Әжемнің көжесі
Әжемнің көжесі
567
оқылды
1991 жыл. Кеңес Үкіметі жалп етіп жардан құлағаннан кейін, әсіресе ауылдың қазақтары ұмыт болған ырым-жорымдарын еске ала бастаған кез. Қыстан әрең шыққан адамдар күннің шуағын, тағамның құнарлысын іздейді. Қабырғасы қайысқан қасқа сиырлар тілдерін жалаңдатып көк шөпті аңсайды. Көршінің ұрғашы итімен біздің төбет қырдың төбесінде қыдырып жүр. Қорадағы қоразда қоқиланып тауықтарды тырқыратып қуа береді. Маза бермейді. Былтыр күзде екі әйнектің арасында шалқасынан өліп жатқан қара шыбындарға жан бітіп ызыңдап, қанатымен терезені соғып жатыр. Өйткені Ұлыстың ұлы күні Наурыз есік қағып тұр. Біздің үй наурызкөже дайындайды. Әжем қара қазанын арқалап үйге кірді. Атам отын әкеліп ошаққа от тұтатты. Суға малынған аяқкиімдер мен ұлтарақтар ошақ жанында тізіліп тұр. Менің бәтеңкемнің табаны ашылып, тілі салақтап кетіпті. Әйтеуір, бүгін Наурыз меркесінде мерекелі дастарқан жайылатын болды. Шешем бүрсеңдеп қамыр ашытып жүр. Бауырсақсыз той бола ма? Теледиарды қостым. Быжылдап түк көрсетпейді. Түнде жел тұрып еді, антенасы басқа жаққа бұралып кетіпті. Радиоқабылдағыштың тетігін бұрадым. – Сөйлеп тұрған Алматы. Құрметті қазақ елі! Келе жатқан Наурыз мерекесі құт-береке әкелсін! Сіздердің назарларыңызға ҚР Халық әртісі Роза Рымбаеваның орындауында «Наурыз – көктем» әні... Терезеден күн сәулесі сығалайды. Төргі бөлменің төбесінен шелекке тырс – тырс етіп тамшы ағып тұр. Бұл біздің үйге көктемнің келген белгісі... Қара қазан бұрқырап қайнап жатыр. Жеті түрлі тағам қосылған сүр еттің иісі сыртқа шығып, көршілеріме иіс тиді. Басы айналған олар біртіндеп біздің үйге қалай кіргендерін білмей, төрде жайғасып отыр. – Биыл қыс қатты болды, – дейді көршім Нәнбет. – Қазақстан егеменді елдің еншісін алды деп жатыр, енді жағдайымыз жақсаратын шығар, – деп көршімнің көршісі шалқасынан жатыр. Түс болып қалды. Атам қорадағы малға шөп салуға түрегелді. Ошақтың басына барып бүкшеңдеп бірдеңесін іздеп таба алмады. – Әй, мына жерде тұрған менің ұлтарағым қайда? – Мен қайдан білейін, – деп әжем қасықпен көженің дәмін көріп жатыр. – Осы үйге бірдеңе қойсаң зым-зия жоқ болып кетеді, – деп атам етігінің бір ұлтарағын ақыры таба алмады. Сыртқа шықты. Сәлден кейін қуанып жүгіріп келді. – Немене ұлтарағыңды қорадан тауып алдың ба? – деді әжем. – Жоқ, қара қой егіз тауыпты. Наурыз күні жақсы ырым. Ырысымыз екі еселенеді, – деді атам. Бұл кезде әжемнің көжесі дайын болды. Бәріміз жайғасып дастарқан басына отырдық. Алдымен құдайы қонақтарымызға құйып берді. – Ой, әжемнің наурыз көжесі қандай тәтті,тағы құйшы, – деді көршім. Ол тау кесемен үрлеп ішіп тояр емес. Үйге сау етіп тағы біреулер кірді. Әкемнің құрдастары екен. – Ассалаумағалейкумдер! Наурыз мерекелеріңізбен! Әкемнің достары біздің үйден анау-мынау ішіп дәнігіп алғандар ғой. Мейрам сайын үйден шықпайды. Карта ойнады. Дастарқан басына жантая кетті. – Не деген дәмді, мұндай көжені қалай дайындайды? – деп сұрап жатыр. – Құпия, – деп қояды әжем күлімдеп. Қара қазан ортайды. Түбі қоюланып қалды. Қысқасы, әжемнің көжесі азайып барады. Қонақтар көжеге тыңқиып тойып кетті.Енді өзіміз қалдық. Әжем қазанның түбін ожаумен былғап-былғап атама құйып берді. – Ойбай, көтек, мынау не? – деді атам шошып кетті. – Көже емес пе? – Балық қосқансың ба? – деді атам. – Қайдағы балық? – деп әжем аң-таң. Ыдысында бірдеңе былқылдап жатыр. Бәріміз үңілдік. О, тоба, пештің үстіне жайып қойған атамның ұлтарағы қазанның ішіне түсіп кеткен екен. – Бәсе, бір киіздің дәмі шығады, – дейді әжем. Үйдегілер қыран-топан күлді. – Ұлтарақтың дәмі қалай екен? – деп атам күліп жатыр. – Оны әкемнің құрдастарынан сұраңыздар, – дедім мен. Сүйтіп, бір жылдары ұлтарақ қосылан тұңғыш наурыз көже біздің үйде қайнаған еді.

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН