Бүгінде Жамбыл облысының даму қарқыны жоғары. Ағым­дағы жылдың өзінде облыс өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы, білім және өзге де салаларда айтарлықтай табысқа қол жеткізді.
Сан салада серпін бар

Сондай-ақ өңірге инвестиция тарту, баламалы электр көздерін өндіру сияқты ірі жобалар да облыс эконо­микасының дамуына айтарлықтай серпін беріп отыр. 

Былтырғы жылдың қорытындысы бойын­­­ша, облыстың жалпы өңірлік өнімі 2 трлн 749 млрд теңгені, ал биылғы қаң­тар-сәуір айларының нәтижесімен эко­но­микалық өсім 103 пайызды құраған. Өз ке­зегінде 2023 жылға арналған облыс бюд­жеті кіріс­тері жоспар бойынша 615,7 млрд теңгені құрайды деп күтілуде. Осы­лай­ша, жам­был­дықтар кіріс көлемін өт­кен жылмен салыстырғанда 10 пайызға, яғни 58 млрд тең­геге артық орындауды көз­деп отыр. Бұ­дан бөлек, өзіндік кірістер бойын­ша жос­пар 129,7 млрд теңге сома­сында бекі­тілген.

Өңірдегі өндірімді тірліктің нәтиже­сін­де аймаққа республикалық бюджеттен бө­лі­нетін қаражат көлемі де артып келеді. Мы­салға, биыл Жамбыл облысына мем­ле­кеттік қазынадан 485,9 млрд теңге қа­рас­тырылған. Тиісінше, бюджет шығын­да­ры 607,9 млрд теңгені, даму бюджеті 102,7 млрд теңгеге жетіп, облыстың өзекті мә­селелерін шешуге бағытталып отыр. Бір ғана әлеуметтік салаға 400,4 млрд тең­ге бөлініп, бұл сома жалпы шығындардың 66 пайызын құрайды. Демек, бұл жылы әлеу­меттің әлеуетін арттыруға бағытталған жұ­мыстар көптеп жүргізіледі деген сөз.

Жекелей тоқталар болсақ, биыл об­лыс­тың білім саласына 317,7 млрд теңге қара­жат бөлінген. Бұл облыс бюджетінің жар­тысынан астам бөлігіне жететінін де айта кету керек. Осылайша, болашақ ұр­пақ­тың ілім-білімге қанығып өсуіне баса на­зар аударып отырған облыс басшылығы былтыр 44 мыңға жуық педагогтердің жалақысын 2 есеге өсіріп, салада сан емес, сапаның басымдық алуына жол ашуда. Сондай-ақ көпбалалы және аз камтылған отбасылардан шыққан балаларды ыстық тамақпен, киім-кешекпен және жазғы сауық­тыру лагерьлерімен қамтамасыз етуге де қыруар қаржы бөлініп отыр. 

Бұдан бөлек, 17 білім беру нысанында 4,4 млрд теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, 25 жаңа білім ны­санының құрылысы жүргізілуде. Олардың 14-і биыл пайдалануға берілмек. 

Әлеуметтік сала жайлы әңгіме қозға­ған­да денсаулық сақтау саласын айналып өте алмайтынымыз белгілі. Жамбыл өңі­рін­де бұл бағыттың бағдары баянды болуы үшін де бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Биыл­дың өзінде облыс медицинасына 13,5 млрд теңге жұмсау жоспарланып, оның аясында 1,7 млрд теңгеге 10 ны­сан­ның құрылысы жүргізіліп, 1,5 млрд тең­ге­ге 10 ғимарат күрделі жөндеуден өтпек. Облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Нұржан Календеров аталған қаражат аймақтағы денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бере­тінін айтады.

– Аталған жұмыстар шеңберінде ха­лық­ты сапалы медициналық қызметпен қам­ту мақсатында 3 ауданда орталық ау­ру­­ха­налар құрылысы мен 3 ауданда көп­бейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаң­ғырту жобаларының құжаттары әзір­лену­де. 

Ал саланы қажетті жабдықтармен жа­рақ­тандыруға бөлінген қаржы көлемі – 3,8 млрд теңге. Сонымен қатар медицина­л­ық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында 10 аудандық ауруханаларға 20 дана реа­ни­мобиль алуға 390 млн теңге, 20 дана сани­тар­лық автокөлік алуға 261,2 млн теңге қарас­тырылған.

Жамбылдықтарды жұмыспен қамтуға ба­ғытталған шаралар да жоспарлы, жүйелі жүр­гізіліп келеді. Бұл мақсаттағы жұмыс­тар жалғасын табуы үшін бюджеттен 13,5 млрд теңге бөлініп отыр. Атап айтқанда, жалақыны ішінара субсидиялауға 262,6 млн теңге, қысқамерзімді кәсіби оқытуға 201 млн теңге, жастар практикасына 

3 780,6 млн теңге, «Күміс жас» жобасына 479,4 млн теңге, ақылы қоғамдық жұмыс­тарға 6 828,5 млн теңге, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 712,9 млн теңге және «Бас­тау-Бизнес» жобасы аясында қайта­рым­сыз гранттар беруге 1,5 млрд теңге жос­парланған. Нәтижесінде, 54,2 мың адам жұмыспен қамтылады. Сол секілді мү­гедектігі бар азаматтарға өмір сүру са­па­сын арттыруға 1,7 млрд теңге бөлінді, – дей­ді Нұржан Сәбитұлы. 

