Түп-тамырымыздың ор­тақ болуы Қа­зақстан мен Әзербайжанды ешқашан ір­гесі ажырамас туыс етті. Біздің мыңжыл­дық­тарға ұласатын тарихымыз бар. Көк Түрік баба­мыздан қал­ған бай мәдени мұ­рамыз, рухани қазынамыз да бір. Енді бауырлас елдерді эко­номикалық тығыз бай­ла­ныс жақындата түсті. Қазақ елі Әзер­байжан арқылы Еуро­паға, Түркия мен Же­рорта теңізі жағалауындағы елдерге шықты. Алда Үн­діс­тан нары­ғына құлаш ұра­­ды.
Ынтымақтастықтың қазығы берік, болашағы бекем
749
оқылды

Ал Қазақстан мен Әзер­бай­жан көш­бас­шыла­рының апта басындағы кез­­десуі мен келіссөздері екі ел қа­ты­настарын жаңа, одақ­тастық деңгейге көтер­мек.

Республикамызда әзер­бай­жандардың үлкен диаспора­сы – осы этностың шамамен 100 мың­­дай өкілі тұрады. Кеңес им­периясының тотали­тарлық тар заманында өз жерінде қу­далауға ұшыраған оларға қазақ халқы құшағын ашып, бауы­рына басты. Көштен қалмай, жетіліп өсуіне, ұрпақ өрбітіп, өркен жаюына мүмкіндік берді. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қазақ­тардың бұл қамқорлығы мен шапағатын өз ұлты­ның ешқашан ұмытпай­тынын білдірді. Ата-ба­бамыз «Тар жерде табысқан, кең жер­де келіседі» деген дана өсиет қалдырды. Бұл бауырмалдық рәміздері қос мемлекеттің жаңа геосаяси жағдай­дағы эконо­микалық ынтымақтастығының алтын тініне айналып отыр. Жасыратыны жоқ, Қазақстанның сыртқы саясатының әзербайжандық ба­ғыты ондаған жылдар бойы өзге басым­дықтардың тасасында қалып келді. Екі елдің алыс-берісі негізінен TÜRKSOY, ТҮРКПА сияқты түркітілдес елдердің ұйым­дары аясындағы қарым-қатынас­тардан көп ұзамайтын. Тіпті, әлемдік мұнай нарығындағы бәсекелесі санап, Қазақстанның бұл республикамен бақта­ласқан кезі де болды. Себебі түсінікті. Қазақстанның жа­һан­дық нарыққа жүк экспортының 80 па­йыздан астамы жалғыз Ресей арқылы тасы­малданды, тиісінше, осы тығыз қа­рым-қатынасқа көңіл бөлінді. Салда­рынан, қазақ пен әзербайжан арасын қосқан кәрі Каспийдегі халықаралық бағыттар кейінгі орындарға сырғыды. Сарапшылар осы теңіздегі порттары­мыз­дың әлеуетінің үштен бірі ғана пай­даланылатынына назар аударады. Үкімет үш онжылдықта Каспийде қазақстандық танкерлер паркін де құрмаған. QazTrade дерегінше, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы соңғы бір жыл ішінде бірден 39 пайызға артқанымен, 2022 жыл қорытындысында небары 461,9 млн долларды құрады. Мұн­дағы біздің экспорт 30,4 пайызға, 287,9 миллионнан 375,3 миллион долларға де­йін, ал импорт екі есеге жуық, 44,4 мил­лионнан 86,6 млн долларға дейін ұлғайды. Бұл әрине, мардымсыз. Дегенмен был­тырғы өсім қарқынының өзі осы көр­сеткішті алда он есе арттыруға мүмкіндік барын паш етті. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры, саяси ғылымдарының кандидаты Еркін Тұқымов екі елдің ара­сында әлі күнге дейін туристік паром­дардың жоқтығын, қос мемлекет арасын жалғаған әуе рейсінің аздығын қаперге салды. Сонымен бірге қазақтар да, әзер­байжандар да бір-бірінің тарихы, мә­дениеті туралы тым аз біледі. Кеңес үкіметі түркі халықтары бірік­пеуі үшін олардың көпғасырлық ортақ тарихын санадан өшіруге күш салды. Енді екі ел алдында осы олқылықтарды жою, сөйтіп бауырлас елдеріміздің бірлігін күшейту міндеті де тұр. Экономикалық ынтымақтастықты өрістету сыртында, мәдени байланыстарды нығайтып, сақ, ғұн, түркі бабаларымыздан тамыр тартатын ортақ тарихымызды бірлесе зерттеу, оны насихаттау, бірлескен фильмдер түсіру, ортақ туристік маршруттар құру, Абай үйі, Физули даму орталығы сияқты ағарту­шылық ошақтарды ашу маңызды. Мұның бәрі өзара ынтымақтастық аясының мейлінше ауқымды екенін паш көрсетеді. Ең бастысы, екі ел арасындағы байланыс жаңа белеске көтеріліп отыр. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы тамыздағы Бакуге сапары ая­сында екі елдің көшбасшылары Страте­гиялық қатынастарды нығайту және одақ­тас­тық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияға қол қойған болатын. Ал Ильхам Гейдарұлы Әлиевтің Астана сапары одақтастықтың жаңа парағын ашып, стратегиялық серіктестікке серпін берді.

