Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Тобыл өңірінің фермерлері астығын өткізе алмай отыр

29.03.2023ж. 18:00
763
Тобыл өңірінің фермерлері астығын өткізе алмай отыр

Тобылдық фермерлер биыл жинаған астықты өткізе алмай отыр. Өйткені нарықты көрші мемлекеттің бағасы төмен бидайы жаулап алған. Жергілікті диқандар сырттан астық кіргізбеу жолдарын қарастыру қажет дейді. Бұл мәселеге қатысты бүгін Президент те айтты. Халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия қарастырылады. Мемлекет басшысы мұнан басқа тағы бірнеше тапсырма берді. Толығырақ Заңғар Санай айтады.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Тек Тобыл өңіріне күн сайын жүздеген жүк көлік Ресейден арзан астық тасиды. Жергілікті фермерлердің болжамына жүгінсек, бір күнде елімізге 30 мың тоннаға жуық бидай жеткізіледі.

Трейдерлер Ресейден жеткізілген астықтың тоннасын 80 мың теңгеден сатып алып, экспортқа жөнелтуде. Ал отандық өнімге сұраныс жоқ. Сондықтан құны да құлдырап барады. Өткен күзде фермерлер өнімнің тоннасын 120 мың теңгеден өткізген екен. Сол тұста азық-түлік корпорациясы 115-123 мың теңге аралығында баға белгілеген. Дәл осы бағамен тағы астық сатып алса талай шаруа тығырықтан шығар еді дейді диқандар.

Марат АХМЕТОВ, «ФЕРМЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ҚОФ» ТӨРАҒАСЫ:

Корпорация да осындай жағдайды көріп отырғанда тым болмаса 1 миллион тонна сатып алса тауар өндірушілерден. Онда нарықта тағы да баға көтеріледі. Диірменшілерде қарсы емес. Өйткені олар алдында 115-120 мың теңгеден алды.Қазір ұндарын өткізе алмай отыр. Май істейтін зауыттар майларын да өткізе алмай отыр.

Дер кезінде демеу қаржының берілмеуі де жергілікті фермерлерге «жығылғанға жұдырық» боп тұр. Айтуларынша былтырдан бері субсидия ала алмай жүрген шаруалар бар. Биыл аймақтың ауылшаруашылық саласына 43 миллиардан астам қаражат қарастырылған. Қомақты сомманың 1 миллиард 700 миллионы диқандарды қолдауға бағытталады.

Нұрсұлтан ҚАБДЕЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жаңа ақпараттық жүйеге көшуге байланысты көптеген қиындықтар туып жатыр.Барлық проблемалық сұрақтарды біз уақытында ауыл шаруашылық министрлігіне жеткізіп жатырмыз.

Мемлекет басшысы сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің алғашқы сессиясының ашылуында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөнінде айтты. Бұл мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс.

Президент ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет екенін және бұл жұмысқа «Ауыл» партиясы араласатынына сенім білдірді. Астықты өлкедегі шаруалар осыған үміт артып отыр.