Ғалымдар COVID-19 пандемиясы адамзаттың психоло­гиялық денсаулығына айтарлық сызат түсірді деп байбалам салып, түрлі теорияcын дәлелдеп әлекке түсіп жатқанда әлемдегі ахуал сұрлана түсті.
Жанның саулығы – жанұядан

Ресей мен Украина қақтығысы, Түркия мен Сириядағы зілзала, Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы және тағы басқа. Бұған күнделікті медиада жарияланатын зор­лық-зомбылық, атыс-шабыс, табиғи апаттарды қосыңыз. Ал мұның ендігі әлеуметтік һәм психологиялық зардабын саралай беріңіз. Әлбетте, ауыр. Әлеуметтанушы мамандардың ай­туынша, бүгінде қауіпті және апатты аймақтағы азаматтарға көрсетіліп жатқан психологиялық көмек ауруын жазатын емес, ауырсынуын басатын дәрі іспеттес. Өйткені тіпті диагнозы әліге дейін белгісіз. Осы орайда БАҚ бетіне, сарапшылардың сөзіне жиі іліне бастаған бір ұғым бар – отбасылық күйзеліс теориясы. Бұл не? Не үшін маңызды?

Отбасындағы күйзеліс теория­сын 1949 жылы әлеуметтанушы Рубен Хилл зерттеп, қолданысқа енгізді. Ғалым Екінші дүниежүзілік соғыстың жанұя қарым-қатынасына қалай әсер еткенін, соғыс уақытында бір-бірінен қол үзіп, қайта табысқан отбасындағы өзгерісті зерттеген. Және аса маңызды бір заңдылықты байқаған: кез келген оқиғаға бүтін бір отбасының қалай мән беретінін сол жағдаяттың ата-ананың ішкі және сыртқы жай-күйіне қалай әсер еткені айқындайды, ал бұл күйзеліс­тің салдарына жауапты. Былайша айтқанда, ата-ата – саналы һәм бейсаналы түрде негізгі вектор. 

Алдымен бірнеше мысал кел­тірейік. Өкінішке қарай, біздің қоғамда жиі кездесетін жағдайлар ажырасу, жұмыссыз қалу, қауіпті бір дертке шалдығу және тағы басқа. Ерлі-зайыптының арасында түсі­ніс­пеушілік туып, бірнеше айлық жанжалға ұласады. Ішкен астан, істеген жұмыстан береке қашып, отбасының қалыпты жағдайы бұзы­лады. Ақыры ажырасып тынған ере­сек екі азаматтың әрқайсысы өз басы­мен әуреге түседі. Бұл жағдайға тікелей араласа алмаса да, жанама бақылап жүрген ата-ене, бала-шаға­ның психикалық саулығы тізімнің соңында қалады. Я болмаса, үйдің отағасы жұмыссыз қалды делік. 5-10 жылға жуық бір мекемеде қызмет еткен азаматтың қысқартуға ұшы­рап, не басшылығымен жараспай, бір сәтте бос қалуы оңай емес, әрине. Мұндай жағдайда кей азамат тәбеті қашып, көңіл күйі бұзылып, мұңға батса, енді бірі жанталасып басқа жұмыс іздей бастайды және онысын үйдегілерге білдірмеуге тырысады. Бұл жағдайлардың қай-қайсысына да куәгер болған жұбайы, ата-ана, бала-шағаның психикалық жайы тағы назардан тыс қалады. 

Я болмаса, бір оқушы бұзақылық жа­са­ды, сабақтан қашты яки сынып­тасымен төбелесті делік. Мектепте ұстаздардың, ата-аналардың қа­тысуы­мен тәрбие жиналысы өтті. Бұл оқиғадан кейін бәрінің назары әрине бұзақылық жасаған, не зардап шеккен оқушыға түседі де, солардың көңіл күйімен әлек болады. Ал одан бір кісідей психикалық зардап шек­кен ата-ананың ахуалына зер сал­маймыз. Психолог мамандардың айтуынша, көптеген күйзелістің ауыр зардабы отбасылық стреске көңіл бөлмеуден туады. 

«Біздің қоғамда жанұяның пси­хологиялық саулығына енді-енді көңіл бөліне бастады. Бұған дейін адам психикалық саулығы түгілі аты жаман ауру болмаса, денсаулығының амандығына бейжай қарайтын. Біз­де «Ата-бабамыз психологқа бар­май-ақ жап-жақсы ғұмыр кешкен» деген түсінік бар. Бұл – қате. Бізге дейінгі ұрпақтың түрлі психология­лық соқ­қымен өмір сүруінің салдары бүгінгі қоғамда көрініс беріп жатыр. Тек соңғы жылдары жекелеген аза­мат­тардың балалық шағында, яки өмір жолында бетпе-бет келген қиын жағдайларды еңсеру үшін, жан дү­ниесінде қалған жарақатын емдеу үшін психологтің көмегіне жүгіну дағ­дысы қалыптасты. Және бұл мә­дениет жемісін беріп жатыр. Маман­ның көмегіне жүгінген, яки пси­хологиялық әдебиеттерге әуестене бастаған қауым тұрмыстағы түрлі конфликтіні саналы шешу, әрқандай дағдарысты еңсеру, жан жарасын емдеу былай тұрсын, өз болмысын қабылдау, бойындағы әр кезеңде өтетін құбылысқа дұрыс реакция білдіру машығын үйрене бастады», – дейді психология ғылымдарының докторы Фатима Сағынбайқызы. 

