Қазақтың биін Ташкент төрінде орындаған атыраулық бүлдіршіндер халықаралық конкурстан гран-примен оралды
Қазақтың биін Ташкент төрінде орындаған атыраулық бүлдіршіндер халықаралық конкурстан гран-примен оралды
1,265
оқылды
Атыраулық кішкентай бишілер Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен «Art Silk Way-2023» халықаралық хореографиялық конкурста бас жүлдені иеленіп келді. Кішкентай бишілерді әлемдік сахнаға Атыраудағы «Дархан» өнер мектебі дайындап апарған. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінің «менмін» деген 100-ге жуық бишілер командасы қатысқан конкурста «Әжемнің тәттілері» сюжеттік биімен өнер көрсеткен "Дархан" би-ансамблі тобы топ жарды.  width= Әженің немереге деген махаббаты, отбасындағы әженің ролі, әже мен немере арасындағы сүйіспеншілікті кейіптейтін би осылайша Ташкентте төрге озып, гран при иеленді. 7-9 жас аралығындағы жас таланттар қазақтың көк Туын желбірететін күндер әлі алда екеніне сенімді. Сондай ақ, жеке би орындау номинациясында 12 жасар Фатима Сәлімгерей «Еркетай» биімен бас жүлдені жеңіп алды. Би өнерімен 5 жасынан бері айналысып келе жатқан Фатима болашақта Шара Жиенқұлова сынды әлемге танылған биші болуды мақсат етіп отыр.  width=

«Балғын өнерпаздарымның бұл шетелге екінші мәрте шығуы. Бұған дейін мектебіміздің оқушылары Түркияның Стамбул, Анталия қалаларында өнер көрсеткен еді. Балаларымның әрқайсының көзінде от бар. Алға қарай да қазақ өнерін әлемге танытып, дәріптей бергіміз келеді» ,– дейді «Дархан» өнер мектебінің жетекшісі Арайлым Молдашева.

Еске сала кетсек, «Дархан» өнер мектебі 2012 жылы ашылды. Қазір орталықта 500-ден астам шәкірт тәрбиеленіп жатыр.

​Баян Жанұзақова