Көкшетауда колледж оқушысы өз-өзіне қол салды.
Көкшетауда емтиханнан үш алған студент көз жұмды
2
4,821
оқылды

Емтиханнан үш алған бойжеткен ұстаздар әділетсіз деп ренжіген. Ренішін анасына жазған хатында айтқан. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ал колледждегілер төмен бағаның бұлай қайғылы жағдайға ұласатынын әлбетте күтпеген. Олар ағылшын тілінен емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік бердік деп отыр.  

Анасы емтиханға кеткен қызы хабарласып, үш алғанын айтып жылағанда бірер сағаттан кейін мәңгі айырылып қаламын деп ойламаған. Аяулым сол күні   қала іргесіндегі үйіне келіп, қорада жас өмірін қия салған. 

Марқұм қыздың анасы Айгүл Ахметжанова: «Менің балапанымды осындайға жеткізгені үшін жауап берсін. Өз-өзіне қол салып, не сұмдық соншама... Бір бағаны аяды ма екен... Соншама менің қызымды жек көретіндей не болды? Қалдырмаймыз, арыз жазамыз», – дейді. 

Марқұмның туыстары 18 жастағы қыздың өліміне колледж ұстаздарын кінәлап отыр. Бұған себеп – Аяулымның соңғы  хаты. Онда марқұм ата-анасының үмітін ақтай алмағанын, ұстаздары білімін әділ бағаламағанын жазыпты. Төрт жыл білім алған педагогика  колледждегілерге де бұл жайт төбесінен жай түскендей болды.   

«Ол олай емес. Емтихан белгіленген уақытында өтті. Олар жауаптарын электронды түрде жібереді. 12 емес, 8 балл алды. Иә, 3 алғанына ренжіді. Бірақ қайта тапсыруға келістік. Қайта тапсыруға келгенде тақырып сол, бірақ тест басқа екенін көріп бас тартты. Ал костюмін шешкісі келмеді, ішінде кеудеше (майка) ғана екен. Оған жарайды дедім», – дейді колледж оқытушысы Динара Жүсіпова. 

Аяулым үш алғаны үшін өзіне қол салатынын қасындағы құрбылары да сезбеген. Ағылшын тілін жетік меңгеріп шетелде жұмыс істеймін деген асқақ арманы болыпты. 

Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр. 

«Өлімге итермелеу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қайғылы жағдай Красный яр кентінде болған. 18 жастағы қыз өзіне қол салған. Барлық жағдай жан-жақты тергеліп жатыр», – дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің ресми өкілі Әсем Әбдірахманова. 

Бойжеткеннің өліміне ұстазы қойған үштік баға себеп пе, әлде басқа жағдай әсер етті ме, оны полиция анықтайды.

Фото: КТК арнасының сюжетінен скриншот