Еуроодаққа мүше елдер қытайлық Huawei тобының еуропалық телекоммуникациялық жобаларға қатысуын шектейтін болады. Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту үшін Huawei-ге Еуропаның 5G байланысына жабдықтар сатуға тыйым салынбақшы.
5G желісінде Huawei жабдықтарын қолдануға тыйым салынады
1,428
оқылды

Еуроодаққа мүше мемлекеттер ақпараттық қауіпсіздікті күшейту мақсатында тәуекелі жоғары компанияларға тыйым салуды қолға алмақ. Талқылауға қатысқан шенеуніктер ЕО 5G желілерінде қытайлық Huawei телекоммуникациялық тобының қатысуына міндетті түрде тыйым салуды қарастыруда.

Бұл қадамның саяси және экономикалық астарын Financial Times басылымына сілтеме жасап Aikyn.kz түсіндіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: NurPhoto

Еуроодаққа мүше елдердің басым бөлігі әлі де қытайлық Huawei тобының еуропалық телекоммуникациялық жобаларға қатысуын шектейтін шешімдерді қабылдауды созып отырғаны айтылуда. Брюссель ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде жоғары тәуекелі бар компаниялардың технологиялық инвестицияларын шектейтін ұсыныстарына қарамастан, ЕО елдерінің үштен бір бөлігі ғана Huawei-ге 5G байланысына қол жеткізуге тыйым салғанын хабарлады.

«Бұл тым аз. Ал бұл одақтың ұжымдық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде», – дейді Еуропалық одақтың ішкі нарық комиссары Тьерри Бретон.

2020 жылы ЕО-ға мүше мемлекеттер бірауыздан қабылдаған ұсынымдар сертификаттау талаптарынан бастап технологиялық жабдықтарды жеткізушілердің қызметін бақылауға дейінгі мәселелерді қамтиды. Ал Германия сияқты мемлекеттер айтылған компанияға қатысты тыйымды ескермесе, Huawei сияқты қауіпсіздікке нұқсан келтіретін компанияларға ЕО міндетті түрде тыйым салуы мүмкін екені айтылуда.

Бұл проблема бойынша Еурокомиссия түсініктеме беруден бас тартқан. Сарапшылар мәселенің саяси астарын ескере отырып, тыйым салуды мәжбүрлейтін жаңа ережелердің қабылдануы 2024 жылға дейін екіталай екенін айтуда.

Фото Bloomberg сайтынан алынды. Авторы: Wolfram Schroll

Huawei болса кибер-қауіпсіздікті бағалауды саясиландыруға қарсы екенін мәлімдеуде. «Технологиялық стандарттарды сақтамай, кибер-қауіпсіздік тәуекелдерін бағалау немесе тиісті технологияны бағалаусыз жүйеден нақты өндірушілерді шығару әділдік және кемсітушілікке жол бермеу қағидаттарын бұзады. Сондай-ақ Еуропалық одақтың заңдары мен ережелеріне қарсы шешім болмақшы», – дейді компания өкілдері.

Компания сот органдарының «Huawei компаниясының зияткерлік меншікті қасақана ұрлаумен айналысқанын немесе басқалардың зияткерлік меншік құқықтарын бұзғаны үшін жауапқа тартпағанын» айтуда.

Фото Bloomberg сайтынан алынды

Вашингтон Huawei-ді америкалық компаниялардың мәліметтері мен технологияларын ұрлайтын, Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды бұзатын және ФБР-ға жалған мәлімдемелер беретін «қылмыстық кәсіпорын» деп айыптауда. АҚШ өзінің одақтастарын компанияның маңызды коммуникациялық инфрақұрылымдарға қол жеткізуге тыйым салуға шақырды.

Германияның ресми өкілдері болса Deutsche Telekom мен Huawei арасындағы әріптестік қатынастарға алаңдаушылық білдірді. Осы жылдың басында Берлин өзінің 5G инфрақұрылымында қытайлық жабдықтарды пайдалануды және заңды өзгертетінін мәлімдеген.

Брюссельдегі талқылауларды жақсы білетін шенеуніктер, егер Еуропалық одақ Huawei-ге тыйым сала алмаса, Украинадағы соғысқа дейін одақ Ресейдің энергия көздеріне сүйенгені сияқты, Қытайға «ұзақмерзімді тәуелділікке» ұрынатыны туралы ескертті.

«Біз басқаларға тәуелді болудың қандай екенін білеміз», – дейді кейбір ЕО шенеуніктері. Соңғы ескертулер ЕО ішінде Қытайға технологиялық тәуелділікке қарсы пікірталас қарқыны күшейген кезде жасалды.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Kevin Frayer

Өткен аптада ЕО елдерінің телекоммуникация министрлерімен кездесуде ішкі нарық комиссары Бретон қытайлық компаниялармен тым жақын байланыстың тәуекелдерін ескертті.

«Менің мүше мемлекеттерге негізгі жолдауым зардабын түзету қиын болатын үлкен осалдықты тудырмау үшін шұғыл әрекет ету қажеттілігін еске салу болды», – дейді ол. ЕО қазірдің өзінде энергетика саласындағы геосаяси тәуекелдерді төмендетті», – деді ол. «Біз 5G желілері үшін де солай істеуіміз керек,  біз қаруға айналуы мүмкін маңызды тәуелділіктерге жол бермеу керекпіз».

Мұндай саяси және экономикалық себептері бар мәлімдемелер еуропалық елдердің маңызды телекоммуникациялық инфрақұрылым жасауда Қытайға тәуелділікті қайта бағалау кезінде жасалды. Жан басына шаққанда Қытай инвестициясын Еуропадағы ең ірі таратушылардың бірі болғанына қарамастан, Португалия Huawei-дің 5G жабдықтарына тыйым салуға дайындалып жатыр. Дания, Швеция, Эстония, Латвия және Литва, сондай-ақ Ұлыбритания 5G инфрақұрылымын салуда Huawei-ді қатыстыруға тыйым салды.