Серіктестік нәтижесі – нақты жобалар

Кейбір мемлекет басшыларының кез­десуі протоколдық қырық минуттан аспай жатады. Бұл толыққанды келіссөздерден гөрі өзара ілтипатқа, ізгі ниет ишарасына көбірек ұқсайды. Ал кеше Ақордадағы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт То­қаев пен Әзербайжан Президенті Иль­хам Әлиев арасындағы кең ауқымды ке­ліссөздер қос елдің талқыға салар ықпал­дастық аясының кең екенін көрсетті. Бұл Каспий арқылы шектесетін қос респуб­ликаның алыс-берісі мен барыс-келісін жаңа деңгейге көтеруі тиіс. Соның ішінде басымдық ретінде энергетика, халықаралық транзит, бай­ланыс және коммуникация, көлік, ауыл шаруашылығы, мәдениет, туризм секілді салалар дараланды. Дәл осы бағыттарда алда жаңа әрі ірі бірлескен жобалар қолға алынбақ. Премьер-Министрдің орынбасары–Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Әзербайжан – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы негіз­гі сауда-экономикалық серіктесі. Әзер­байжан арқылы Қазақстан Жерорта теңізі жағалауындағы елдерге, Түркияға, одан ары Еуропалық Одақ мемлекеттеріне тіке­лей шыға алып отыр. Болашақта Каспий айдынын және ондағы Ақтау теңіз портын Әзербайжан–Иран–Пәкістан–Үндістан–Парсы шығанағы елдері бағдарындағы хабқа айналдыруға да мүмкіндік бар. Өйткені 2022 жылғы тамызда Әзербайжан мен Иранның кеден органдары транзиттік тасымалды жеңілдету туралы мемо­рандум­ға қол қойды. Бұл Қазақстанның алдынан 1,4 миллиард тұрғыны бар үнді елінің алып нарығының қақпасын айқара ашады. Әрі аймақаралық сауданың әлеуетін толық­қанды пайдалануға ықпал етіп, өңірлердің көлік байланысын жақсартады.

 Қазақстанда Әзербайжан капиталы­ның қатысуымен 1 195-тен астам кәсіп­орын және 210 бірлескен кәсіпорын жұ­мыс істейді. Қазақстан экономикасына са­лынған Әзербайжан инвестиция­ла­ры­ның көлемі 365 миллион доллардан асты. Елдер арасында Президент Қ.Тоқаев­тың Әзербайжанға ресми сапары аясында 2022 жылғы тамызда қол қойылған. 2026 жылға дейінгі Сауда-экономикалық ын­тымақтастық туралы келісім және ынты­мақтастықты дамытудың кешенді бағдар­ламасы жүзеге асырылып жатыр. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен кеңес жұмыс істейді. Оның аясында бірлескен жоба­лар­дың егжей-тегжейі пысықталатын болады. Үкімет басшысының халықаралық ынтымақтастыққа жауапты орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, бүгінде Қазақстан Әзербайжан нарығына 304 миллион доллардан астам сомаға отандық өңдеу өнеркәсібі тауарларының 110 түрін жеткізуді пысықтап жатыр. Яғни, бұл негізінен мұнай мен астық тасымалына құрылған өзара сауда-саттықтың шикі­заттық бағытын күрт өзгертеді. Атап айтқанда, еліміз каспийлік көр­ші­сіне қазақстандық металлургия, мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, құрылыс тауарлары және басқасының экспорттық тасқынының тиегін ағытуға әзір. Мысалы, бұл елге отандық локомотивтер мен жүк вагондары жеткізіле бастауы мүмкін.

Бірлік барда...

