Талды кесу кімнің тапсырмасы?
Талды кесу кімнің тапсырмасы?
867
оқылды
Шаңды дауылдан көз ашпайтын Қызылорда халқы ала жаздай көше бойында жайқалған талдардың саясында жан сақтайды. Соған сай көктем басталысымен көшелерге көшет отырғызып, көркейту жұмыстары жүргізіледі. Бірақ соңғы кездері өсіп тұрған талдарды белгісіз себептермен аяусыз қырқып жатқандар бой көрсетіп тұр. Бұл табиғат жанашырларының ашу-ызасын туғызды. Әлеуметтік желіде Сыр өңірінде тал­дарды аяусыз кесіп жатқан ви­­део тарады. Қызылорда қ­а­ла­сы ғана емес, іргелес қоныстанған ау­дан­дарда да жасыл желектерді жөнсіз отап жат­қан­дардың әрекетіне көпшілік нара­зы­лық білдіріп жатыр. Мәліметтерге сүйенсек, 2021 жыл­дың өзінде Сыр өңірінде 20 мың­­нан астам Сыр талы, қара ағаш және же­­міс ағаштарының көшеті отырғызылған. Сол уақытта «Таза табиғат» экологиялық ак­циясы аясында 6 мыңнан астам тұрғын бел­сенділік танытыпты. Былтыр да көр­кей­ту бағытында атқарылған жұмыстар аз емес. Биыл да ерте көктемнен көшет отыр­ғызу жұмыстары қарқын ал­ды. Бір ғана Қызылорда қаласында 3500 түп ағаш отырғызылды. Алайда егілген тал­дардың көктеуі қалай? Күтіп-баптау жұ­мыстары лайықты жүргізіліп жатыр ма? Та­биғат жанашырлары осы мәселеге бас қа­тырып жүр.
«Облыста тал егу жұмыстары қарқын­ды түрде жүргізілгенімен, оны күтіп-бап­тау өз деңгейінде емес. Талды кесу, ба­лақ­тау жұмыстары өз талаптарына сәйкес жүр­­гізілмейді. Бір ғана мысал айтсам, Қы­зылорда қаласындағы Ықсанов учи­лищесінің алдында өсіп тұрған талдарды соң­ғы алты жылдың ішінде үшінші мәрте ке­сіп жатыр. Жыл басында көршілес қо­ныстанған Жалағаш ауданының орта­лы­ғын­да қаншама жасыл желек жаппай ке­сілді. Бертін келе, мұндай жағдай Жаңа­қор­ған ауданында да бой көрсетті. Осын­дай келеңсіздікті тоқтату мақсатында да­был қақтық. Бірақ талды кесуге кімнің тап­­сырма бергені анықталмады. Бас­қар­малар бір-біріне сілтеп отыр. Ал біздер мұн­дай бассыздық тоқтатуды талап ете­міз. Осыдан 6 жыл бұрын да талдарды жап­­­пай кесу жұмыстары көрініс тауып, қар­­сылық білдіріп, тоқтау салған бола­тын­­быз. Сол кезде жайқалып тұрған жа­сыл желектерді кесуді қарғалардың тал­дарды топтасып паналап, қала көшелерін лас­тап жатқандығымен түсіндірген еді. Ал бұл жолғы келеңсіздікті ешкім түсіндірмей отыр», – деп наразылығын білдірді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.
ағаш кесу Табиғат жанашырының айтуынша, талды кесу үрдісінде топпинг де­ген ұғым бар. Жалпы, топпинг ұғымы, яғ­ни, талды келте қылып кесу тарихы тым ер­теден басталады екен. Дерекке сүйен­сек, бұл үрдіс алғаш рет Америкада бас­тал­­ған. Сол уақыт талды кесіп, кесілген жер­ден шыққан жас шыбықтарды себет тоқу мақсатында пайдаланған көрінеді. Бер­тін келе, топпинг салдары үлкен мә­се­леге айналған. Себебі талдарды жөнсіз кесу салдарынан жас шыбықтар бас дің­гектен шықпай, жанама діңгектен қаулап өсе бастаған. Артынша опырылып сынып, адам­дарға қауіп туғызған. Соның сал­дары­нан жабайы күйде өсе бастаған тал­дар­ды күтіп-баптау артық шығынға әкеп соқ­тырады. Қаланың кейпін қашырып, сүрең­сіз күйге түскен жасыл желектер тұр­ғылықты халықтың да наразылығын арт­тыра түскен. Осылайша, талды келте қы­лып кесудің тиімсіздігі сол кездері өзді­гінен дәлелденсе керек. Кейіннен Аме­ри­када бұл тәсілді қолдануға қатаң тыйым сал­ды. Сонымен қатар көп жағдайда тал­дар­ды жөнсіз кесу, оның ғұмырын да қысқартатыны ескерілмейді. Яғни, ке­сілген жерден көп жағдайда шірік түсіп, тал­дар ішінен шіріндіге айналады. Бұл да көп елдерде тәжірибе жүзінде дәлелденген. Ал біздің елде бұл мәселеге әлі де атүсті қа­райды. Сондықтан жасыл желектерді жөн­сіз кесу, бүлдіру әрекеттері тыйылмай ке­леді.
