«Аstana TV» телеарнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі Базаргүл Нәдірқызы көпірден Жайық өзеніне секірмек болды.
Атырауда журналист көпірден секірмек болды
2,118
оқылды

Атырау қаласындағы орталық көпірден журналист секірмек болды, – деп хабарлайды AtyrauPress.

«Аstana TV» телеарнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі Базаргүл Нәдірқызы көпірден Жайық өзеніне секірмек болды. Қорықпаңыз! Бұқаралаық ақпарат құралының өкілі осылайша әлеуметтік эксперимент жасап, халықтың қалай қабылдайтынын білмек болды.

Көпірдің жақтауына шығып, секіруге оқталып тұрғандай кейіп танытқан журналиске жаны ашып, көмекке ұмтылғандар аз болмады. Өкінішке қарай, селсоқ қарап жанынан өте шыққандар да кездесті.

Бейжай қарамаған атыраулықтар «Секірмеңізші, мен сізге көмектесейінші», «Қандай әдемі әйелсіз!», «Кредитіңіз бар ма, мен-ақ көмектесейінші, жүріңізші!», «Кемпір болсақ та өлгіміз келмейді, райыңнан қайт, айналайын!», «Апа, болашағыңызды ойлаңызшы!» деп ары-бері өткен адамдар жұбату сөздерін айтып, құшақтап жатты. Алайда мұның әлеуметтік эксперимент екенін естісе де, сеніңкіремей біразға дейін басу айтып, қолдап тұрды.

Осы кезде оқиға куәгерлерінің бірі полицейлерге де хабар беріп үлгеріпті. Өзін жұбатқандармен сөйлесіп тұрғанда, құтқармақ болып Бекзат Әділгереев есімді тәртіп сақшысы оқиға орнына жедел жетті. Оның айтуынша, орталық көпірде өзіне қол жұмсайтындар жиі тіркеледі.

Журналистің мұндай қадамға баруының себебі – соңғы жылдары көпірден секіріп, суицид жасауға ұмтылатындар саны көбейген. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, биыл жыл басынан бері 16 адам көпірден секірмек болған. Өкінішке қарай, бір жасөспірімді құтқару мүмкін болмады. Ал былтыр бес айда 11 адам тіркеліпті. Өзіне қол жұмсағысы келгендердің басым бөлігі оқушылар мен студенттер.

Психологтердің айтуынша, өзіне қол жұмсағысы келгендерді күйзелістен шығару үшін суицидолог мамандар ұзақ уақыт жұмыс істеуі қажет.