Қазір «Орта дәліз» деген атаумен белгілі Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) әлемдік жүк тасымалының жаһандық басты маршруттардың біріне айналып келеді. Өйткені оның артық­шы­лығы көп. Біріншіден, санкциядан сан­сырап, әлемнен оқшауланған Ресейді ай­налып өтуге мүмкіндік береді. Екін­шіден, өзге дәліздерге қарағанда жүкті екі жарым есе тез жеткізеді. Он жыл бұрын Қы­тай мен Еуропа арасын жалғайтын ба­ламалы бағыт ретінде басталған бұл халық­аралық жобаның бүгінде қамтитын ай­мақтар қатары артты. Нәтижесінде, ол Еу­ропа, Шығыс Азия, Орталық Азия, Кав­каз, Оңтүстік-Батыс Азия, Парсы шы­ғанағы сияқты көптеген өңірге өріс салды. Экономист Александр Караваевтың дерегінше, Қазақстан мен Әзербайжан осы Орта дәліздің басты буындары са­налады. Себебі теміржолдық Карс–Тби­лиси–Баку бағдары және теңіздік Ақтау–Баку бағдары ТХКБ-ның аса маңызды «транзиттік тірек торабы». Ендеше бүгінде дәл осы тораптарды дамыту күн тәртібінде өзекті тұр. Логистикалық әлеуетті оңтайлы жарату үшін қосымша танкерлер мен паромдар қажет. Қазір қос ел кемелер паркін кеңейту жолдарын іздеп, паром флотын дамыту бойынша шаралар қабыл­дап жатыр. Мысалы, Қазақстан 10 жаңа паром сатып алуды жоспарлап қойды. Қа­зақстан үшін кеме жасауға арабтар да, мәселен БАӘ қызығушылық танытты. Осы орайда Қазақстан транзитті есе­леп арттыруға тоспа құрған «Тар тұстарды» синхронды жою және Орта дәлізді дамыту жөніндегі 2027 жылға дейінгі жол картасы бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ақтау порты базасында «контейнерлік хаб» құрылысы қолға алынды. «Достық–Мойынты» учаскесінде екінші темір жол, «Алматы» стансасында айналма темір жол желісі салынып жатыр. Осының арқасында «Алматы» стансасы арқылы Қазақстан–Қытай көлік дәлізінің өткізу қабілеті аптасына 24-тен 120 пойызға дейін, яғни 5 есеге артады. Ал дәліздегі контейнерлік пойыздардың жылдамдығы тәулігіне 1500 шақырымға дейін жетеді. Қазақстан Ақтау, Құрық порттарында Каспий теңізінің түбін тереңдету жұмыс­тарын жоспарлады. Өйткені теңіздің таяздануына байланысты кемелердің сыйымдылығының 75 пайызын ғана пай­далануға мәжбүр. Бірақ бұл мега-жобаның экологиялық қыры, Каспийді мекен ететін флора мен фаунаны деградацияға ұшы­ратпауы маңызды. Демек, жан-жақты зер­делеуді қажет етеді. Екі елдің эко­логиялық бағдарламаны жүзеге асыруы да көкейкесті. Айтпақшы, бауырлас екі елдің серік­тестігі арқасында қазақ елі тағы бір салада солтүстік көршісіне тәуелділіктен құтыл­мақ. Қазір Интернет желісінің өзі Қазақ­станға РФ арқылы жеткізіледі де, біз арқылы Орталық Азияға тарайды. Алайда дамыған елдермен арасы суыған Ресейдегі күрделі, аумалы-төкпелі жағдай бұл сек­торға қауіп төндірді. Сондықтан Қазақстан мен Әзербайжан «Цифрлық Жібек Жолы» жобасын бірлесе жүзуге асыруға уағда­ласты. Оған сәйкес, қос мемлекет Каспий түбінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін бірлесіп тартады. Ол іске қосылған соң қазақ елі интернет арқылы дерек беруде Ресейге тәуелді болмайды. Қазақстанның мұнайы экспортының 90 пайыздан астамы Ресейге кіріптар. Мұнда да Үкімет Әзербайжан арқылы мұнай тасымалын әртараптандырудың Жол картасын іске асырып жатыр. Пре­мьер Әлихан Смайыловтың дерегінше, Ресейді айналып өтетін каспийлік бала­малы жолдармен мұнай экспортын арт­тыру бойынша Әзербайжанмен толық түсіністік және қолдау бар. Бұл республика төл транзиттік мүмкіндіктерін ұсынды. Биыл Қазақстаннан «Баку–Тбилиси–Джейхан» құбыры арқылы мұнай тасы­малы басталды. Болашақта бұл құбырмен қазақтың 6-6,5 млн тоннадай қара алтыны жаһандық нарыққа жол тартуы мүмкін. Ғалымдар Қазақстанның орасан зор мұнай және газ қорлары Каспий ойпаты­ның 15 мың метр тереңдігінде, барланбаған күйі жатыр деп есептейді. Сол миллиард­таған тонна қара алтын мен миллиардтаған текше метр көгілдір отынға жету және игеру үшін «Еуразия» жобасы пысықталып жатыр. Сонау кеңес кезінен бері әзер­байжандық ғылыми-зерттеу мекемелері мен мұнайшылары бүкіл Каспий аква­ториясында зерттеу және ізденіс жұмыс­тарымен айналысып, мол тәжірибе жи­нақтады. Сондықтан «Еуразия» жобасына Әзербайжанның SOCAR мемлекеттік холдингі де шақырылыпты. Қорыта айтқанда, Қазақстан мен Әзер­байжан арасындағы интеграция мен кооперация алда тек арта бермек. Қ.Тоқаев пен И.Әлиевтің келіссөздері осы жолдағы жаңа биіктердің негізін қалады.