«Біздің өңірде соңғы жылдары жасарту деген терминді жиі қолданып жүр. Бұл тұр­ғыда талдарды кесу арқылы оның орнына жас шыбықтар шығып, жасарған кейіпке енеді деп ойлайды. Алайда бұл тә­сіл әлемдік тәжірибеде мүлде болмаған. Яғни, талдарды кесу арқылы оны жасарту деген қате ұғым. Тәжірибеде жасарту тә­сілі жеміс ағаштарына ғана қолданылады. Мәселен, белгілі бір уақытта алма ағашын кесіп, орнына жас шыбықты өсіру арқы­лы, мол өнім алу үшін осындай тәсілдер жиі жасалған. Ал күн көлеңкесінен қор­ғай­­тын саябақтағы жасыл желектерде жа­сарту ұғымы болмайды. Бірақ қазіргі уа­қытта талды кесіп жүргендер бұл ұғым­ды теріс түсініп жүр. Бұл жерде бірінші ке­зекте, талды кесу, балақтау жұмыс­тары­мен айналысатын арнайы мамандар жоқ. Екіншіден, талдың әр жерінен өскен жа­байы бұтақтарды бір-бірлеп кесуге жауап­сыздықпен қарау, арнайы тех­ни­ка­лардың болмауы салдарынан түбінен кел­те қылып кесе салады. Сол себепті қа­ла­ның өзінде жайқалып өсіп тұрған көп­теген талдар жөнсіз кесілді. Соның салдарынан аптапты аймақта орналасқан қаламызда күн көзінен қорғайтын жасыл желектердің саны жыл санап азайып барады», – дейді қоғам белсендісі.
Жалпы көп жағдайда табиғаты ыс­тық, шөлейтті болып келетін Сыр өңіріне қаратал ғана бейім келеді. Не­гізінен ғұмыры 100-200 жылдан асып жы­ғылатын бұл тал көп күтімді де қажет ет­пейді. Ыстыққа да, шөлге де төзімді. Ал те­рек секілді өзге ағаштарды Сыр табиға­ты­на бейімдеу оңай емес. Мұндай талдар­дың ғұмыры ұзаққа бармайды. Көп жағ­дай­да өздігінен қурап қалады. ағаш Бір ғана қала көшелерінде талдарды жөнсіз кесу жұмыстарының жай-жап­сарын білу мақсатында Қызылорда қа­ласы әкімдігінің тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөліміне сұрау салдық.
­«Қызылорда қаласында тал балақтау, кесу жұ­мыс­тарын жүргізу үшін мемле­кет­тік са­тып алу конкурсы негізінде «Реал ст­рой снаб» ЖШС жеңімпаз болып анық­тал­ды. Келісімшарт 6 сәуір күні жасалды. Яғни, осы күннен бастап жоспарлы жұ­мыс­тар бастау алатын болады. Ал бұған дейін ауа райының қолайсыздығынан туын­даған тал кесу, балақтау жұмыстары де­меушілік есе­бінен жүргізілді», – деп тү­сін­дірді бө­лім мамандары.
Қорыта айтқанда, онсыз да көк шүй­гіні аз Сыр өңірінде жайқалып тұрған аз­­­­­­­ғана талдарды жаппай кесу жұмыс­тары­н­а тұрғындар қарсы. Бір жылда мыңдаған көшет отырғызып, артынша жайқалған тал­дарды түбіне кесу табиғатқа жасалған үлкен қатыгездік деп санайды. Оның есе­сіне, көп жылдан бері түйіні тарқатылмай ке­ле жатқан ағын су мәселесін түбегейлі шешіп, Сыр өңірін жасыл желекті аймақ­қа айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қызылорда облысы