. Сол себепті біз де мекте­бімізді, ұс­таздарымызды сағыныш­пен еске алып жатырмыз. Таулы ай­мақты мекен етіп, қиыр жайлап, шет қонған шалғайдағы қазақы ауыл мектебі бала көзімен қара­ғанда бізге сол кезде еңсесі биік ақ орда­дай, хан сарайындай асқақ та зәулім көрінетін еді. 1972 жылы осы Шалкөде орта мектептің табалдырығын атта­дым. 10-сыныпта оқитын Гүлбара әпкем мені қолымнан жетектеп апарды да, сыныпқа кіргізіп жі­бер­ді. Сабақ бас­талып кеткен екен, біз сәл кеші­гіп қалыппыз. Тап-таза, жап-жарық сыныпқа кіргенімде алғаш көргенім үш қатар парта мен оған қарсы қа­бырғада ілінген қоңыр тақта ал­дында тұрған мұғалім болды. Кірер есік сыныптың артқы жа­ғында еді. Ту сыртындағы есік ашы­лып, жаңа оқушы келген­діктен, партада отыр­ған оқу­шы­лардың бәрі артқа бұры­лып маған қарады. Кірген бетте бар оқушы­ның назары өзіме ау­ған­дықтан, не істерімді, қайда оты­­рарымды білмей дағдарып тұ­рып қалдым. Мұғалім мені қолым­нан жетектеп апарып ортаңғы екін­ші қатардың бірінші парт­а­сындағы ақ бан­тикті, аппақ фартук киген қыздың қасына отырғызды. Өте жинақы, мұнтаздай таза киін­ген, аса бір ұқыпты оқушының Гүлмира ­Ма­ретбаева екенін сәл кейіні­рек білдім. Сыныптастар оны Гуля дейтін. Менің 1-«А» сы­ны­бындағы алғашқы сабағым осы­лай басталды. Сынып жетекшіміз, менің ал­ғашқы ұстазым Сақабекова Маруся апай болды. Ұстазы­мыздың 70-жыл­дар үлгісіне сәй­кес шашын дөң­гелетіп төбесіне түйіп алып сабақ беріп тұрған кескіні, киім киісі мен жүріс-тұ­рысы, сөйлеген сөзі, мұ­ғалім еке­нін алыстан әйгілеп тұра­тын байыпты бейнесі жадымыздан еш өшпейді. Мектеп, мұғалім деген ұғымдар туралы сөз қозғалса ең алдымен сол бейне көз алдыма ке­леді. Өйткені білім ошағының та­балдырығын алғаш аттағанда күле қарсы алып, жетектеп барып парта­ға отырғызған да, Әліппе бетін аш­қызып, әріп танытып, қолыма қа­лам ұстауды үйреткен де Маруся апай еді. Менің мек­тепке барған­дағы естіген алғашқы қоңырауым, білім жолындағы жасаған алғашқы қадамым, мұ­ғалімді көргендегі алғашқы әсе­рім, алғашқы сабағым, алғаш таныған әрпім, алғаш хатқа тү­сірген сөзім бәрі де осы алғашқы ұстаз есімімен тығыз байланысты. Сонау 1972 жылдан бері арада елу жыл уақыт өтіпті. Сонда да ұста­зымыздың ерекше есімін де, шуақ шашып, мейірлене жымиып тұра­тын жылы жүзін ұмытпай келеміз. Бұл да ұстаздың бала жүрегіне жол таба білгенінің айқын көрінісі. ҚазПИ-дің тіл-әдебиет фа­куль­тетін бітірген апайымыз әр сөздің мәнін ашып, шағын әңгі­мелерді жасымыз бен балалық таным-түсінігіне лайықтап түсін­діріп, құлағымызға құйып беретін. Ол өте ұстамды, ерекше мейрімді, сыныпта отырған әр баланың мі­нез-құлқын жақсы білетін бай­қампаз психолог болды. Әр балаға мейіріммен қарап, жатық, тар­тымды сөйлеу мәнерімен, жағым­ды үнімен бізді өзіне бау­рап тұ­ратын ұстазды оның ал­дынан са­бақ алған 70-жылдар­дағы шәкірт­тері қазір айрықша құрметпен, са­ғынышпен еске алады. Маруся апайдың сабақ түсіндірген кездегі ұғынықты, қызықты етіп баян­даған әңгі­мелерінен әсерлен­ге­німіз сон­дай оның айтқандары жадымызда жатталып қалып жататын. Мұ­ға­лімнің сыныпта айт­қандарын үй­дегілерге жет­кізгенше асығып тұ­ратын едік. Енді ойлап отырсақ біз­дің сөзге ден қойып, тіл мен әде­биетке үйір болуымызға ал­ғаш­қы ұстазымыз да айрықша ықпал еткен екен. Маруся апай биыл 1 қаңтарда 80 жасқа толды. Алматы облысы На­рынқол, Кеген аудандарының бір­не­ше мектебінде жоғары са­натты мұғалім, директордың оқу ісі жөнін­дегі орынбасары болып 35 жыл жемісті қызмет еткен біз­дің ұс­тазымыз 1996 жылы еңбек демалы­сына шықты. Сол уақыт­тан бері Ал­матыда балалары мен немере­ле­рінің ортасында ең­бегінің зейнетін көріп отыр. Ме­рейіңіз үстем бол­сын, жүз жа­саңыз, қадірлі ҰСТАЗ!

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор