Итпен ит болып нем бар еді?
Итпен ит болып нем бар еді?
467
оқылды
Жұмысыма асығып, қаланың қақ орта­сындағы саябақты қиып өтпекші болып келе жатыр едім, алдымнан бір сабалақ ит ыр­жалаңдап шыға келгені. Одан әрі тағы бір ит ағаш түбінде бір бұтын көтеріп тұр екен. – Әй, мыналар кентіміздің көркі – сая­бағымызды бүлдіретін болды-ау, – дегенімше бұралқы ит балағыма келіп бас салды. – Сіз не деп оттап тұрсыз? – деді ит адам­ша тіл қатып. Мен талып қала жаздадым. Бұрын-соңды иттің адамша сөйлегенін кім көріпті? Әзер дегенде ес жидым. – Енді мыналарың болмайды ғой, итеке! – дедім міңгірлеп. – Сіз бізді «Итеке!» деп келеке қылмаңыз. Біріншіден, менің құтжол деген әп-әдемі атым бар. Ал, мынау – Лайка! Екіншіден, мемлекетіміздің өзі «Жануарларға жауап­кершілікпен қарау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар шығарып, біздің құқығымызды қорғап жатқанда не тантып тұрсыз? – Құрметті Құтжол! Енді болмайды ғой. Бұл жерде адамдар демалады. – Сонда ит демалмасын, серуендемесін деген заңдарың қане? Расында, саябақтарда ит серуендетуге болмайды деген заң не ереже көрсем, көзім шықсын! Не деймін мыналарға? – Сіз Адам! Бізге құрметпен қараңыз. Мына Құрмет тақтасында қалаға еңбегі сіңген азаматтардың суреттері ілінген екен. Лайка екеуіміздің де суретіміз осы Құрмет тақтасында тұруы тиіс, – деді Құтжол арс етіп. – Ол ненің ақысы? – Мынаның адам сыйқы жоқ екен, – деді Құтжол серігі Лайкаға қарап, не деп тұрға­нын естідің бе? – Естідім, – деді Лайка. Екеуі екі жағымнан балағымды тістелеп, аяғымды иіскелеп тұрып алды. Қауып алады ма деп қауіп ете бастадым. Шоршып түстім. – Жиіркенесіз, ә! – деді Лайка. – Енді сіздер итсіздер. – Керісінше сіздерден, адамдардан жиіркенуіміз керек. Адамбыз деп алып адам­гершілікке жатпайтын тірлік істейсіздер. – Қалай дедіңіз? – Солай! Қазір қоғамда парақорлық, жемқорлық, сыбайластық жайлағанын жоққа шығара аласыз ба? Жоқ! Осыған нақты мысал айтайын. «Қазақстан темір жолы» АҚ-ға қарасты «ҚазТемірТранс» компаниясының филиал басшыларынан бастап, менеджерлеріне дейін жемқорлық, парақорлықпен айналысқан. Мәселен, Ақмола филиалының басшысы екі жылда 70 миллион теңге пара алыпты. Ол оңай келген олжаны Щучье-Бурабай курорты аймағындағы ойынханаларға жұмсаған. Қарағанды филиалының бұрынғы және қазіргі басшысы да күдікке ілігіп отыр. Бұ­рынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектенов он екі жылға сотталды. – Бұны қайдан білесіз? – Білмегенде! Бізді иісшіл деп ұры-қары, есірткі іздегенде пайдаланып жүрсіздер ғой. – Тағы нені білесіздер? – Мынаған тағы айғақ керек екен. Бетті басып, қатты сасып, тұра қашпайсыз ба? – Қашпаймын. – Онда бастаймын. Жақында сіздерде сайлау өтті ғой. – Өтті. сабалақ ит – Ендеше айтыңызшы, әншейінде бірлік, ынтымақ, ауызбіршілік, достық, ба­уырмалдық деп ауыздарыңыз жабылмайды, неге ауыл-ауылға, ру-руға бөлініп, қырық­пышақ болдыңыздар? Кешегі сайлау кезін­дегі қитұрқылықтарды жасырып-жабулай­мыз деп ырылдасқандарыңызда адам былай тұрсын, ит біздің өзіміз жерге кіріп кете жаздадық. Осы ма ауыз­бір­шіліктеріңіз? Неге біріңіздің-біріңіз дауыстарыңызды ұрлай­сыздар? Япыр-ай, тап осылай жанды жерімнен ұстайды деп кім ойлаған? Не деп жауап берерімді білмей, дымым құрыды. Менің нарттай қызарып тұрғанымды көрген Құтжол: – Адамгершіліктен де, ауызбіршіліктен де жұрдайсыздар. Бұл қасиеттер сіздерден гөрі бізде бар. Айталық, Мына Лайка екеуіміздің жұп құрғанымызға талай жыл болды. Өмір берсе әлі бірге жүре береміз. Біріміздің көзімізге біріміз шөп салғанымыз жоқ. Ал сіздер бір-бірлеріңізді жиі алдай­сыздар. Бүгін үйленіп, ертеңіне ажыра­сатындар да адамдар. – Бізде махаббат, сезім деген игі қасиеттер бар. Ал сіздерде ол қайдан болсын? – деп тыңға түрен салдым. Әп, бәлем! Иттерді үндері шықпастай етіп тұқыртқан жерім осы болар! Ал енді не деп жауап берер екен? Құтжол мен Лайка ыржың-ыржың етіп ұзақ күлді. – Бізде махаббат, сезім деген қасиеттер болмаса Шымкент қалалық әкімдігі ветеринарлық бөліміне иттерді сүндет­тендіруге 140 миллион теңге бөлер ме еді? Ал сіздерде балаларыңызды сүндеттендіруге мемлекет қанша қаржы бөліп жүр? Сіз, ит жолдас, мұндай қитұрқы сұрақ қоймаңыз. – Бізде әрбір ата-ана ұлдарын дәрігер-хирургке апарып, өздері сүндет­тендіреді. – Міне, қадірлеріңіздің жоқ жері осы. Мемлекеттің болашағы балалар дейсіздер. Бала денсаулығы үшін бөлмеген қаржыны мемлекет қашан бөледі? – Бөлетін шығар. –Екіұшты жауап. Бөлетін болса заң шығарар еді ғой. Ал бізді қорғайтын, тұқымдарымызды сақтау мен өсімімізді молайту туралы заңдар бар. Осы заң бойынша ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, қинау, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейірімсіздікпен аулауға тосқауыл қойылған. Ал адамдар қанша заңдарыңыз болса да бір-бірлеріңізді өлтіріп, қинауды, зорлық-зомбылық көрсетуді қоймайсыздар. Мейірімсіздер. Жасөспірімді үш жыл бойы зорлап келген түркістандық полиция қыз­меткері Сәкен Сейітжаппаровтың 15 жылға сотталғанын кімнен жасырасыздар? Осы ма мейірімділіктеріңіз? Тұтығып сөйлей алмай қалдым. – Біз әлгі сүндеттегіш ветеринарымыздан қашып, әдейі осы саябақты паналап жүрміз. Біздің де ұрпақ қалдырғымыз келеді. Махаббат шуағына шомылғымыз келеді. Сіздердің келіндеріңіз ғой, бір-екі баладан артық таппайды. Сондықтан көбеймей жатырсыздар. Оның үстіне, қымбатшылық та бір жағынан қысып барады. Қарақан басын асырай алмай жүргендер балаларын қалай асырайды? – деді Құтжол. – Қазақ «бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» дейді. Бала дүниеге келсе бірдеңе етіп асыраймыз да! – Бұл – көнерген мақал. Бұрынғыдай артық шығатын жусан да қалмай барады. Ұлан-ғайыр тың даланы улап біттіңіздер. Ә, үндемейсіз! Неге? Өйткені берер жауа­быңыз жоқ. Жарайды, айтысты осы жерден доғарайық. Кеттік. Бізді көрдім деп ешкімге айтпай-ақ қойыңыз, – деп Құтжол сылаң­даған Лайкасын ертіп ұзай берді. Бұдан әрі Құтжол мен Лайкамен айтысуға бетім де жоқ еді. Шоқитып кетті бәлемдер. Әй, осы итпен ит болып екеуімен айты­сып нем бар еді?..

Сабырбек ОЛЖАБАЙ