Астанада Мемлекеттік Гимнді жаппай орындау бойынша акция өтеді

21 Қазан 2022, 22:12
1323
Бөлісу:
Астанада Мемлекеттік Гимнді жаппай орындау бойынша акция өтеді

Елордада мерекеге орай Мемлекеттік Гимнді жаппай орындау бойынша акция өтеді. Бұл туралы бүгін Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов айтты, деп хабарлады BAQ.KZ.

Елордалықтарды алда келе жатқан ұлық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Ел егемендігі жолында жұмыла еңбек етіп, Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қосайық, - деп сөзін бастады Дәурен Бабамұратов.

Республика күніне орай елордада 200-ден астам түрлі іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың жартысы бүгінге дейін өткізілді.

Мереке аясында елордада және әр ауданда әртүрлі саланың еңбек сіңірген қызметкерлері, еңбек ардагерлері, батылдық танытқан азаматтар марапатталады. Сонымен қатар, мереке күні қалада тұрғын үйлер және т.б. пайдалануға беріледі. Бұл күндері білім беру ұйымдарында дөңгелек үстелдер, пікірталас турнирлері, көрмелер, танымал адамдармен кездесулер, конференциялар, шығармашылық конкурстар, эсселер мен оқырмандар конкурстары өткізіледі, - деді Ішкі саясат басқармасының басшысы.

Айтулы датаға орай елордада балалар мен оқушыларға арналған арнайы тақырыпқа бөлінген көрмелер, еліміздің өткен тарихы туралы танымдық сағаттар, концерттер, қойылымдар, спорттық біріншіліктер және т.б. маңызды іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ білім беру ұйымдарында дөңгелек үстелдер, пікірталас турнирлері, көрмелер, танымал адамдармен кездесулер, конференциялар, шығармашылық конкурстар, эсселер мен оқырмандар конкурстары ұйымдастырылып жатыр.

Қосымша білім беру мекемелері Республика күніне орай «Туған елім – Қазақстаныма арнаймын» атты салтанатты концерт, жас суретшілердің «Қазақстанның болашағы бала көзімен» көрмесі, «Ән-жырым саған арналады» жас музыканттар байқауы сияқты іс-шаралар ұйымдастырды.

Барлық білім беру мекемелерінде еңбек ардагерлерінің, Қамқоршылық кеңес өкілдерінің, депутаттардың, жауапты саяси қайраткерлердің қатысуымен салтанатты жиындар өтеді, оның барысында оқушыларды ерекше жетістіктері үшін, мұғалімдерді еңбегі үшін марапаттау жоспарланып отыр. Ал соңында Мемлекеттік Гимнді жаппай орындау бойынша акция өтеді, - деді Бабамұратов.

Астананың мәдениет мекемелері де ұлттық мерекеге орнайы арнайы бағдарламалар дайындады. Мейрамға орай қалада 30-дан астам іс-шара өтеді.

Республика күніне орай 25 қазанда Роза Рымбаеваның шығармашылығына арналған концерт өтеді. Кеш қонақтары: Дилназ Ахмадиева, Жұбаныш Жексенұлы, Айгүл Елшібаева, Әли Оқапов. Концерт сағат 18.00-де.

24 қазан күні сағат 19:00-де «Наз» мемлекеттік би театрының «Республикам – Қазақстан!» концерті өтеді. «Қазақстан» орталық концерт залында 25 қазан күні сағат 18:00-де Республика күнін мерекелеу аясында Роза Рымбаеваның шығармашылығына арналған концерт ұйымдастырылады. Сол күні сағат 16:00-де ЕХРО көрмесінің алаңында «Қазақстаным менің!» концерті өтеді, - деді Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Камзин.

Бейбітшілік және келісім сарайында сағат 19:00-де «Мәңгілік ел дауысы» концерттік бағдарламасын тамашалауға болады.

Сонымен қатар, 22-30 қазан аралығында Астанада екінші рет «ТЕАТРALL» халықаралық театр фестивалі өтеді. Биыл ол Республика күніне және театр мен киноның көрнекті режиссері, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған.

Фестивальге 14 театр қатысады – 8 қазақстандық және 6 шетелдік.  Театр апталығының салтанатты ашылуы 22 қазан күні сағат 19:30-да мемлекеттік драма және комедия театрында өтеді. Онда мэтр Әзірбайжан Мамбетов қойған Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі ұсынылады, - деді Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары.

Сондай-ақ Астанада Республика күніне орай мерекелік отшашу болады.

Астанада демеушілік қаражат есебінен Республика күні мерекелік отшашу өтеді. Фейерверк 25 қазан күні сағат 21:00-де қаланың екі жерінде ұйымдастырылады. Атырау көпірі маңында (қала жағалауы) және Ботаникалық бақ аумағында, - деді Камзин.

Өзгелердің жаңалығы