«Ауылға барған дәрігер тұрақтамайды». Министр жергілікті әкімшілікті кінәлады

19 Наурыз 2023, 22:07
1510
Бөлісу:
«Ауылға барған дәрігер тұрақтамайды». Министр жергілікті әкімшілікті кінәлады
Фото: скрин

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылды елді мекендерде дәрігер тапшы екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауылда мәселелер бар. Қазіргі таңда ауылға 1000-ға жуық дәрігер жетіспейді. Жыл сайын 3000 маман дайындаймыз. Оның мыңға жуығы ауылдық жерге баруы тиіс. Алайда қызмет етуге барған жастар үй-жай мәселесімен көп тұрақтамай кетіп қалады. Олардың жағдайын жасау керек. Жас мамандарды қолдау қажет, – деді ол Qazaqstan ұлттық арнасының тікелей эфирінде өтіп жатқан онлайн марафонда.

Ажар Ғинияттың айтуынша, бұл жергілікті әкімшіліктердің міндеті. Арнайы жобада министрлік бірлесе жұмыс істейтін болады.

Мәселен, жергілікті өңірге 200 маман жібереміз. Ал жергілікті әкімдік оларға жәрдемақы мен үй-жай мәселесін шешіп беруі тиіс. Дәрігер ауылға барғанда "мен үйімді қалай жылытамын" деп басын қатырмауы керек, ол жұмысымен айналысуы керек. Жас мамандарды тұрғылықты жерде ұстап қалу қажет, – деді Ғиният.

Ведомства басшысы жас мамандарға Қостанай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысының өңір әкімшілігі 5 млн-ға дейін жәрдемақы беретінін атап өтті. Министрдің сөзінше, ауылдық жерге баратын дәрігерге екі есе көп жағдай жасалуы тиіс, сонда ғана мамандар өңірде тұрақтайды.

Өзгелердің жаңалығы