Placeholder
Спорт25 наурыз 2024, 13:00

Астанада жаңа дзюдо орталығы ашылды

Елорданың жаңа Нұра ауданында «Kodokan Spirit» атты көп функциональды спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Астана қалалық спорт басқармасы мәлім еткендей, бұқаралық спортты дамыту және жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулу мақсатында Қазақстанда екінші «Kodokan Spirit» көп функциональды спорт кешені іске қосылды.

Бұған дейін алғашқы орталық 2021 жылы Орал қаласында ашылған болатын.

Аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын ғимаратта бір мезетте 1000-ға жуық жас спортшылар дзюдомен айналыса алады. Зал 180 орындықпен, олимпиадалық сапалы жапон татами төсеніштерімен, заманауи желдету және жарықтандырумен жабдықталған. Сондай-ақ спорт кешенінде топтық сабақтарға арналған екі шағын бөлме, ата-аналарға арналған ыңғайлы күту алаңы және атақты Oneshott брендінің кофеханасы бар.

Ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит арнайы қатысты.

«Қазіргі таңда елордада дзюдомен айналысып жүрген жастар күннен-күнге артып келеді. Жалпы қалада 3500 ересек және жасөспірімдер дзюдомен белсенді айналасуда. 290 дзюдошы кәсіби тұрғыда шұғылданады.

Қала әкімдігі спортшыларды қолдау мақсатымен Астанада алғашқы дзюдо орталығын ашуда! Болашақта Олимпиада ойындарында алтынды әперетін, еліміздің абыройын асқақтатар жерлестеріміз осы жерден шығатынына сенемін!» — деп, Астана қаласының әкімінің орынбасары Есет Байкен үлкен үміт күтетіндігін жеткізді.

Шындығында да, дзюдодан елімізде алғашқы әлем чемпионы атағына 2009 жылы 100 келі салмақта Максим Раков қол жеткізсе, Олимпиада ойындарында Асхат Житкеев, Елдос Сметов, Галбадрахын Отгонцэцэг күміс, қола медаль жеңіп алды. Алайда дзюдо спортына деген қызығушылық жоғары болғанымен, Олимпиада чемпионы атағы бұйырмай келеді.

Дзюдо спортының маманы Жандос Қонысбаевтың айтуынша, 25 жыл ішінде Астана қаласында дзюдо секциялары әр жерде кішігірім ғана болса, енді олардың басын біріктіру мүмкіндігі берілді.

Бір ерекшелігі, Астана қаласы дзюдо федерациясының президенті Ғайса Жұмағалиев бұл кешенді мемлекеттің бюджетімен емес, инвестициялық жобаның арқасында ашты.

 

Kodokan Spirit дзюдо орталығы Астана

Тақырыпқа жаңалықтар