Ғалымның айтуынша, сау қоғам қалыптастыру үшін жекелеген адамның ғана емес, бүтін жанұяның психологиялық саулығына маңыз беру керек. Мәселен, жұмыссыз қалған отағасының мысалына ора­лайық. Орта жастағы азамат қыз­меттен босап қалғанын көбіне жұ­байына ғана айтады. Өйткені ол өзін болып-толған, жеке мәселесін өзі ғана шешіп үйренген, оған қоса бү­тін бір отбасының мәселесін реттей­тін ер-азамат санайды. Сондықтан басына түскен үлкенді-кішілі тауқы­метті түрлі себеппен (ата-анасы, бала-шағасы уайымдамасын, не болмаса олар бәрібір ештеңе шеш­пей­ді және тағы басқа) басқаға айтуды жөн көрмейді. Араға уақыт салып әлгі азамат жұмыс тауып, әлбетте мәселесін шешеді. Әйтсе де, сол дағдарыс кезеңіндегі күйзеліс оның отбасы мүшелеріне де сал­қынын тигізеді. Әкесінің әлденеге уайымдап, ұйқысы бұзылып, яки ас батпай жүргенін бала-шағасы сезеді және олар да өз бетінше уайымға беріліп, күйзеледі. 

«Мұндай жағдайда әкесі отбасы мүшелеріне жұмыссыз қалғанын ашық айтуы керек. Әрине, ересектер мен балаларға жаңалықты жеткізу формасы әртүрлі болады. Дегенмен жанұяға қатысы бар кез келген жаңа­­лықты оның әр мүшесі білуі тиіс. Жұмыссыз қалған отағасы үй­дегілерін уайымдатпайын деген ойда болуы мүмкін, бұл жанашырлығын түсінуге де болады. Бұл жағдайда әке­сі проблемасымен қоса, оны шешу жоспарымен бөлісе алады. Мы­салы, «Мен қазіргі мекемедегі қыз­метімді аяқтадым. Өйткені адам­ның дамуы үшін жұмыс ауыстырғаны абзал. Біздің отбасымызда қаражат қоры бар. Ал мен өзіме ұнайтын жақ­сы жұмыс табамын. Ол үшін ма­ған белгілі бір уақыт және отбасым­ның қолдауы керек» деген сыңайда болған жағдайды ашық айтар болса, өзі де, жанұясының басқа мүшелері де әлдеқайда жайбарақат өмір сү­ре­тін еді. Әрі отбасындағы баланың, жасөспірімнің адамға қолдау көрсету дағдысы қалыптасады. Ол өз ұғы­мында мәселені шешуге ықпал етеді және жанұясындағы проблема ше­шілген уақытта оған өзі үлес қос­қан­дай сезімде болады. 3-4 жасар бала­ның сырқаттанып қалған анасының бетінен сүйетіні де осы себептен. Шын мәнінде, шешесі дәрі-дәрмек ішкеннен сауығады, ал балақай бетін сүйіп, анасын жазып алдым деп ойлайды», – дейді балалар психологі Ұлмекен Сарқытова. 

Әлеуметтанушылардың айтуын­ша, отбасылық стресс теориясының маңызды болатын тағы бір себебі – жанұядағы құндылықтар қайшылы­ғы. Әр үйдің өз жүйесі бар. О баста ере­сектердің көзқарасы мен пайы­мы­на құрылатын тізбектің кейінгі ұр­пақтың құндылықтары бұзуы мүм­кін. Мәселен, ата-анасы үйдің тұң­ғышы кейінгі бауырларын бағуға көмектесуі керек деп санайды. Я бол­маса, бір отбасыда баланың кол­леджде оқуы құпталмайды, ал жет­кіншек ЖОО-ға түспей қалудан қорқуы мүмкін. Белгілі отбасының кәсіп династиясын кейінгі ұрпағы бұзуы мүмкін. Ішкі келіспеушіліктің салдарынан да отбасы дағдарысқа тап болады. 

Әлеуметтанушы Джулия Чайлдс мұндай дағдарысты оңтайлы шешу ата-ананың тәжірибесі мен ресур­сына тікелей байланысты екенін айтады және оны екіге бөледі: ішкі ресурс – стресті басқару, конфликті шешу, тиімді коммуникация және тағы басқа, сондай-ақ сыртқы ре­сурс – қаржысы, әлеуметтік қолдау және терапия. 

 

«Дағдарыс» – қытай сөзі, ол тілде «қауіп» және «мүмкіндік» дей­тін екі иероглифпен бейнеледі. Әлбетте, дағдарыс кезінде адамның психикалық денсаулығына түрлі кедергі, жарақат немесе қауіп-қатер болады, десе де, ол сондай-ақ, өрлеу, яки құлдырауға бастайтын мүмкіндік сыйлайды. Мамандар психикалық денсаулық дағдарысы міндетті түрде жарақат салатын жағдайдан тумайтынын, сол оқиғаға адамның реакциясынан пайда болатынын айтады. Мәселен, қандай да бір қайғылы жағдайға бір адам қатты қайғырса, енді бірі ойлайды да қояды, ал келесі біреу тіптен назарына алмаған болуы мүмкін. Ал дұрыс реакция қалыптастыруда отбасылық стресс теориясының маңызы арта береді. Кез келген психологиялық соққының зардабы орта есеппен 1-3 жылда көрініс табады дейтін болсақ, бұл ұғымның өзектілігіне көзіміз жетіп қалар.

Айдана НҰРМҰХАН