«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жанындағы Miras аймақтық кеңесінің отырысы өтті.
«AMANAT»: Шағынаудандарда кітапхана жетіспейді
1,025
оқылды

Жиынға кеңес мүшелері мен шақырылғандар қатысты. Отырыс барысында Шығыс Қазақстан облысында айтыс өнерін дамыту және «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасы аясында ауылдарда мәдениет нысандарды салу мәселелері қаралды.

«Облысымызда айтыс өнерінің жолы ашылып, айтыскерлерге көңіл бөлінуде деп айта алмаймын. Айтыс халқымыздың киелі сөз өнерінің бір түрі. Келешек ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізу бізге жүктелген міндет. Сондықтан  осы тұста айтыскерлермен айтыс өнеріне мәдениет басқармасы назар аударса екен», – деді кеңес мүшесі, белгілі айтыскер ақын Серік Қуанған.

 

«AMANAT» партиясы төл өнерді әрдайым қолдайды. Өткен жылы партияның қолдауымен дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар айтысынан бөлек, «Бабалар аманаты» айтысын өткізген болатын.

«2023 жылы Глубокое ауданында өтетін Қазақстан Республикасы күні аясында республикалық және Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында айтыс ақыны Серік Шөкеновті еске алуға арналған облыстық ақындар айтысын өткізу жоспарлануда», – деді ШҚО Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Касенов.

«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылы Глубокое ауданының Белоусовка ауылында мәдениет үйі салынатын болады.

«Қаламызда шағынаудандар санының артуына байланысты кітапханалар қажет. Мысалы,  қаладағы 19-шағынауданында бірде-бір мәдени нысан жоқ. Балалар бос уақытын аулада ойнаумен өткізуге мәжбүр. Жастар кітап оқымайды деген қасаң ұстанымнан арылу қажет. Қайта сол баларды кітап оқуға, өзге де үйірмелерге тартуға жұмыс істеу керек», – деді кеңес мүшесі Мерей Қайнарұлы.