Қармақшыдағы Саддам
Қармақшыдағы Саддам
877
оқылды
Ел ішінде ерекше есім иеленген жандар аз емес. Соның ішінде соңғы кездері елге белгілі тұлға­лардың, батыр, әулие-әмбилердің атын ырымдап қою қоғамда жиі көрініс тауып жүр. Сыр өңірінде де ерекше есім арқа­лаған адамдар аз емес. Қазақ тіліндегі сирек кездесетін есімдерді айтпағанда, өзге ұлт өкілдерінің таңсық аты берілген адамдар да бар. Соның ішінде Ирактың мемлекеттік және саяси қайраткері, елдің премьер-министрі, кейіннен 24 жылдай президенті болған Саддам Хуссейннің есімін еншілеген қармақ­шылық өрен жайында сол жылдары БАҚ беттерінде жазылған болатын. Осы ерекше есімді иеленген бала бүгінде 16 жасқа толыпты. Қармақшы ауданына қарасты Жосалы кентінде тұрып жатыр. Есейген Саддам өзінің есімінің тарихын да жатқа біледі. Әлемнің саяси сахнасында аты тарихта қалған Ирактың бұрынғы Президентімен аттас болғанына өкпелі емес.
«Өз есімімнің тарихын есейе келе білдім. Ерекше есім мені тарих іліміне деген қызығушылығымды арттыра түсті. Сондықтан тарих пәнін қызыға оқыдым. Есімімді естігендер алғашында таңырқап қарайтыны жасырын емес. Бірақ уақыт өте келе үйренісіп кетеді. Өз атымнан ешқандай ағаттық көріп тұрғаным жоқ. Өзіме ұнайды. Әрі осы есімім арқылы әлем елдерінің мәдениеті мен тарихын білуге деген құлшынысым арта түсті», – дейді Саддам Хусайн.
Саяси тұлғаның есімін арқалаған өрен Жосалы кентідегі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектептің 10-сыныбында оқиды. Мектепте үлгерімі өте жақсы. Әсіресе, дүниежүзі тарихы пәнін сүйіп оқиды. Саддамның мектеп қабырғасында белсенділігі жоғары. Түрлі іс-шараларға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жет­кізіп жүр. Мерекелік кештерде жүргізу­шілік қабілетін де танытып келеді.
«Негізінен жолдасым Хусайн Тұрсын­баев екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмыз. Әкесі – бір үйдің жалғыз баласы. Сол жылдары ғаламтор деген болмаған. Бәріміз көбіне жаңалық көретінбіз. Сол кездері Ирактағы жаңа­лықтарды жиі тыңдайтын едік. Үлкен қызым Айғаным Саддам Хуссейннің есімін жиі айтып жүруші еді. Тегі әкесінің атымен аттас болғасын тез жаттап алды. Тіпті, қуыршақтарын да осы есіммен атайтын. Ар­тынша, ұлымыз дүние­ге келіп, есімін жан­ұямызбен Саддам деп қоюды ұйғардық. Бұған қызымыздың ықпалы зор болды леп айтуға болады. Бүгінде ерекше есімді иеленген баламыз мектепішілік іс-шараларға белсене қатысады. Бойынан жақсы қасиеттерді жиі байқаймыз. Өте алғыр, бәрімізге қолғанат болып жүр. Сабаққа да үлгерімі жақсы. Жаңа­лыққа жаны құмар. Әлем тарихын, түрлі саяси оқиғаларды жанұя­мызбен осы ұлымыздан естіп, біліп отырамыз. Тіл байлығы өте жоғары. Саясаттан да хабары бар. Болашағынан зор үміт күтіп отырмыз», – дейді анасы Гүлнар Ерсейітова.
Анасының айтуынша, ұлының ізде­нім­паздығы, білім алуға деген құштар­лығы кішкентай кезінен байқалыпты. Бүгінде орыс және ағылшын тілін жетік меңгерген баласының болашағынан зор үміт күте­тінін жеткізді. Саддам Ал жарқын болашаққа жол бастаған бала тарих пәнін меңгеріп, еңбек жолында білікті дипломат болуды армандайтынын алға тартты. Сол үшін де білімін жетілдіріп, сүйікті мамандығын меңгеруді мақсат тұтып отыр.
«Тарих, жаратылыстану пәндерін қызыға оқимын. Сәтін салып, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факуль­тетінде білімімді жетілдіріп, білікті ма­ман атансам деймін. Қазір осы арма­нымды ақиқатқа айналдыру жолында ұлттық бі­рың­ғай тестілеуге қызу дайын­дық жүргізіп жатырмын. Бола­шақта дүниежүзі елдері­нің мәдениеті мен тарихын жетік меңгеріп қана қоймай, еліміздің әдеп-ғұрпы мен тарихын айдай әлемге танытсам деген асқақ арманым бар. Арманымды ақиқатқа айналдыру жолында аянбай еңбек ететін боламын. Ата-анамның маған артқан сенімін ақ­тауды мақсат тұтамын», – дейді Саддам.
Білім қуған жасөспірім әлемге таны­мал ұлы тұлға болып, еліміздің өркендеуі жо­лын­да аянбай еңбек етуді көздейді. Ата-ана­сының үкілеген үміті жоғары оқу ор­ны­на грант негізінде оқуға түсуді ар­ман­­дайды. Осы мақсатына жету жолында қазірден бастап күн-түн демей қызу дайындалып жүр. Талабы таудай балғынға біз де «ар­маныңа жет» деп ізгі тілегімізді арнадық.

Қызылорда облысы