Placeholder
ФОТО: Depositphotos
Қазақстан жаңалықтары18 сәуір 2024, 7:37

Ақтөбедегі қоғамдық қорға 600 млн теңгеге жуық қаржы жиналды

Сәуірде ашылған «Қамқор – Ақтөбе 2024» қоғамдық қорының есепшотына 600 млн теңгеге жуық ақша түсті. Қаржы су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

Ақтөбе облысында қазіргі кезде техникалық бағалау, мүліктің шығын құнын есептеу комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Шығын төтенше жағдай негізінде өтеледі. Сонымен бірге құжаттары дұрыс рәсімделмеген, су тасқыны кезінде шығынға батқан адамдарға көмек «Қамқор – Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры арқылы беріледі. Бүгінде қорға 600 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді.

«Ақтөбе қаласы аумағындағы саяжай үйлерінің кейбірінде құжат дұрыс рәсімделмеген. Бұл шығынды өтеу кезінде қиындық тудырады. Қорға түскен қаржы осы мәселелерге шешуге бағытталмақ. Қорға 581 991 000 теңге қаржы түсті. Көбін екінші деңгейлі банк аударды. Сонымен бірге ірі кәсіпорындар 50 млн теңгеден қаржы бөлді. Қарапайым тұрғындардың да үлесі зор», - деді «Қамқор – Ақтөбе 2024» қоғамдық қорының мүшесі Қуантқан Әлімов.

Қоғамдық қорға облыстық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері мүше. Қор мүшелері кәсіпорын, өндіріс орындары басшыларымен, кәсіпкерлермен кездесіп, көмек көрсетуге шақырды. Сонымен бірге ірі мұнай-газ, тау-кен компанияларына сұраныс хат жіберді.

«Биыл табиғи апаттың ауқымы үлкен. Сондықтан қоғамдық қор құрып, оны ашық жүргізу бірқатар проблеманы ақылдаса отырып шешуге мүмкіндік береді. Бірінші орында – баспана мәселесі. Қор да осы жағына басымдық береді. Ең бірінші «Ақтөбе» футбол клубы ойыннан түстен қаржыны беріп отыр. Ал Димаш Құдайбергеннің қаржысы Ақтөбенің есепшотына емес, республикалық қорға түсті. Әзірге қорға түскен қаржының бір тиыны да жұмсалмады. Оны бөлу кезінде комиссия шешім қабылдайды», - деді қор мүшесі Жаңалық Ахаш.

қоғамдық қор Ақтөбе Тасқын 600 млн

Тақырыпқа жаңалықтар