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Тараз қа­ласында 150 орындық мүгедектерді оңал­ту орталығы, әлеуметтік бейімдеу ор­­­талығы және Шу ауданында балаларды оңал­ту орталығы пайдалануға беріліп, 7 әлеу­меттік қорғау нысанына жөндеу жүр­гізіл­мек.

Жалпы алғанда, жаңа нысандар са­лы­нып, кезегі келгендері күрделі жөн­деуден өтіп жатқан тек бұл сала ғана емес. Өйт­ке­ні биылғы жоспар бойынша спорт сала­сын­да 23 нысанның құрылысы басталып, оның 16-сы биыл пайдалануға берілмек. Бұл халықтың спорттық инфрақұры­лым­мен қамтамасыз етілу деңгейін 59 пайызға, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесін 42 пайызға жеткізуге жол ашады. 

Сонымен қатар мәдениет саласында 14 нысанның құрылысы басталып, 4 ны­сан­да күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зілу­де. 

Құрылыс жұмыстарының ең ауқым­дысы тұрғын үй салу ісінде екені белгілі. Бұл бағытта облыста жүргізіліп жатқан жо­балар саны өте көп. Өйткені бүгінде жам­былдықтарды баспанамен қамтама­сыз ету үшін 13,2 млрд теңге бөлініп, бұл қар­жыға 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құ­ры­лысы жүргізілуде. Жыл аяғына дейін 2 564 пәтерлі 45 үйі пайдалануға берілмек. Сонымен қатар ағымдағы жылы 3,3 млрд теңгеге 44 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөн­деуден өтеді деген жоспар бар.

– Тұрғын үй құрылысымен қатар, Әу­лиеатада инфрақұрылымдық жүйелерді жаңарту, жаңадан құрылысын жүргізуге де көп көңіл бөлініп келеді. Осының нә­ти­жесінде 2023 жылға 54 жобаны іске асыру үшін 13,6 млрд теңге бөлініп, 32 елді ме­кеннің тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізбек. Ал газбен жабдықтау бойын­ша 16 жобаның құрылысына 11,8 млрд теңге жоспарланып, биыл 18 елді ме­кен табиғи газбен қамтылмақ. Сол се­кілді автомобиль жолдарының сапасын арт­тыруға 24,7 млрд теңге бөлініп, өңірдегі жақ­сы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 98 пайызға жеткізілмек.

Бұл бағыттағы жұмыстарға өңірімізде 2019 жылы басталған «Ауыл аманаты» жо­ба­сы да үлесін қосуда. Өзінің экономи­ка­лық және әлеуметтік тиімділігін көр­сет­кен жарқын жоба басталғалы 18,3 млрд теңге несие бөлініп, 24 ауылдық округтегі 4 мыңға жуық адам өз кәсіптерін ашты. Ал биылға қосымша 24 млрд теңге бөлініп отыр.

Оған қосымша 26 ауылдық округтегі 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіруді көздеп отырмыз. Яғни, тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұдан бөлек, осы жоба іске асқан елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауыл­дық округтің инфрақұрылымына 9,5 млрд теңге бөлініп, 183 жоба іске асырылуда, – дейді облыс әкімінің орынбасары. 

Бұл қатарға «Ауыл – ел бесігі» жобасын да қосуға болады. Оның аясында биыл 94 елд­і мекенде 275 жобаны іске асыруға 15,3 млрд теңге бөлінген. Жалпы қаралған қар­жыға 6 мектепке жапсарлас ғима­рат­тың, 17 дене шынықтыру-сауықтыру ке­ше­нінің, 15 мәдениет үйінің, 6 денсаулық сақ­тау нысанының, 1 қосалқы электр стан­сасының құрылыс жұмыстары және 7 білім нысанын газбен қамту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар 8 әлеуметтік ны­сан қалпына келтіріліп, 308 шақырымға жуық ауылішілік көшелер орташа жөн­деу­ден өтпек. Айта кетер жайт, бұл жұ­мыс­тарды жүзеге асыру нәтижесінде 920 жұмыс орны құрылмақ.

Міне, осылайша Әулиеата өңірінде құры­лыс қарқын алып, тұрғындардың тұр­мысын түзеуге жан-жақты жобалар жан­дануда. Аталған баянды бастамалар­дың жемісін уақыт көрсетеді. Алайда жыл­да халықтың өмір сүру сапасын жақ­сар­туға ауқымды жобалар жанданып жат­қанының өзі жанға жылу беріп, ертеңгі күн­ге деген сенімді еселеуде. 

 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы